Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Былтыр еліміздегі орманның 167 мың гектары жойылып кетті

Былтыр еліміздегі орманның 167 мың гектары жойылып кетті

Әлихан Смайылов оқу орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді тапсырды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның өрт қауіпті кезеңге дайындығы мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, Қазақстанда жыл сайын 800 жуық орман және дала өрті тіркеледі. Өткен жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркелді, отқа оранып, жойылған орман алқабы 167 мың гектарды құрады. Экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда, тікелей материалдық залал 6 млрд теңгеден асты. Орман өрттерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан (194 жағдай – 26%), Ақтөбе (123 – 16,4%), Павлодар (114 – 15,2%), Қостанай (100 – 13,4%) облыстарында орын алды. Табиғи өрттердің себептеріне жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, өрттің тек 43%-ы табиғи құбылыстардан, найзағайдың түсуінен туындағаны, ал 50%-дан астамы адам әрекетінің салдары болғаны анықталған. Биыл да жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Жыл басынан бері 42 орман өрті тіркелген. Өрт 668 гектарды шарпыған. "Қазгидрометтің" болжамды деректеріне сәйкес, алдағы өрт қаупі басым кезеңде орташа температура +30ºС құрайды, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде құрғақшылық пен температураның +40ºС дейін жоғарылауымен жауын-шашын тапшылығы болжанып отыр. "Барлық өңірде алдын алу іс-шаралары қолға алынды. Өртке қарсы қызмет қызметкерлері шаруа қожалықтарын аралауды қайта бастады, қызметкерлер мен басшыларға нұсқау беріп, алғашқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын тексереді, ұсынымдары бар арнайы жадынамалар таратады", – дейді министр. Мамыр айының соңына дейін ТЖМ өрт инспекциясы ұлттық парктер мен табиғи қорықтарды тексеруді аяқтайды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша орман мекемелерінің өрт қаупі басым кезеңге дайындығы қанағаттанарлық екендігі анықталды. Сонымен қатар олардың төмен материалдық-техникалық жабдықталуы байқалады – нормадан 68%. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр жыл сайын табиғи өрттердің кесірінен адамдар қаза тауып, мүлік пен табиғатқа орасан зор шығын келетінін атап өтті. Бұл мәселе Төтенше жағдайлар министрлігі мен жауапты мемлекеттік органдардың және әкімдіктердің жіті назарында болуға тиіс. Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдіктеріне өрт бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыруды, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге балаларды сауықтыру лагерлері, санаторийлер мен демалыс аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне орман және табиғатты қорғау мекемелерін өртке қарсы техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру шараларын қабылдау, күштер мен құралдардың табиғи өртте шұғыл әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ірі өрттерді сөндіруге авиацияны тартуды қарастыру тапсырылды. "Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. Сигнализацияның, гидранттар мен өрт сөндіргіштердің, өрт кезіндегі апаттық шығу жолдарының жұмысқа жарамдылығы тексерілсін", – деді Әлихан Смайылов.
26 сәуір 2022 ж. 518 0

Кемел келешек тіледі

06 қазан 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031