Таяу уақытта Алматыда тағы жер сілкіне ме? Сейсмологтар жауап берді
Фото: azh.kz
Қаңтардың 22 - сінен 23 -іне қараған түні, сағат 0:09 шамасында Алматы қаласында қуаты 4-5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан, Қытай шекарасы аумағында сезілді. Осыған орай жауапты орган басшылары мен Сейсмологиялық институт мамандары брифинг өткізді, – деп жазады Egemen.kz.
Дәл қазір Алматы қаласында 384 халықты қабылдау пункті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 8 727 278 20 83, 8 727 278 20 84 номерлері бойынша жедел желі байланысы іске қосылған.
Брифинг барысында сейсмолог мамандардан таяу уақытта Алматы қаласында тағы қуатты жер сілкінісі қайталана ма деп сұралды. Сауалға Сейсмологиялық институт директоры Дәулет Сәрсенбаев жауап берді.
«Кеше түнде 4-5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Осы мезетте қатар жер сілкінген шекаралас Қытай, Қырғызстан елінде жерасты 100-ге жуық дүмпу болған. Бізде бұл көрсеткіш - 5 автошок шамасында. Таяу уақытта қуаты мұндай жер сілкінісі 100 пайыз болмайды. Былтыр Түркия-Сирия аймағында болған жер сілкінісінен кейін әлі күнге жерасты дүмпулері тіркеліп жатыр. Біздің елде де солай болуы ықтимал. Алайда мұндай дүмпулердің қуаты сезілмейді», деді Дәулет Сәрсенбаев.