Қазақстандық министрлер мен әкімдердің орташа жасы аталды

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Tengrinews агенттігінің сауалына берген жауабында мәлім еткен.
Бұл ретте министрлердің, олардың бірінші орынбасарларының және басқа да орынбасарларының орташа жасы биыл 45,7 жасты құраған. Соңғы үш жылда министрлер бір жылға «жасарған» – 2019 жылы 46,6 жас болған.
Биыл облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің және олардың орынбасарларының орташа жасы – 48 жас.
Министрлердің ішінде ең жасы – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. Ол 38 жаста. Облыс әкімдерінің ішінде ең жасы – Шымкент қаласының әкімі, 40 жастағы Мұрат Әйтенов.
Ал министрлер ішінде ең егдесі – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Олар 57 жаста.
Сондай-ақ өңір басшыларының ішіндегі ең үлкені – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 67 жаста.
Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы 2022 жылы ел халқының орташа жасы 31,8 жасты құрайтынын хабарлаған болатын.