Жолдау: «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары »

Ел Президенті дәстүрлі Жолдауында алдымен атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Сонан соң қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның келешекке кемел қадам басуын қамтамасыз ету үшін батыл да маңызды бастамаларды көтерді.
«Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», - деді Президент.
Мемлекет басшысы «Жер аманаты» жобасымен игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғандығын атап өтті. Сонымен бірге партия және үкіметпен бірлесе жүзеге асырып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының елге қажет екенін айтты.
Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру маңыздылығына тоқталып, бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атады. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырғанын және жобаның тиімділігіне тоқталып, Үкіметке партиямен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Саяси, экономикалық реформалардың, игі бастамалардың бәрі осыған бағытталған. Ендігі кезекте барлық міндетті іске асыруда тұтас ел болып атсалысуға шақырамын.
Нұрғиса Жалғасбаев,
«AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты