Мұнай мен мұң
Қазақстанның мұнай өндірісі – ел экономикасының маңызды салаларының бірегейі. Алғашқы қазақ мұнайы 1899 жылы қарашада Атырау облысындағы Қарашүңгіл кен орнынан табылды. Мемлекеттің мұнай өндіруі 1992 жылы 25,8 млн тонна құраса, 2012 жылы 80 млн тонна құрады. Алайда билік ондаған жылдан бері әлем елдері шикі мұнай өндіруден өңдеуге көшу керектігі туралы айтып келеді. Одан бөлек ауылшаруашылық пен өнеркәсіп саласын жетілдіру үшін қазынадан қаржы үнемдемегенімен, әлі күнге дейін «қара алтын» саудасына тәуелділіктен арыла қойған жоқ. Соңғы күндері Қазақстан мұнайын Еуропаға тікелей жөнелтілетін Ресейдің тасымал құбырынан ақау шыққаны анықталды. Бұдан бөлек Батыс елдерінің соғыс бастаушы елге салған санкциясы мұндағы мұнай құны мен өндірісіне тікелей әсер етеді. Экономиканың тірегіне айналып үлгерген мұнай саудасына қандай қауіп төніп тұр?
«Қара алтын» қайда кетіп жатыр?
Қазақстанда мұнай компаниялары өте көп. Оларды ірі трансұлттық корпорациялар мен шағын жеке компаниялар ретінде қарастыруға болады. «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Қазмұнайгаз» ҰК, «Маңғыстаумұнайгаз», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компанияларын солардың алыптарына жатқызуға болады. Дегенмен шикі мұнай өндірумен айналысатын алыптардың да шикіліктері бар. Көпшілігінде шетелдік инвесторлардың үлесі басым. Бұл дегеніміз жұмысшы күштің элиталы лауазымдары шетелдік келімсектердің еншісінде дегенді білдіреді. Бірақ, айтпағымыз бұл емес.
Қазақстанда мұнай компаниялары өте көп. Оларды ірі трансұлттық корпорациялар мен шағын жеке компаниялар ретінде қарастыруға болады. «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Қазмұнайгаз» ҰК, «Маңғыстаумұнайгаз», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компанияларын солардың алыптарына жатқызуға болады. Дегенмен шикі мұнай өндірумен айналысатын алыптардың да шикіліктері бар. Көпшілігінде шетелдік инвесторлардың үлесі басым. Бұл дегеніміз жұмысшы күштің элиталы лауазымдары шетелдік келімсектердің еншісінде дегенді білдіреді. Бірақ, айтпағымыз бұл емес.
Қазақстан мұнайына да санкциялар әсер етуі мүмкін екенін айттық. Себебі экспорттың негізгі бөлігі Ресей арқылы тасымалданатын Каспий құбыр консорциумынан өтеді. Осы жағдайдың аясындағы зерттеулерге сүйенсек, 2021 жылы Қазақстан 65,7 миллион тонна шикі мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 6,9 процент аз. Бұл валютаның қазіргі жағдайына шаққанда 31,1 млрд доллар құрайды.
Негізгі шетелдік тұтынушы Италия – 17,9 миллион тоннаны қабылдап отыр. Одан қалған бөлігін Нидерланды, Франция, Қытай, Түркия, Испания, Оңтүстік Корея, Румыния, Үндістан өзара бөліске салған. Соңғы уақытта орын алған жағдайларға байланысты Сингапур елі сұранысты 11 есеге арттырып, үздік 12 тұтынушының тізіміне енген. Өкініштісі Швейцария 48, Грекия 35 және Үндістан 33,5 процентке қазақстандық мұнайды сатып алу көлемін қысқартты.
Санкция қалай әсер етеді?
– Қазақстан мұнайына қарсы ешқандай кедергілер, шектеу мен санкциялар жоқ, бәрі әдеттегідей жұмыс істеп жатыр. Экспорттық бағыттар бойынша түрлі нұсқалар қарастырылуда. Кезінде бізде Қытай мен Еуропаны қоса алғанда, экспорттың кең жүйесі болды. Әзірге санкциялар жоқ, сондықтан мұнайды тасымалдауды қайта бағыттау мәселесін қарастырмаймыз. Біз келісілгендей тұрақты режимде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жұмыс істейміз. Бұдан бөлек Ақтау порты барын естеріңізге саламыз, – дейді Энергетика министрі Болат Ақшолақов. Осылайша екі ай жөндеуді қажет ететін ресейлік құбыр болмаған жағдайда Ақтау порты құтқаратынын меңзегендей болды.
Батыс елдері Ресей мұнайынан бас тарта бастағандықтан қазақтың қара алтынына сұраныс күрт төмендеуі де, артуы да мүмкін. Мұндай жағдайда да отандық шикізат өндірушілер тығырыққа тіреледі. Неге екенін министр түсіндіріп берсін.
