Жыл қорытындысы
Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында үздіктерді анықтау үрдісі қалыптасқан. Мұны жергілікті атқарушы билік өзіндік критерийге байланысты таңдайды. Кейде 80 мың халқы бар тұтас қауымның арасынан дара шауып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың еленбей қалатыны бар. Сол сияқты ауданның тыныс-тіршілігіне, дамуына өзіндік өзгеріс әкелген оқиғалар ұмытылып, тарих қатпарында қалып жатады. Жыл қорытындысын жасап, өткенге көз тастау жаңа жылда өмірдің бағдаршамы секілді дұрыс бағыт көрсететінін ескерсек, жағымды жайтты санада жаңғыртып, жақсы адамдардың мерейін асыру – міндет. Осы орайда жергілікті жаңалықтың жаршысына айналған «Қазалы» газеті төрт тоқсанның маңызды жайттарын саралап, жыл жайсаңдарын өз нұсқасында анықтап көрді.
Сиыр жылында Қазалыда қуанышты жаңалықтар көп болды. Солардың ішіндегі бірегейі – кент орталығындағы «Жанқожа батыр» мешітінің жанынан Медресе құрылысының бойы көтеруі.
Айрықша білім орталығында тәлім алған бала Жаратушысын танып, иманды да ибалы болып өседі. Мұнда тәрбиеленген жас өскіндер қоғамдағы түрлі жаман әдеттен бойын аулақ ұстауға бейімделеді. Медресе пайдалануға берілгенде бір уақытта жүзден астам шәкірт білім ала алады. Дін орталығында сауатты ислам ілімін аламын деушілерге қойылатын талаптары болады. Олар арнайы тестілеуден өтіп барып оқуға қабылданбақ.
Бас имам Берік Сүлейменовтің айтуынша, дәріс беретін ұстаздар Орта Азияға аты мәлім “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетін бітірген жоғары білімді мамандар. «Біз алғашында тек Құран жаттаумен айналысып, кейін ислам негіздерін қосуды жоспарлағанбыз. Оқыту аясы егер аудандық білім бөлімі келісім берсе, мектеп жасындағы балаларды да қабылдап, мектеп пен медреседе қатар оқытсақ дейміз. 9 бен 11 бітірген талапкерлерді бірінші топта. Ал мектеп жасындағыларды екінші топта оқыту ойда бар», – дейді ол.
Медресе 2 қабатттан тұрады, бірінші қабатында қабылдау бөлімі, директор бөлмесі, ұстаздар кеңсесі, компьютер сыныбы, кітапхана және акт залы мен асхана орналасады. Ал екінші қабатында 100 бала білім алатын сыныптар мен жатақхана орналасқан.
Дарияның арғы бетінде орналасқан Бірлік, Өркендеу, Тасарық, Лақалы, Қожабақы, Бозкөл сияқты ауылдар «Қарлаң» көпірі арқылы өтеді. Көпір арқылы жол қатынасы қиындап отырғанын айтқан тұрғындардың өтініші елеусіз қалмады. Көпірді салу үшін жоба сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Тұрғындар көтерген мәселелердің ешқайсысы да назардан тыс қалмайтыны халықты қуантып тұр.
Қазалы ауданындағы “Қазалы-Қожабақы – Бозкөл-Кәукей” аудандық маңызы бар автомобиль жолының 16 шақырымындағы “Қарлаң” учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір өткелін салу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Енді жобаның жалпы құны – 4484,7 миллион теңгені құрады. Нысанның жалпы ұзындығы – 2,5, кірме жол ұзындығы – 2,305 шақырым. Көпірдің ұзындығы – 248,29 метрге созылған. Автожол санаты – III категорияға жатады. Құрылыстың ұзақтығы 17 айға есептелді.
Осы ретте, аталған жобаның құрылыс жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 1,0 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы жарияланды. Осыған сәйкес 2 әлеуетті өнім беруші мекеме қатысты. Атап айтқанда, “ШынғысИнстрой” ЖШС және “СтандартОйлКЗО” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
Қазіргі таңда конкурс комиссиясы әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарау сатысында. Сонымен қатар 2022 жылға республикалық бюджеттен 500,0 миллион теңге қаралған.
