Домбыра туралы аңыз
Жалпы домбыраның пайда болуына байланысты ел ішінде сан алуан әпсана аңыздар бар. Соның бірін 1 шілде – Ұлттық домбыра күні қарсаңында бөліскелі отырмыз.
«Ертеде бір құралайды көзге атқан ерекше бір аңшы жігіт болыпты. Сол аңшы жігіт биік таудағы қалың қарағай арасындағы аңдарды аулап өмір сүріпті. Бірде сәті түсіп, бір маралды атып алыпты да, ішек қарынын түгелдей дерлік алып тастапты. Содан арада айлар өткенде аңшы жігіт аң атуға ең ұрымтал жер осы еді ғой деп баяғы теңбіл маралды атқан жерге келсе, құлағына ызыңдаған бір дауыс шалынады. Барлап қараса баяғыда өзі атқан маралдың ішегін қарға құзғын іліп алып ұшқан болса керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалған ішекті көреді. Ызыңдаған дыбыс сол ішектен шығып тұрғандығын аңғарады. Ол өзі бірде уілдеп бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылаған болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіріпті. Сол жерде аңшы жігіт «қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын жасайын» деп ішекті үйге алып келіпті де, бір ағашты ойып соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя беріпті. Бұл үн жалғыз аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның түгелін елітіпті. Осылайша домбыра аспабы дүниеген келген екен...», – дейді қария дерек.
Енді осы орайда домбыраның жасалу жолдарымен ол таңдалып алынатын ағашы жайында аз кем мәлімет бере кетсек. Кезінде шын домбыраның бағасы екі үйір жылқыға пар еді деген де ескі мәліметтер бар. Мұндай домбыраның шын шешендігі сол қос ішегіне ешбір қол тигізбей-ақ адам қолымен жай желпіп жібергенің өзінде-ақ сұңқылдап тұрады екен.
Кәнігі шеберлер «Домбыра көбіне жеміс ағаштарынан сондай-ақ жай (найзағай) түскен ағаш пен ұрғашы қарағайдан жасалады. Ұрғашы қарағай дегеніміз таудың теріскей қапталына қарап өскен беті. Онда бұтақ болмайды, шайыры аз болғандықтан, дыбыс шығаруы керемет болады», – дейді.
Дайындаған
Арай ЖҮСІП