Үкімет пен соттар 629 теміржолды бір фирмаға тегін беріп жіберген – комиссия
Үкіметтің қаулысы мен соттардың шешімдері бойынша жеке фирма 629 теміржолды ақысыз алған. Бұл тасымалдаушыларға деген тарифтің 10 есе өсуіне әкелді. Бұл туралы Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия хабарлады.
Комиссия президент жарлығымен құрылған. Құрамына құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық атқарушы органдардың, Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ның бірінші басшылары кіреді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Шешімдерге наразылық келтірілді, 332 кірме және магистральдық теміржол мемлекетке қайтарылды. Қалғандары бойынша ревизия жалғасуда", - деп жазылған таратылған ақпаратта.
Дегенмен теміржолдарға тегін иелік еткен қандай фирма, оған ықпал еткен қандай лауазымды тұлғалар екені жария етілген жоқ.
Жалпы қазір жекешелендіру, мемлекеттік активтерді олигополиялардың пайдасына иеліктен шығару туралы 8 мыңға жуық Үкімет актілерін және сот шешімдерін прокуратура органдары зерделеп жатыр.