Түркі дәуіріне жататын Құтлық қағанның кешені табылды
ІІ Түркі қағанатын қайта жандандырған Құтлық қағанның тарихи кешені анықталды. Халықаралық түркі академиясының президенті (TWESCO) Дархан Қыдырәлі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі үлкен жаңалық - Білге қаған мен Күлтегіннің әкесі ІІ Түрік қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешені табылды. Бұл - барша түркі әлемі және көшпелі жұрт үшін маңызды оқиға. Аталған жаңалыққа түркі халықтары бірлесе атқарған жүйелі жұмыстың нәтижесінде жетіп отырмыз. Бұл жұмыс жалғасын табады. Себебі біз бір ғана кешенді ашып отырмыз, осындай әлі 9 кешен бар. Яғни біраз жылға жететін жұмыс бар. II Түркі қағанатының негізін қалаған Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылуын түркі халқының алғашқы паспорты деуге болады», - деді Дархан Қыдырәлі орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған тарихи құнды жәдігер экспедиция нәтижесінде табылып отыр.
«Бұған дейін түркі әлеміне қатысты жәдігерлерді еуропалықтар тауып келген, бірінші рет түркі халқының өз ұрпақтары жария етіп отыр. Табылған жәдігерлерге қатысты баспасөз мәслихатын әуелі Моңғолиядан өткіздік, содан соң Қазақстанда өткізіп отырмыз», - дейді ол.