Көзді ашып-жұмғанша жыл аяғы таяп, сиыр жылын қорытындылағалы отырмыз. «Биылғы жылға өкпе жоқ» деп айта алмаспыз. Өйткені соңғы екі жыл қазақ елі үшін ғана емес, тұтас жер шарына оңайға соқпады. Түрлі қиыншылықтар орын алып, бірінен соң бірі жалпақ жұртшылықты тығырыққа тіреп қоя берді. Соның бірі әлемді жайлаған пандемия болса, екінші соққы болып тиген Сыр еліндегі қуаңшылық. «Жұт жеті ағайынды» демекші, әлемді әбігерге салған індеттің артынша қазақ елін қуаңшылық бүйірден қысқаны халыққа оңай тимеді. Нақтыласақ, өткен қыста қар, көктемде жауын-шашын аз болуы салдарынан көктің шығымы көңіл көншітпеді. Ақырында қытымыр қыстан аман шыққан малдың көпшілігі көктем келгенде көкке ауыз тигізбестен қырылып қалды. Ал Сырдария өзеніндегі судың аз болуы салдарынан көлдерге су бармауы жығылғанға жұдырық болып тиді. Мал азығы қымбаттап, қалың жұрт абдырап қалды.
Баға халық қалтасына түсіп, жем-шөп құнының қымбаттауы мәселені қоюлата түсті. Осындай қысылтаяң сәтте төрт түлікті аман алып қалу үшін көрші аудандардан тонналап жем-шөп тасымалданып, барлығы тығырықтан шығудың қамын жасап, асарлатты. Міне, бұл биылғы жылдың жағымсыз оқиғасы болатын. Қалай десекте, осы тұста Сыр жұртшылығының бірлігі бекем екені тағы да анық байқалды.
Бұл атаққа кім лайықты? Аудан ішіндегі елге болсын деп, білек сыбанып, қызметіне адал азаматтардың қатарын сараладық. Қорытындылай келе облыстық мәслихат депутаты, «Тілеп» ЖШС-ің басшысы Ибайдулла Тілепті құп деп таптық. Неліктен?
Өткенге оралсақ, ел ішін індет жайлап, аудан жұртының жүрегін үрей билеп, күн сайын келместің кемесінен орын тапқан жандардың қатары арта түсті. Оған аудандық стационарда оттегі баллоны жетіспеушілігі де қатты әсер етті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, біз айтып алған кейіпкер сол тұста ауруханаға 200 дана оттегі баллонын алып бергенін бірі білсе, бірі білмес. Оған қоса жергілікті жерде бетперде тапшылығы орын алған сәтте 1500 дана бетпердені тегін тараптып, карантин уақытында 36 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен де Ибайдулла Тілепұлы еді. Бұл аз десеңіз, дарияның арғы бетіндегі ағайынның қатынауын айтып, «Қарлаң» көпірінің мәселесін қайта-қайта көтеріп, түйткілдің тарқатылғаны жайлы аудан тұрғындарына сүйіншілеткенде осы азамат. Депутат ретінде қазалылықтардың қамы үшін, талай мәрте мінбеде тұрып, қызыл тамақ болғанын да ел жақсы біледі. Әрдайым болам деген баланың белін буып, жастар жанашыры бола білетінін аудан жастары ұмытпайды. Әлеуметтік желіде барлық маңызды мәселелерге тұшымды пікір білдіріп, ауданға қатысты көптің көкейінде жүрген сауалдарға кез келген уақытта жауап береді. Бұл ел ағасының туған жері үшін жасап жүрген жақсылығының бірсыпырасы болса, айтылмай жүргені қаншама?! Сондықтан біз таңдаған шешімге қалың оқырманның да таласы болмас.
Қазалыда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Аудан абыройын әлемдік деңгейде асқақтатып жүрген талай талантты жас бар. Солардың бірі – Гүлсая Ержан.
Гүлсая осы жылдың желтоқсан айының 7-12 күндері аралығында Щучинск қаласында бокстан әйелдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс медальға ие болды. Ел біріншілігінде оза шауып, дараланған жасөспірім №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтың мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебінің былғары қолғап шебері. Гүлсая 81 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен.