– Өндіріске ең алдымен мұнайды сату мүмкіндігі әсер етеді. Сату мүмкіндігі болса, қиындық тумайтыны анық. Керісінше, өсім болуы мүмкін. Мұндайда отандық өндірісті кеңейту де қиын. Шикі мұнай өндіруді ұлғайту белгілі бір инфрақұрылымды қажет етеді. Сондықтан, біз белгілеген жоспар 87,5 миллион тоннаның айналасында ғана қазіргі инфрақұрылымның арқасында өндіре аламыз», – деді ол.
Бұған дейін 8 наурызда АҚШ қабылдаған ресейлік мұнайды импорттауға тыйым салу туралы құжат Қазақстан мұнайының Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы сауда жасауына әсер етпейтіні айтылған. Бұл сұраққа АҚШ қазынашылығы: «КҚК басқаратын тарату жүйелері шикі мұнайдың көздерін ажырата алады. Бұл ресейлік емес шикі мұнайды бөлек сатуға және тиеуге мүмкіндік береді.
2022 жылғы 8 наурыздағы құжат Ресей Федерациясынан АҚШ-қа кейбір тауарлардың импортына қатысты қаралған. Демек Ресей Федерациясынан шықпайтын импортты, тіпті мұнай Ресей Федерациясы арқылы транзитпен өтетін болса да кедергі келтірілмейді», – делінген министрліктің сайтында.
Қара теңіз тасымалды тоқтатты
Америка құрама штаттары Қазақстан мұнайы, мейлі ол Ресей арқылы жөнелтілсе де, тыйым салынбайтынын айтқанда қуандық. Алайда бұл ресейлік саясаткерлердің мәселеге араласпайтынын білдірмейді. Осы уақытқа дейін Батыс елдері Ресейді экономикалық тұрғыда қысу үшін санкциялар пакетін жаңартып келеді. Мұндайда аюлар елінің де қолында қару барын ұмытпаған жөн. Еуропаның біраз елін мұнай қажеттілігімен қамтамасыз етіп отырған Каспий құбыр консорциумы соларға тиесілі. Әлгі 8 наурызда салынған санкцияға жауап болды ма, техникалық ақаулар дейміз бе, бірер күн бұрын Қара теңіздегі қатты дауылдың салдарынан Қазақстанның барлық экспорттық мұнайының үштен екісінен астамын қамтамасыз ететін КҚК-ның құбыр жүйесі зақымдалғаны туралы хабар тарады.
Қазіргі уақытта консорциум терминалына мұнай құю толығымен тоқтатылған. Алғашында құбырға қабылдау тоқтатылмағанымен бейсенбінің кешінде цестрнаның соңғысы толғаны хабарланды. ҚКП басшысы Николай Горбан сәуір айында экспорт бес есеге дейін құлдырауы мүмкін екенін айтқан.
Сонымен бірге, айлақтағы апат салдарынан Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы Италияға, Францияға, АҚШ-қа және Испанияға мұнай жөнелтілімдері үштен бес есеге төмендейді. Өткен жылы кәрі құрлыққа 585 танкер сапарға шыққан. Негізгі бағыттың бірі Италия болды. Онда 213 танкер жіберілсе, Францияға 39, АҚШ-қа 26, Испанияға 41 танкер жеткен.
Сынықтың салдары
Федерацияның энергетика вице-министрі Павел Сорокиннің айтуынша, зақымдалған екі бірдей ТЛУ-ны жөндеу 1,5-2 айға созылуы мүмкін. Нәтижесінде мұнай экспорты күніне шамамен бір миллион баррельге төмендейді.
Ресейдің Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші сарапшысы Игорь Юшков КҚК жүйесі арқылы мұнай тасымалдаудың қысқаруы нарықтағы қалыптасқан тапшылықты күшейтіп, шикізаттың әлемдік бағасы барреліне рекордтық деңгейге дейін апарады. Болжам бойынша бір баррель құны 150 долларға дейін көтерілуі ғажап емес.
Ал көрші елдің отын-энергетика кешеніндегі технологияларды дамыту институтының сарапшысы Кирилл Родионов КҚК-ға қатысты жағдай жеткізуші үшін емес, әлемдік нарық үшін де проблемаға айналатынына сенімді.
– Мұнай нарығына қатысты мәселенің ауқымын асыра көрсетуге болмайды. Себебі қара алтын құны геосаяси жағдайға үйренісіп алды десек болады. Осыған байланысты Қазақстаннан келетін мұнай көлемінің кемуі баррель бағасына айтарлықтай әсер етпейді, – деп қорытындылады Родионов.
Осы кезде үлкен державалар бір-біріне қолдан келген экономикалық қысым көрсетіп жатқанын көріп отырмыз. Мұндай қадамдар өз елінің жағдайын жақсартпайтынын біле тұра қолға алынғаны да ешкімге жасырын емес. Мұндайда өз өнімін өңдеуді жолға қоя алмаған қазақ билігінің тасымалды оңдыра алса екен деген тілек іштен қылаң береді. Әрі-беріден соң болашағын тек мұнайға тапсырған елдің алмағайып заманда аман қалуы мұң екеніне кезекті мәрте көз жеткіздік.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