Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Пештен қауіп көп

Пештен қауіп көп

Көне тамның кіре берісіндегі қара түтіннен түнерген пеш адам жаны жаурағанда жылулық сыйлайтыны рас. Солай дегенмен одан келген қасірет жұмыр басты талай пендені жер жастандырды. Заман ырғағымен көне пешті көгілдір отын алмастырған күнге дейін шала жанған көмірдің иісінен ұйқыдан оянбай қалған жерлестер аз болған жоқ. Алайда автоматтандырылған пештің өзі он екі ай ішінде былтыр 11 шаңырақты күлге айналдырғанын біліп отырмыз. Абырой болғанда адам аман. Бұл тақырып күз түсіп, қытымыр қыс жақындаса көптің көңілін жабырқататын мезгіл мәселесіне айналып кеткелі қашан?! Осыны ескеріп, ауыздықтауға көне бермейтін алаудың айналасында нәпақасын айырып жүрген мамандардың дайындығын біліп, оң нәтижеге деген ұмтылысын зерделеп көрген едік.

«Жалын жауынгерлерінің» ерлігі
Қазіргі қоғамда мәртебесі биік, жалақысы мардымсыз мамандық соншалықты көп емес. Дегенмен қызметтегі әр күні ерлікпен пара пар өрт сөндірушілерді аталған тізімге қоспасқа болмайды. Қазалылық жалынмен арпалысқан жауынгерлердің өзі өткен жылы 150-ге жуық қауіппен бетпе бет келген. Оның 27-сі көлімі алып, пәті бет қаратпайтын жалын деседі. 49 өрт сөндіруші кезек-кезек жанын шүберекке түйіп, алауды ауыздықтауға серттескен. Содан кейін де тілсіз жаумен жекпе жектің бәрінде жеңіс туын желбіретіп жүр.
– Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жайында біз айтпасақ та, жұрт еңбегімізді жақсы біледі. Жыл басталғалы 9 ай ішінде жігіттер 13 өрттің екпінін басып, материалдық шығыны жоқ 66 алауды ауыздықтады. Тәубе етеміз, қызметкерлер қауіпсіздік талаптарын екі етпей, қауіптің ортасында діні аман еңбек етіп жүр. Арнайы 5 көліктің май-суы толық, қызметке толық жарамды. Тәулік бойы кезекшілік ететін 12 өрт сөндірушіні келеңсіз оқиға орын алған жерге жылдам жеткізеді, тілсіз жауды тізерлетуге жарап тұр, – дейді аудандық өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Азамат Еркінұлы.
Өрт сөндірушілер жылу маусымы саналатын күзгі уақытта ауданның әр жерінен алау қалқын алатынын жасырмады. Жауынгерлер кез келген жағдайға дайын екенін, жерлестер «сақтансаң сақтайды» деген тәмсілді санадан бір сәт шығармауы керек екенін айтып қалды.
Ұмытып барамыз, біраз уақыт бұрын кент орталығындағы базар өртенгенде жалын жауынгерлеріне сын айтылғаны бар. Бөлім қызметкерлері «біздің техника мен құрылғылар емес еді» дегенмен, айтылған сынды ескергені байқалады. Бастысы дарабоз жігіттер қазақылылықтарға қауіп төнсе дәрменсіз қалмайтыны қуантады.