Гүлсая бұған дейін түрлі додада топ жарды. Ол жасөспірімдер және жастар арасындағы көптеген жарыстардың жеңімпазы. Бүгінгі таңда ересектер арасындағы жетістіктері де жаман емес. Ел біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінген боксшының бапкері Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген жаттықтырушы Бақытбек Құлбаев екенін айта кеткен жөн.
Жылдың жалынды жасы
Сиыр жылы Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев үшін ерекше болды. Жыл басынан жастар ісіне білек сыбана кіріскен жалынды басшы қыруар шаруаны қолға алды. Ол өзге облыс, аудан мамандарымен тығыз байланыс орнатып, қазалылық жастардың қоғамға етене араласуына ерекше мән берді. Жоғары ұйымдастырушылық пен іскерлігінің арқасында еріктілер жасағын құра білді. Соның нәтижесінде қайырымдылық жасау ісінде аудандар арасынан оқ бойы озып шықты.
"Жанашырлыққа жан риза" деген әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның азаматтық парызы деп санаған мәрт жігіт 500-ден аса шараның 186-сын қайырымдылық бағытта ұйымдастырған. Мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға ерікті жастар қол көмек көрсетуде басы қасында жүрді. Қуаңшылық кезінде жастармен бірге шөп оруды қолға алды. Осылайша қиналған шаруа қожалығына көмек берді.
Бүгінге дейін ауданның ерікті жастарының ұйымдастыруымен 23 отбасыға қайырымдылық аясында баспана кілтін ұсынды. Ал осылардың арасында атқарған үлкен іс – базар бағасын құлатуы. Тұтынушылардың қалтасына салмақ түсетін қымбатшылықты түсіру мақсатында жүк көлігі бар жастардың басын құрап, төмен бағада көкөніс, жеміс-жидектер тасып халықтың батасын алған жасқа алар асуың көп болсын демекпіз.
«...Егер жоба сәтті жүзеге асатын болса екі аралықтағы аудандық маңыздағы автомобиль жолының бір бағытының өзі 7,5 метрді құрайтын қос жолақтан салынады. Жалпы жолдың ені 4 жолақтан, 15 метрге дейін кеңейтіледі. Онымен қоса жол жиегіне жарық бағаналары орнатылады. Құрылыс аумағында орналасқан 2 бірдей темір-бетонды көпірді қайта жаңғыртып, Ақарық пен Шалабай каналдарындағы тағы бірнеше су өткізгіш құбырларды кеңейту де аталған жоба аясында іске асырылмақ. Сапалы әрі қауіпсіз жол қатынасын қамтамасыз етуді мақсат еткен бөлім мамандары құрылыстың уақытылы аяқталуына мұрындық болып, келешекте ауданға бұдан да ұтымды, тың жобалар алып келеріне сенім мол», – деп былтыр ақпан айында көпшіліктен сүйінші сұралған.
Бүгінгі күні аралықта орналасқан кос көпірдің жұмысы біткенге ұқсайды. Ақарық каналын реконструкциялаудың өзі жақында ғана жүзеге асырылды. VI категориядағы жолды ІІ санатқа өткіземіз деген аудан әкімідігінің мақсаты айқын болғанымен қозғалысы баяу. Бір білетініміз мемлекеттік сараптамадан өткізуге байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен «Проммедконтракт» ЖШС-і жеңімпаз болып танылған. Бұдан кейін қара жұмыстың қарқыны бәсеңдеді ме, әлде қаржы мәселесі қысты ма, оны жобаға жауаптылар айта жатар. Анығы, биыл көліктер жүйіткіп жүруі тиіс қалааралық маңыздағы автомобиль жолының шұқыр-тесігі еселеніп, қатынауға жарамсыз болып барады. Қыс мезгілі келіп үлгергенін аңғарсақ, төрт жолаққа жайылуы тиіс асфальттің күн жылынғанша төселмейтінін түсінеміз. Демек 7-ақ шақырым жолдың келер жылы аяқталатынына да ешкім кепіл бола алмайды. Сол себепті «Жылдың жүйесіз жобасы» тұғырына төрт жолақты жолдың құрылысы лайық деп танылды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат