Қазалыға Kaspi қашан келеді?
Осыдан бірер жыл бұрын Қазалыда қолма-қол есептесуден басқа амал жоқ еді. Бұдан кейін өткен жылы такси қызметін ұсынатын Indriver бағдарламасы қосылғаннан бастап, Kaspi gold-қа деген сұраныс та арта түсті. Ал карантин кезінде жеткізу қызметін жетілдірген такси жүргізушілері тауардың ақшасын голдқа аударуды сұрайтын болды. Пандемия да аталған қаржы компаниясының жарнамасына жақсы көмек көрсетті. Неге десеңіз, төтенше жағдайға байланысты Үкімет табысынан айырылғандарға өтемақы төлеймін дегенде әдеттегідей Kaspi оны иесіне жеткізудің жылдам әрі тиімді әдісін ұсына білді.
Қазір дүкеннен азық-түлік алғысы келіп қаржы таппаса, немесе өзін жаңа киімдермен қуантқысы келген жан қалтасына қарамай-ақ Kaspi-дің арнайы процентсіз несиесіне жүгіне салады. Бір қараған сәтте өзінен ештеңе аямайтын жандарға туыстан артық жанашыр ретінде табылып тұрғаны жасырын емес. Бұдан бөлек Kaspi Gold арқылы коммуналдық төлемдерді, ай сайын өтеуі тиіс мемлекеттік салықтар мен әлеуметтік жарналарды саусақ қимылымен-ақ тегін төлеуге мүмкіндік жасап қойған. Қиыны сол, Gold-тағы ақшаңыз бітіп қалса, теңгерімді толтыратын терминал табылмай отыр.
Бірде орталықтағы Halyk bank қасында орналасқан терминал жанынан өтіп бара жатқанымда, жасы қырықтан асқан апай тоқтатты. Kaspi теңгерімін толтыру керегін айтып, көмек сұрады. Бұрын терминалдан есепшотыма ақша салып көрмесем де, өтінішін кері қайтара алмадым. Қолыма 50 мың теңге ұстатты. Апайдың нөмірін терген бойда терминалдың тығыны ашылды. Он мыңдықтың бірнешеуін салып жібергеннен кейін ғана экранға қарап едім, жағамды ұстадым. Салған 30 мың теңгенің 3 мыңын комиссия ұстап қалыпты. Апайға айтсам, «ақшаны салмай тұрып неге айтпадың?» деп өзімді кінәлады. Осыдан кейін терминал ұстаған комиссияны өзімнің төлеуіме тура келді. «Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен» деген сөз еріксіз ойға оралғаны бар.
Кейін базар маңындағы төлем орталығынан да Gold-қа ақша салуға болатынын білдік. Бірақ мұнда да электронды ақша аударғанына ақы алады. Қалаған соммаңызға байланысты төлейсіз. Осындайда 80 мыңның айналасында халқы бар ауданда Kaspi bank-тың бөлімшесі болмағанына қапалы жүргендер көп. Өйткені халық тарапынан сұраныс жоғары. Тым құрығанда бір-екі терминал кенттің қақ төріне орналасса, жұрттың жағдайына жұмыс істер еді. Қолма-қол несие сұрағандар да ақшаны облыс орталығына барып алуға мәжбүр. Өткен жылы Жаңақорған халқының өтінішімен осындай терминал алып берген еді. Содан үміттеніп біз де Kaspi-дің call орталығына хабарласып көрдік. Телефон тұтқасын көтерген банк менеджеріне жағдайды баяндадым. Әкежан Кеңес есімді жігіт мұның әзір мүмкін еместігін алға тартты.
– Бұған дейін несиені қолма қол беретін немесе Kaspi теңгерімін толтыруға арналған терминалдар бөлініп келді. Бұған кәсіпкерлер өтініш қалдырып, орналастыратын жерін көрсетуі тиіс еді. Бірақ осы жылдың соңына дейін басшылық терминал құрылғыларын беруді тоқтатты. Сондықтан сіздің ауданға құрылғы апару жоспарда жоқ, – деп қысқа қайырды.
Бұған дейін қазалылық бірқатар әлеуметтік желі белсенділері Kaspi терминалын ауданға алдырту туралы бастама көтергенін білеміз. Бірақ өтініш жазуға қол жинап, істі аяғына дейін жеткізушілер табылмады. Қалай болғанда да кәсіпкерлер терминал сатып алуға өтініш тастап, қаржы ұйымының басшылығының рұқсатын күтуден басқа амал жоқ сияқты. Өйткені мұндағы қажеттілік көзге анық байқалғанымен, өз еркімен халық игілігіне терминал әкеліп беретін банк басшылығының ниетін байқамай отырмыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