«Төтеншеліктер» тірлігі қарқынды ма?
Аудандық төтенше жағдай бөлімінің жігіттері арқалаған жүктің өзіндік ауырлығы бар. Осы күндері ауданда болған өрттің себеп-салдарын бұлар жақсы біледі. Сұрай қалсаңыз: «Тұрғындар қауіпсіздік шараларына салғырт қарайды, пештің техникалық жағдайын тексертпейді, ойын баласына көзден тасаға қалдырады, әрі-беріден кейін үйдің электр желілері қысқаша тұйықталу салдарынан алау тұтанады» дегенді тізбектей кетеді. Бұған қарсы уәж айтар болсақ, «Төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері тұрғын үйлерді түгел аралап, неге қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді?» деген сұрақты төтесінен қоямыз. Сауалды еңбектің жоққа шығарғанға балайтындар мінезге ерік береді. Ал аталған бөлім басшысының міндетін атқарушы азамат Шапағат Ермекбаев мамандарының мақсатты міндеттерін, тындырған тірліктерін тізбектеп, төтенше жағдайды тізгінде ұстауға деген ұмтылысын ашық айтты.
– Күнде десек жалған болар, әр аптаның сенбі күні ерікті жастармен бірге тұрғындарға қауіптің қайдан келетінін түсіндіреміз. Аудан орталығындағы тұрғын үйлердің барлығы дерлік көгілдір отынға қосылғандықтан, қауіп бола қалса дабыл қағатын аппараттары қоса орнатылғаны жұмысты жеңілдетеді. Дегенмен бұған шамасы келмейтін, әлі күнге көмірмен жылытылатын үйлер жеткілікті. Жақында әлеуметтік жағдайы төмен осындай 628 шаңыраққа тегін көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатып бердік. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тағы 150 құрылғыны көне пешпен отырған отбасыларға табыстауды тапсырды. Мұның қайғылы оқиғаның алдын алуға септігі мол, – дейді төтеншеліктер тізгіншісі.
Мақсатты тірліктің мағыналығы десек жарасар, бірер күн бұрын бөлімге көпбалалы ана келіп, тегін берілген құрылғы бір келеңсіздіктің бетін қайтарғанын айтып, аналық алғысын білдіріп кеткен. Біраз уақыттан бері мұржасы тазаланбаған пеш ұйқыға жатар уақытта қара түтін будақтатқан. Төргі бөлмеде шырт ұйқыда жатқан бала-шағаны құрылғының шырылы оятқан деседі.
Әңгімеден ой тарайды, мұржа тазалау ісі де төтеншелік тарландардың функционалдық міндеті секілді болып кеткен. Былтыр аудандық Жастар ресурстық орталығының жалынды жігіттерін ертіп, ондаған үйдің мұржасын тегін тазалап берді. Бұдан бөлек, Шапағат Ермекбаев бүгінге дейін 13500-ден астам тұрғын үйдің адамдарына өртті болдырмау талаптарын түсіндіріп қайттық деп отыр. Нәтиже берсін деген оймен 24 рет жұртшылықпен кездесу ұйымдастырғаны қоса кетейік.
Бөлімнің аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа берген есебіндегі ұсыныстарды көз шалды. Әлгі түтін сезгіш құрылғы әлі де болса жеткіліксіз көрінеді. Сол себепті жағдай төмен отбасылардың қауіпсіздігін қамтасыз етуге қаржы бөлу сұралған. Сондай-ақ, көп жағдайда балалардың қызығушылығынан туатын қауіп жайында білім ошақтарындағы агитация ерекше қарқын алса деген тілегін білдірген. Мұны аудан әкімі құптары сөзсіз. Қашан пәрмен беретіні ғана белгісіз.

Екі мың теңге кімнің еншісі?
«Газдың пожарныйымыз» деп, үйге есік қақпай кіретіндер көптің көңілін алаңға салып, қалтасына салмақ болып жүргені жасырын емес. Өздерін пештің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген санайтын мұндай адамдарды тұрғындар 2 мың теңге алып кететін кезде бір-ақ көреді. Мұның қаншалықты заңға сай екенін, кімнің қалтасын толтырып отырғаны жайында пікір білдіретін адам таппадық. Есесіне алаяқ пен алаңдаушы органның ара жігін ажырата алмай отырған тұрғындар пікір білдіруден қашпады.
– Әр кезде әртүрлі адам келеді. Бірде өрт сөндірушінің киіміне ұқсас формамен ақша сұраса, келесі айда қарапайым киінген адам «газдан келіп тұрмын» деп алып кетеді. Бір айда екі мәрте келіп, бірде келінімнен, екіншісінде менен 2 мың теңге қалтасына басқан. Мұны тексеретін құзырлы орган бар ма? Немесе «салық» салудың мақсатын түсіндірмейді. Әйтпесе осы күнге дейін газдан өртенген үйге көмек берді деген мекемені естіген емеспін. Бұлар тек көгілдір отынның ақысы төленбесе құбырды бітеп, қосу үшін ақша алуды ғана біледі. Халықты көрер көзге қанап отыр, – дейді кент тұрғыны Ж.Махсутова.
Сөз соңында қазалылықтар қайғыға душар болмас үшін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы керегін тағы еске саламыз. Бұл дегеніміз жылу маусымында мұржаны тазалап, пештің жарығын бітеу, газ пешін арнайы маманның тексерісінен өткізіп, электрикке ток желісін қаратып алу сияқты амалдармен түсіндіріледі. Әрі-беріден кейін қыстыгүні отбасының түннен түгел, қыстан бүтін шыққанының өзі бүтін бақытпен деңгейлес.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
17 қыркүйек 2022 ж. 380 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930