Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыздар неге қатыгез болып барады?

Қыздар неге қатыгез болып барады?

Бүгінде ер балалар былай тұрып, қыздар жиі қырқысатынболды. Бұрын бұндай ілеуде бір болды ма әлде әлеуметтік желі дами қоймаған соң аңғармадық па әйетуір «қыздар төбелесті» дегенді ара-тұра бір еститінбіз. Тіпті таң қалып та, таңырқап та қалатынбыз. Қазір қыздар «қырылыпты» деген тіркеске құлағымыз үйреніп, етіміз өліп барады. Әлеуметтік желіден төбелестің түр-түрін көріп отырмыз. Көкейге келетін бірден-бір сұрақ: «Осыларға не жетпейді?» одан қалды «Ата-анасы не қарап отыр?» деп күстаналаймыз. «Қызым үйде, қылығы түзде» деп қазақ бекер айтпаса керек?! Қай ата-ана қызым «төбелескіш» болсын деп тәрбиелейді деп тағы ойланамыз. Қыздар неге қатыгез болып барады? Ұяңдық пен нәзіктікті қайда жоғалттық? Осы орайда қыз балалармен тығыз қарым-қатынас орнатып жүрген мамандардың пікіріне құлақ түрген едік.

Жәния БИСЕНОВА:психолог:
Ата-ана сөзімен емес, ісімен үлгі болуы керек
Бүгінгі күні шынында да қыз тәрбиесінің тізгінін босатып алдық. Дана Абай: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады. Біріншісі ата-анадан, екіншісі, ұстаздан, үшіншісі, құрбысынан» дейді. Осыны тарқатып айтар болсақ, ата-ана күнделікті күйбең тірлікпен қанша жерден шаршап тұрса да, баланың тәрбиесіне немқұрайлы қарамауы керек. Қазір «мен шаршадым» деп жауапсыздық танытса, зардабын кейін көреді. Осыорайда жерлесіміз, математик Асқар Жұмаділдаевтың «Дара жол» бағдарламасында журналсит Дана Нұржігітке берген сұхбаты есімнен кетпейді. Асқар ағамыз:«Менің баланы тәрбиелеуге уақытым жоқ. Мен теледидар көрмеймін, телефон ұстамаймын. Компьютерде босқа уақыт өткізбеймін. Дұрыс емес нәрселермен айналыспаймын. Арақ ішпеймін, темекі шекпеймін. Балам мені көріп өседі» деді. Расында да бала көргенін жасайды. Егер де әкесі өзі темекі шегіп тұрып: «Ұлым, қызым темекі шекпе. Ол денсаулыққа өте зиян» десе, анасыөзі телефонмен сөйлесіп отырып, бір құрбысына екінші құрбысы туралы ұнамсыз сөздер айтып:«Қызым біреу туралы дұрыс емес пікір айтуға болмайды» десе, ол ұлға да, қызға да өтпейді. Өйткені бала естігенін емес, көргенін жасайды. Ата-ана – айна.
Одан кейін ұстаз.Қазір қоғамда ұстаздың ата-ана үшін де, бала үшін де рөлі жоқ. Неге? Өйткені кез келген жағдайда ата-ана баласының, өзгенің көзінше ұстаздың беделін түсіріп жатады. Отбасында: «Балам ол ұстаз. Ұстаздың айтқанын орындау керек» деп айтылып отырса, онда баланың да ұстазға деген көзқарасы өзгереді. Бұл жерде ата-ана өзі де ұтар еді. Үшінші,қызыңыздың құрбысы кім? Ол кіммен арласады? Ол құрбысы немен айналысады? Оның отбасындағы адамдар қандай? Бос уақытын қалай өткізіп отыр? Осы нәрселерге ешқашан назар аударылмайды. Сондықтан қыз болсын, ұл болсын қараусыз, өз білгенін жасайды.
Сондай-ақ әке мен ананың бір-біріне деген мейірімі мен махаббаты балаға сезіліп тұруы керек. Ал бізде керсінше отбасында үнемі кикілжің болатын, тіпті қол жұмсап та жататын жайттар жиі кездеседі. Осыны көріп отырған баладан қандай мейірім, қамқорлық күтеміз? Қыздың бойында өшпенділік пайда болып, айналасына кектенеді. Ол өзінің ата-анасына айта алмағанын сырттан өзгелерден алады. Үйінде көргенін өзгелерге жасайды.
Маман ретінде жеке кабинетіме ата-аналар балаларын әкеледі. Көбіне мен баланы емес, ата-ананықабылдаймын. Осы уақытқа дейінгі жұмыс тәжірбиемде көзім жеткені әке мен ананың арасындағы қарым-қатынас дұрысталса, баланың да жағдайы қалыпқа келеді. Мәселе баладаемес, әке мен анада. Көп ата-ана материалдық жағдайын жасасам болды деп қате ойда болады.
Отбасындағы тәрбие тіпті адамның тағдырын шешеді. Кез келген ата-ана отбасы алдындағы жауапкершілігін сезіну керек. Отбасында мейірім мен махаббатқа қанығып өскен бала сыртқа шығып ешкімге агрессия танытпайды. Тағы айтпағым, ата-ана баланың күн тәртібін қояғаны дұрыс. Баланың миы бос болмауы керек. Айналысатын ісі болмаса, ұнамсыз тірліктер жасап бастайды. Әлеуметтік желіні қолдануын да тексеріп отыру керек. Баланы өскен кезде тәрбиелей алмайсың. Бүлдіршін кезінен өзіңе сырлас дос қылғаныңыз жөн. Сізге қорықпай, қымсынбай сырын жайып сала алатындай болуы керек. Өзімнің ата-ана ретіндегі тәжірибеммен бөлісер болсам, 6-сынып оқитын қызым бар. Есімі Кәусар. Оның күн тәртібі қойылған. Апатасына екі рет ағылшын, түрік тілін оқиды. Математикаға дайындалады. Ұстазы Лондонда. Орыс тілін де үйреніп жатыр. Күнде кешке үш бет кітап оқымай, ұйқыға жатпаймыз. Телефонды күніне 40 минут ғана қолданады. Онда да қажетті деген мәліметтер қарау үшін. Былай қарасаңыз, қызымның бар уақытын алып жатқандай көрінеді. Алайда бұның барлығына күнделікті 1 жарым сағат ғана кетеді. Қаншама тірлігім тұрса да қызыммен бірге кітап оқимын. Себебі, қызым менен көргенін істеуі керек.

