Жамбылдағы жарылыс: Себеп пен салдар
Қоңыр күз есіктен енерде қазақ жұрты тағы қара жамылды. 26 тамыз күні Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған жарылыс қабырғаны қайыстырып, еңсені езді. Оқиға салдары қалың өртке ұласып, адам шығынына әкелді. Бейбіт күнде қауіпсіздікті күшейтіп, тыныштықты түзетушілер жарылыс боларын болжай алды ма? Себеп не? Салдар қайсы?
Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Қайнар ауылы маңындағы әскери қойманың оқ-дәрі сақталатын базасында жарылыс болды. Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, 26 тамыз күні сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінде шыққан өрт салдарынан белгіленбеген заттар жарылған. Оны тоқтатуға бөлімнің өрт сөндіру командалары, техникалары тартылған. 14 азаматтың өмірін жалмаған жалын 97 адам денсаулығына залалын тигізген. Бұл қоймадағы оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелгендігі туралы Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтқан. Жағдай қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, химиялық реакциямен өздігінен туындауы немесе диверсия себеп болуынан туындауы мүмкін деп болжанған.
Өрт шарпыған өңірдің жақын елді мекендердегі жүздеген адам оқшауландырылып, блок пост қойылған.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазіргі жерлікті ахуал туралы былай деп айтты. «Бүгінгі күнге дейін 118 жылжымайтын мүлікке залал келгені анықталды. Оның 106-сы тұрғын үйлер болса, 12-сі коммерциялық нысандар. 32 тұрғын үйге күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігі туындаса, қалғандарына жай жөндеу жүргізу жеткілікті. Шығындар үкімет қаржысына, жергілікті бюджет пен демеушілерді арттыру арқылы жүзеге асуда», – деді сөзінде.
Көпшілік көңілді алаң етіп отырған ауруханаға түскен науқастарды сақтап қалуға Алматыдан қосымша арнайы мамандар жұмылдырылған.
Емдеу мекемесінде ес жиған өрт сөндіруші Бақыт Есенқұлов екінші лекпен өрт сөндіруге барып, бұйрық күтіп тұрған сәтінше жарылысқа түскен өзінің қазіргі жағдайы жақсы екендігін жеткізсе, Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Асыл Мұхаммеджанов алғашқы болып барып, жарылыспен бетпе-бет келгенін, одан кейінгісі есінде қалмағанын айтады.
Қаза болған қандастарды халық бейбіт күннің батырларына балайды. Өз қызметі жолында шейіт болғандар бүгінде жұрт жадында ерен ерліктерімен еленген.
Әке жолын қуған 44 жастағы Оңтүстік өңірі әскери прокуроры, әділет полоковнигі Арман Қапезов өртті сөндіруге алғашқылардың бірі болып ұмтылып, адам шығынын болдырмауға күш-жігерін жұмылдырады. Өзі кірген өртенген базадан қайта шыға алмаған қайсар жанды әріптестері құрметпен еске алады.
Қаза болғандарың бірі – Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, өрт сөндіру басшысының орынбасары Александр Микропуло. Сол күні кезекшілікте болған құтқарушы ширек ғасырдан астам уақытын өзі таңдаған саламен байланыстырған. Мақтаулы маман тәжірибесінде талай жалын құшағынан адамдарды аман алып қалуға септескен.
Өз істерін жан қалаулары ғана емес, өміріне балаған Оразбек Дәлібаев, Руслан Жанболатов, Елдос Сандыбаев, Арнұр Темірболатовтың да ерлікке толы істері сындарлы сәтте байқалды.
Жақында 40-қа толып, бейнетінің зейнетін көрер шаққа жақындап қалса да, жиған мол тәжірибесін жас буынға көрсетуден жалықпаған Марат Мешінбайды да бұл күні туыстары жоғалтты. Қызыл жалын құшағында жан тәсілім еткен боздақтар, өрт сөндіруші Тәңірберген Төребеков пен Еркін Нәдірбеков. Оттан опат болған Мейіржан Айманов жойқын жарылыс кезінде қызметкерлерді қауіпті аймақтан эвакуациялауға қатысып, бірнеше адамды ажал құшағынан арашалап, екінші жарылыста өзі мерт боларын білді ме екен?.. Ал жарылыс болған жерге алғашқы өрт сөндіру бригадасымен барған екі азамат туралы дерек әзірге беймәлім.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мұны мемлекет басшысы Twitter парақшасында мәлім етті.
«Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлікпен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімдері ел жадында мәңгі сақталады» , – делінген жазбада.
Ел Президенті ерлікпен қаза тапқандарды лайықты құрметтеді.
Жанқиярлығы үшін І дәрежелі «Айбын» ордені Арман Қапезов, Александр Микропуло, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Оразбек Дәлібаев, Руслан Жанболатов, Марат Мешінбай, Еркін Нәдірбеков, Елдос Сандыбаев, Арнұр Темірболатов, Тәңірберген Төребековке берілді.
Мейіржан Айманов «Халық қаһарманы» атанып, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды. Марапат марқұмдардың отбасылары мен туыстарына табыс етілді.
Халқымызда «Қайғыны бөліссе, азаяды» деген нақыл сөз бар. Жамбылдағы жарылысқа барлық қазақстандық өздерінің көңіл айту ниеттерін білдіріп, ортақтастықтарын жеткізіп, қолдан келер көмекте жұмыла бірігетіндіктерімен бөлісті.
Жалпыұлттық аза тұту күнінде Қазалы ауданы Рәміздер алаңындағы Тудан бастап барлық мекемелердегі Мемлекеттік Тулар төмен түсіріліп, аудандағы барлық мешіттерде бір мезгілде әруақтар рухына құран-хатым бағышталды. Көңіл көтерерлік салтанатты шараларға тоқтау қойылды.
Тәуелсіздік алғаннан бері оныншы рет жарияланып отырған аза тұту күнінде әрбір қазақстандық жанқиярлықпен жан тәсілім еткен ерлерді еске алуға, лайықты құрмет көрсетуге ұйыстырылды.
А.МЕЙІРХАН