Жаңа оқу кезеңіне жаңа серпінмен
Қарулы күштер басқару органдарының офицерлері Қызылорда гарнизонында болып, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жазғы оқу кезеңіне дайындық барысы мен моральдық - психологиялық жай-күйін тексерді.
Әскери бөлімшелерде полковник Абай Абдуллаев бастаған комиссия жұмысты әрбір әскери қызметшінің моральдық-психологиялық жағдайын, мемлекеттік - құқықтық дайындығын және жеке құрамның саптық байқауын тексеруден бастады. Әскери қызметшілердің киім нысаны мен киім-кешегі, бөлімшелердің жеке құраммен жасақталуы, бөлімнің қару-жарағы мен әскери техникасының жай - күйі тексерістен өтті. Әскери бөлімді аралау барысында әскери қызметшілермен сұхбаттасу болып, арнайы сауалнамалар өткізілді.
Сонымен қатар «Тереңөзек» оқу - жаттығу полигонында болып, атыс алаңының алдағы жауынгерлік жаттығуларға әзірлігін бақылады. Бөлімнің жауынгерлік, оқу - материалдық, техникалық базаларының және кұжаттарының дайындығы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
– Алдағы жазғы оқу кезеңіне жоспарланған жауынгерлік даярлық сабақтарын сапалы жүзеге асыру әрбір әскери қызметшінің кәсіби біліктілігін арттыруға өз септігін тигізеді. Осындай тексерістер барысында жеке құрамның іс - қимылдарды үйлестіруі, жауынгердің өз міндетін түсінуі және қойылған тапсырмаларды кәсібилікпен орындауы кезең-кезеңімен жетілдіріле түседі, – дейді комиссия төрағасы полковник Абай Абдуллаев.
Жаңа оқу кезеңіне сапалы дайындық мақсатында бөлімде жеке құрамды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған нұсқаулық-әдістемелік және көрнекі сабақтар өткізіліп келеді.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,
лейтенант Мұхит Қонаров