Көп көңілі – көмірде
Қазалыда ауа райы қатулана түскеніне де біршама уақыт өтті. Орталық жылыту жүйесіне қосылған тұрғын үйлер мен мекемелерге ыстық су жетті. Бұдан бөлек көгілдір отын көмегін пайдаланатындар да салқынға қарсы шараны ертерек бастап кетті. Алайда көп үйде бар игілікке елдің бәрінің қолы жетпей отырғанын естен шығаруға болмайды. Әсіресе әлі газ толық орнатылып болмаған Қазалы қаласы мен ауылдағы ағайынның жағдайы қиын. Себебі қазіргі таңда елдің басқа өңірлеріндегідей көмір тапшылығы ауданды да айналып өтпеді.
Алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жылу маусымына жасаған дайындығына көз жүгірте кетейік. Бөлім ақпарына сәйкес, барлығы 153 нысан соңғы әзірлік жұмыстарын жүргізіп, ағымдағы жылдың 9 қазанынан бастап жылу алуды бастап кеткен. Оның ішінде мектептегі балалар, мәдениет орындары, ауруханада емделіп жатқандар мен спорт саласындағы нысандарды жылыту бәрінен бұрын жоспарланған. Негізгі кесте бойынша ауданға 20 000 тонна қатты отын мен 2400 тонна сұйық отын қажеттілігі белгілі болған еді. Оның ішінде қарапайым халықтың сұранысын 16 мың тонна деп бекіткен. Ал әлеуметтік нысан ішіндегі жайлылық үшін 3400 тонна қатты отын таратылған. Сондай-ақ денсаулық саласы мұқтаж 600 тонна көмір жылу маусымының екінші кезеңінде жеткізілетінін білдік.
– Халық тұтынуы үшін 16000 тонна қатты отын жоспарланып, жеке тұрғын үйлер бойынша өткен маусымнан 3500 тонна көлемінде резервтік отын қоры қалыптасқан. Бүгінгі күнге дейін ауданға 14184 тонна қатты отын жеткізілсе, 1540 тоннасы жолда келе жатыр. Сондықтан тапшылық орын алмайды деп отырмыз. Ал тауар бағасын тұрақты ұстау мақсатында үш бірдей жеткізуші кәсіпкермен аудан әкімдігі арасында меморондум жасалды, – дейді бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Бүгінгі күні Қазалыда 15 мыңға жуық жеке тұрғын үй бар. Оның жартысынан көбі көгілдір отынмен жылытылады. Нақтырақ айтсақ, Әйтеке би кентіндегі 7594 үй мен Ғ.Мұратбаев ауылындағы 182 отбасы газ пайдаланып отыр. Тиісті бөлім басшысы жыл соңына дейін Қазалы қаласы да 1500-ден астам шаңыраққа газ кіргізіп беретіндерін айтып қалды. Демек қалалықтар сәл шыдамдылық танытса, тұрмыстық бейнеті жеңілдеп, жаңа жылды жаңа игілікпен бастағалы тұр. Сондай-ақ «Қазалы-Теміржолжылу» мекемесі арқылы 381 абонент орталықтандырылған жүйеге қосылып, жылдағыдай жылу энергиясымен тұрақты қамтылып келеді. 77 көпқабатты мекеме, 204 жеке тұрғын үй мен 100 заңды тұлғаға қызмет көрсетіп келе жатқан мекеменің резервтік қорында 288 тонна мазут бар көрінеді. Бұл жылу маусымы үшін аз отын емес.
Осы тұста М.Әбсұлтанұлы, ауылдық округтердегі жылу қазандықтары жайына алаң екенін де жасырмады. Қазіргі таңда оқыс жағдайдардың алдын алу үшін маусымдық от жағушы операторларды жұмысқа қабылдау барысында талапты күшейтіп, біліктілігіне, жас ерекшелігіне, денсаулық жағдайына аса назар аударатындарын жеткізді. Өйткені көпшілік үшін қарапайым көрінетін шаруаға селсоқ қарау қайғылы жағдайға алып келуі ғажап емес.
Аудан тұрғындары үшін осы дүйсенбідегі қатты отын қорына байланысты мәліметті назарға ұсына кеткен жөн. Әкімдікке белгілі көмір саудасымен айналысатын бес кәсіпкер жоспар бойынша 20 мың тонна жеткізуі тиіс екенін айттық. Қазірге дейін 204 вагон отын қоймаға келіп түскен. Содан 650 тонна көмір қалды. Қысқа қамданып үлгермегендер «Тоғыс Аралотын», «Қазалы-Отын», «ЖК Жалмағанбетова» және «Капстрой» серіктестігі орналасқан қоймадан қажетін таба алады. Тек «Қазалы Тұлпары» мекемесінде тауар таусылған. Сондай-ақ «Тоғыс Аралотын» серіктестігінен басқа кәсіпкерлердің 22 вагон көмірі жолда келе жатқанын еске саламыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