Министрлік жаңа облыстардың қалай құрылатыны туралы сұраққа жауап берді
Әлеуметтік желілерде елде құрылатын жаңа облыстардың картада көрсетілген бірнеше нұсқасы жүр.
Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанда жаңа облыстар қалай құрылатынын айтты, - деп хабарлайды sn.kz.
Әлеуметтік желілерде елде құрылатын жаңа облыстардың картада көрсетілген бірнеше нұсқасы жүр.
"Құрылған комиссия әр облыс бойынша орналасу, көлік жолдары, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму жағдайын жан-жақты зерттейді. Қазіргі уақытта облыстардың аумағы нақты қандай болатынын айту әлі ерте.
"Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы" туралы заңға сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органдар осы мәселе бойынша үкіметке ұсыныс айтуы тиіс", - деді ведомстводағылар.
Ол үшін өңірлер әртүрлі деңгейдегі әкімдердің шешімдерін, әкімдіктердің қаулылары мен мәслихаттардың шешімдерін қабылдау мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстарын жүргізуі, сондай-ақ "Ашық НҚА" порталында жария талқылау өткізуі қажет.
"Бүгінде министрлік үш облыс әкімдіктерінің өкілдерімен тығыз жұмыс істеп жатыр. Бұл процедуралар белгілі бір уақытты қажет етеді. Мемлекет басшысының Жарлығы дайындалып жатыр", - делінген Tengrinews.kz сауалына жауапта.
Бұған дейін Қазақстанда жаңа облыстар пайда болғаннан кейін ел әкімшілік түрде 20 аумаққа бөлінетіні белгілі болған: 17 облыс және республикалық маңызы бар үш қала.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру қажет екенін мәлімдеді.
Алайда министрлік өкілдері қазір облыстар нақты қалай бөлінетінін айту әлі ерте екенін хабарлады.