Қант қызылшасының егіс алқаптары екі есеге ұлғаяды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді.
Кешенді жоспар қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайту, жаңа суармалы жерлерді іске қосу, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын арттыру міндеттерін көздейді, деп жазады inbusiness.kz Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде осы бағыттар бойынша Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар қолға алынып, жоспарлы межелер белгіленуде. Аймақта тәтті түбір алқабы жыл сайын ұлғая түсіп, өнімділігі арту үстінде.
Ағымдағы жылы қант қызылшасы 5,5 мың гектарға егілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе артады деп күтілуде. Оған мемлекет тарапынан қолдау ретінде төленетін субсидия көлемінің 15 теңгеден 25 теңгеге (1 келісіне) өсуі айрықша серпін беріп отыр.
Бұл туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов атап өтті.
- Биыл жалпы 5,5 мың гектар тәтті түбір алқабынан 214,4 мың тонна өнім жиналады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытқа дейін 160 гектар алқаптан 12 946 мың тонна өнім жиналса, оның 11 076 тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Облыс бойынша әр гектардан алынған орташа өнім 630 центерді құрауда. Жинау жұмыстарына 30-дан аса техника жұмылдырылған.
Жалпы 2022 жылы қант қызылшасы өнімінің сатып алу бағасы тоннасына 30,0 мың теңгені құрайды. Яғни, қант зауыты өткізілген өнімнің тоннасына - 15,0 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан - 15,0 мың теңге субсидия төленеді. Ал, 2023 жылы баға 40,0 мың теңгеге көтеріледі. Атап айтқанда, қант зауыты қызылшаның әр тоннасына 15,0 мың теңге төлесе, мемлекеттік қолдау 25 мың теңгеге жетеді. Нәтижесінде тәтті түбір алқабы келесі жылы 10,0 мың гектарға жеткізіледі,-дейді Е. Жиенқұлов.
Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, қант зауыттары жұмысты дұрыс ұйымдастырып отырған барлық шаруалардың 65-70 пайызын тұқыммен қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда әр гектардан алынатын орташа өнімділік бойынша Меркі ауданының көрсеткіші өзгелерден озық болып отыр (800 ц/га), Жамбыл ауданында – 455 ц/га, Байзақта – 410 ц/га, Шу ауданында – 350 ц/га құрауда.
Меркі ауданындағы "Сыпатай батыр" ЖШС директоры Қанат Шайхиевтың айтуынша, биыл балтамырдың шығымы жақсы. Ағымдағы жылы қожалық 130 гектар алқапқа тәтті түбірді орналастырған. Қазіргі таңда алқаптың 50-60 гектары жиналған. Ал қант зауытына 3,5 мың тонна өнім өткерілген.
- Бұған дейін 70-80 гектар алқаппен шектеліп келсек, биыл қант қызылшасы алқабын 130 гектарға дейін жеткіздік. Бұл алқаптарды ұңғымалар арқылы жаңбырлатып суару қондырғысымен ылғалдандырдық. Өнімділігі жоғары. Алдағы жылы алқап көлемін 250 гектарға жеткізу жоспарымызда бар,- дейді серіктестік директоры.
Серіктестік тұқымды Франция мемлекетінен тапсырыспен алдырған. Мұнда балтамырдың "Эйдар" сұрпы орналастырылған.
Сондай-ақ, қант қызылшасын қабылдау жұмыстарын қызу атқарып жатқан "Меркі қант зауыты" ЖШС директоры Нұржан Қарғабаев бүгінге дейін 14 мың тоннадан астам балтамыр жиналғанын жеткізді. Күніне 2,5 мың тонна өнім қабылданып, шикізат қоры жинақталуда. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 2,5 мың тоннаны құрайды.
- Қант тапшылығын болдырмау мақсатында зауыт үздіксіз жұмыс істеуде. Жиналған тәтті түбірді өңдеуді осы айдың 12-сі күні бастаймыз. Қазіргі таңда зауытта 340 адам жұмыс істеуде. Өңдеу жұмыстары күшейтілгенде олардың санын 550-ге дейін жеткіземіз,- дейді ол.