Перизат САХИЕВА,
Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Қызыңды тәрбиелесең – ұлтыңды тәрбиелегенің
Қазақ халқы қыз-болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп, оның тәрбиесіне баса мән берген. Алайда көпшіліктің қазіргі қыздар тәрбиесіне көңілдері тола ма?Ұлыңды тәрбиелесең – халқыңды тәрбиелегенің, қызыңды тәрбиелесең – ұлтыңды тәрбиелегенің деп халық бекер айтпаған. Қыз тәрбиесі – бүкіл ұлттың түп тамырын тәрбиелегенмен тең. Қазақ қызды қырық үйден тыйып ұстап, тәрбиесіне аса қатты мән берген. Көпшілік алдында өзін сыпайы ұстап, биязы да байсалды, салмақты болу керектігін айтып отырған. Өз-өзін ұқыпты, тиянақты ұстап, таза жүруге үйреткен. Себебі, келешек ана болар қыз өзін қалай ұстаса, балашақта көрген өнегесін өскелең ұрпаққа жеткізіп отырған.
Бүгінгі таңда барлық бұқаралық ақпарат құралдары болсын, өмірде де көтеріліп жатқан негізгі дау-дамайлар мен түрлі текетірестер осы қыз баласына келіп тіреледі. Кез келген әлеуметтік желіні ашып қалсақ, қыз баласының тағдыры талқыланып жатады. Етегі жасқа толып, ағынан жарылып, қанша ақталса да аяқтан шалып, көрер көзге кері кетіп, одан сайын таптап отыратындар да табылады. Пікір айтқанға да, пікірді қабылдаған адамға да түптеп келгенде ең бірінші берілген тәрбиесі өз келбетінің айнасы болып тұрады. Яғни, әрбір істің бастауына келіп тірелері-тәрбие. Қыз өсіруге бөлінген тәрбие – болашақ ана болғанда ұлдың да қыздың да болашағын айқындайтын тәрбие тұғыры.

Гүлнәр КҮЗЕМБАЕВА, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Отбасындағы еркелік шектен шықпағаны дұрыс
Біріншіден, отбасында тәрбиенің жоқтығы. Тағы да қайталап айтқым келеді, күнделікті күйбең тіршіліктің әуресімен жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтіндер көбейді. Қазақ: «Баланы жастан» деп бекер айтпаған, қызыңыз өсіп, бойжеткен соң, ақылыңызды жүре тыңдайды, тіпті, күле тыңдайды. Екіншіден, үйдегі берекесіздік. Күнделікті ұрыс-керіс те қыздың қитығына тиеді. Әкесі арақ ішіп келіп, аузына келгенін «оттап» жатса, шешесі бажылдап, небір ұятсыз сөздерді төпелеп жатса, қыздары қайда бармақ? Үшіншіден, қыздардың ортасы нашар болса, онда небір көргенсіздіктің орын алады.
Кейбір ата-аналар балаларын шектен тыс еркелетіп жібереді. Тіпті, «біреу бірдеңе десе, өзіме айт, жанын шығарамын» деп бала кезден құлағына құйып қояды. Әр ата-ана баласын қорғайтыны, ешкімге беталды ұрыстырып немесе ұрғызып қоймайтыны белгілі. Дегенмен сол жанашырлығыңызды балаға «саған тиіскенді аямаймын» деп ашықтан-ашық айтпаған жөн деп санаймын. Өйткені, «мені әкем немесе анам қорғайды» деген сеніммен бала екінші біреуге зәбір көрсетуі әбден мүмкін.
«Бұрындары ұстазға деген құрмет ерекше болатын. Тіпті көшенің арғы басында мұғаліміміз келе жатса, үйге қарай тығылатынбыз» деп үлкендеріміз айтып отырады. Біздің толқында да солай. Ұстазымызды көшеде көріп қалсақ, қысылып, қымтырылып қалатынбыз. Үйде ата-анамызда «Ағайыңды, апайыңды сыйла» деп үнемі айтып отыратын. Бүгінгі баланың барлығы ұстаз сыйламайды деуден аулақпын. Тәрбиелі, тәртіпті шәкірттеріміз жеткілікті шүкір. Дегенмен ара-тұра ережеге бағынбай есерсоқтыққа бой алдыратындар бар. Студенттеріміздің ата-аналарымен тығыз байланыс жасап, қыз баланы тәрбиелеуде бірлесе тер төгіп келеміз. Ең бастысы бәр адамның санасына да байланысты. Десе де отбасындағы еркелік шектен шықпағаны дұрыс деп есептеймін.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

27 ақпан 2024 ж. 110 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031