Мұғалімдердің құзыреттілігі артады
Таңертең көптен күткен ел Президентінің жолдауын көгілдір жәшіктен тамашаладық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірқатар өзекті мәселелерді қозғап, олардың шешу жолдарын да тілге тиек етті. Жалпы, жолдау тосын жаңалыққа толы болды. Солардың бірі – мектеп мұғалімі мамандығының тартымдылығын арттыру мәселесі болды.
Онда Президент әділ Қазақстанды құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынына сенімді екендігін және соңғы жылдары бұл мамандықтың тартымдылығын арттыру үшін мемлекет көп жұмыс жасағандығын да айтты. Алайда, бұл бағытта әлі де оң өзгерістер қажет екендігіне тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, алда педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдау және педагог құзыреттілігінің шеңберін әзірлеу міндеті тұр.
– Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде отандық жоғары оқу орындарының сапасы артуына қарай оларда оқу құны да өсетінін қоса айтқан еді.
– Мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, олар ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30-дан 100%-ға дейін сараланады. Оқуға жылдық 2-3% жеңілдікпен кредиттер де берілетін болады. Көрсетілген шаралар жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады, – деді Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Нафиса ТАЙРҚЫЗЫ,
№16 М.Горький атындағы мектеп-лицейінің
биология, химия пән мұғалімі, мектеп тренері