Білім беруді дамыту тұжырымдамасы бекітілді
2025 жылға қарай елімізде 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланып отыр.Үкімет отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, деп жазады inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Құжатта барынша биік мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған. 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізетін болады. Ата-аналар білім беру жүйесіндегі "жан басына қаржыландыру" принципі бойынша кез келген бала-бақшадан орын таңдай алады. Сонымен қатар құжатта балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын іске асыру шаралары көзделген", – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, шағын комплектілі мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін "Мобильді мұғалім", "Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы", "Қамқор жанұя" жобалары енгізіліп жатыр.
"Жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл колледж түлектерінің 75%-ын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау жүруде, сондай-ақ беделді шетелдік университеттер филиалдарының саны да артады", – деді ол.
Сонымен қатар 2026 жылға қарай бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге өседі.
Айта кету керек, Үкімет отырысынд,а білім беру сапасын кешенді жақсарту бойынша Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ білім берудегі қызметтерді цифрландыру туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасаған болатын.