Қазалыдағы қуаныш
Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. Аймақ басшысы мереке қарсаңында даңқты батыр Жалаңтөс баһадүрге арналған ескерткішті ашты. Айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен баба ұрпақтары мен қонақтар жиналды. Сонымен қатар көп балалы аналарға пәтер кілтін табыстап, әлеуметтік бағыттағы қызмет көрсету нысанының жұмысын саралады.
Ерлік пен елдікті насихаттайтын сахналық қойылыммен басталған шарада сөз алған облыс әкімі Гүлшара Наушақызы тұрғындарды құттықтап:
– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен қатар келген Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдық мерейлі мерекесінде сәулет өнерінің бір белгісі – осы еңселі ескерткішті орнатып отырмыз. Самарқанды 30 жыл билеген Жалаңтөс баһадүрдің тылсымға толы құпия әлеміне аса бір мұқиятпен үңіліп, ескерткішін қоладан құштарлықпен құйған елімізге белгілі мүсінші Аманкелді Кененбаев ерлік пен өрліктің, даналықтың үйлесімін дәл бейнелесем деген мақсатына жетті деп есептеймін. Туған жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батыр атамыздың рухы ұрпағын қолдап-қорғап жүргей! – деді.
Мұнан соң «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, «Жалаңтөс баһадүр» республикалық қорының президенті Нажмадин Мұсабаев сөз сөйлеп, даңқты бабаның дара жолынан сыр шертетін тарихи мәліметтерді тілге тиек етті. Ескерткіштің лентасын облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы Нәжмадин Мұсабаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қиды. Ұрпақтары баба рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Еңселі ескерткішті мүсіншілер Мұрат Сыдықов пен Аманкелді Кененбаев жасаған. Архитекторы Бауыржан Кененбай. Жалпы ұзындығы 12,15 метр болатын ескерткіштің биіктігі – 5,7, тұғыры – 6,45 метр. Ескерткіш қоладан, тұғыры гранит тастан қашалып жасалған. Кент көркіне көрік қосып, демалыс орындарының қатарын толықтырған ескерткіш Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығында орналасқан. Көлемі бір гектарға жуық жер учаскесі бөлініп, арнайы алаң салынды. Алаң абаттандырылып, түнгі жарықшамдармен көмкерілген. Тұрғындар отыратын орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер қойылған. Кіреберіс қақпа алдына автотұрақ салынып, асфальтталған.
Айта кетейік, Елорда, Алматы мен Ақтөбеде, облыс орталығы мен Қазалы ауданында Жалаңтөс Баһадүр атындағы көше бар. Қызылорда қаласында еңселі ескерткіш бой көтерген. Сондай-ақ, облыс орталығында дарынды балаларға арналған спорт мектебі, Қазалыда орта мектеп пен ауылға батыр есімі берілген.
Жыл басынан бері Қазалы ауданында келбеті көз тартар ғимараттар пайдалануға беріліп келеді. Бұл бірнеше жыл қатарынан қарқын алған құрылыстың инерциясы десек жарасар. Биыл да Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай халықтың игілігін көздеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Соның бірегейі ретінде «Аймақаш» мөлтек ауданында «Нұрлы жер», бағдарламасы аясында іске асырылған 35 пәтерлік 18 тұрғын үйді айтсақ болады. Облысы басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңа жыл қарсаңында баспаналы болып отырған тұрғындарға үйдің кілтін арнайы табыстап, жылы лебізін білдірді.
Өңір басшысы салтанатты шараға жиналғандарды алдымен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– 30 жыл ішінде еліміз біршама биік шыңдарды бағындырды. Жас мемлекетте зәулім ғимараттар тұрғызылып, қалалар құрылыс алаңына айналды. Мәселен, бір ғана Қызылорданың өзінде 8 миллион шаршы метр аумақты қамтитын баспана бой көтерді. Аз ғана уақыт ішінде Қазалы ауданында 450 мың шаршы метрден астам жерге тұрғын үй соғылды. Әрине, осы тұста мемлекет тарапынан жүргізілген құрылыстан бөлек, жеке кәсіпкерлердің күшімен біткен шаруаны жоққа шығаруға болмайды. Бүгін табысталғалы отырған нысандар да сондай азаматтардың елге жанашырлығымен іске асып отыр, – деді Гүлшара Наушақызы. Облыс әкімі, сондай-ақ, алып мақсаттардың жүзеге асуы алдымен азаттықтың арқасы екенін тілге тиек етті. Президент ел мүддесіне көзделген осындай игі істердің қарқынын үдетуді тапсырғанын, келешекте келбеті көз тартар ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың құрылысы еселенетінін айтты. Бұдан соң баспана кілтін табыстау рәсімі басталды.
Жаңа жыл қарсаңында үйлі болу бақытына ие болғандардың барлығы дерлік – көпбалалы аналар. Бұл мемлекеттің күш салып келе жатқан басым бағыттың бірі – демографиялық саясатты жүзеге асыруға септес қимыл екенін аңғару қиын емес. Барлық инфрақұрылыммен қамтылған, әлеуметтік нысандарға жақын орналасқан аумақ ендігіде Әйтеке би кенті, №2 мөлтек ауданы деп аталады. Мерейлі мезетте осы аумақтың жаңа тұрғыны Ж.Баймұханованың ақ жаулықты анасы Алтынкүл Қызылбаева сөз алып, көпбалалы аналарды қолдап отырған мемлекет басшысына, облыс, аудан әкімдеріне алғысын жеткізді. Ананы құрметтеу – тұтас елдің жоғын жоқтаумен бірдей екенін еске салып, қуаныш иелеріне жылы лебізін жеткізді.
Өңір басшысы баспана иелерін құттықтап болған соң пәтерлерді аралап, құрылыс сапасын, жайлылығына көз салды. Бұдан соң қуаныш иелерінің біріне газ плитасын сыйға тартып, тәтті толы себет табыстады.
Ал мұнан соң Әйтеке би кентінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан 99 разьезд жанынан бой көтерген «Аrzan sity 2» кешенінің ашылу лентасын қиды. Айтулы рәсімге қатысқандарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, кешен иелеріне оң болсын айтты.
– Биылдың өзінде аймақ көлемінде түрлі нысандардың іргетасы қаланып, пайдалануға берілді. Әсіресе кәсіпкерлік бағытта тұрғызылған ғимараттар қатары көбеюде. Бұл дегеніміз облыста кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Сайып келгенде, мұның барлығына Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткіздік, – деді облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар нысанды аралап, екі қабатты ғимаратқа келушілер үшін жасалған қолайлы жабдықтармен танысты. «Аrzan sity 2» кешенінің қожайындарын арнайы құттықтап, алдағы күндеріне табыс тіледі. Ал шара соңында ақсақалдар мен ақжаулықты аналар арнайы әзірленген дәстарханнан дәм татып, жиналған қауымға батасын берді.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында көптен күткен жаңа ғимартымыз ашылды. Негізі кешенді ашудағы әуелгі мақсат – жол бойындағы жолаушылар мен автокөлік тізгіндегендерге сапалы қызмет көрсету қолайлы жағдай жасау. Шаршап-шалдыққан үшін бұл жер таптырмас орын болмақ. Олай дейтінім, нысанда тамақтану орны, автотұрақ, көлікжуу орталығы, көлікке қажетті құралдар мен намазхана бар. Яғни жол үстінде жүрген халыққа қажеттінің барлығы осында. Қуанышты күнде облыс әкімі мен аудан әкімі жүрекжарды лебізін жеткізді. Ашылу салтанатына келіп қатысқан барлық жақындарыма алғысымды білдіремін, – деді кәсіпкер Арзана Суганова.
Бұл халықаралық «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан «Аrzan sity» кешені аталатын екінші ғимарат. Біріншісі ауданның шығыс бетіндегі кіреберісіне жайғасқан.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат