Жаңа оқу жылында жаңалық көп
Мұндай сауал күз жақындап, жаңа оқу тоқсаны басталатын тұста көптің көкейінде жүргені жасырын емес. Әлемнің апшысын қуырған коронавирус індеті өршіп тұрған уақытта «күзде баламызды мектепке береміз бе, бермейміз бе?» деп екұдай сезімде жүрген ата-аналар баршылық.
Аталмыш сауалға байланысты сәрсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды.
Жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылына әзірлік жұмыстарын баяндады.
Қазіргі таңда еліміздің 7475 мектебінде 3,4 миллионнан астам оқушы, оның ішінде 1-ші сыныпта 380 мыңнан астам бала оқиды деп күтілуде. Ведомствоаралық комиссияның және бас санитарлық дәрігердің шешімімен биылғы оқу дәстүрлі форматта жүргізілмекші.
Айта кету керек, Қызылорда облысында жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта оқыту жұмыстарының дайындығы толығымен аяқталған.
Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтердің 95%-ы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлері екпе алған.
Ал ауданымыздағы жағдай жөнінде аудандық білім бөлімі басшысы Әділхан Жөлекешов: «2021-2022 жаңа оқу жылы ведомствоаралық комиссияның және бас санитарлық дәрігердің шешімімен дәстүрлі форматта басталады. Биыл аудандағы барлық білім беру ұйымдарында 16574 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Осы оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын 1706 бүлдіршіннің 1636-сы қазақ сыныбына, 70-і орыс сыныбына қабылданды.
Барлық білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастауға толығымен дайын.
Бүгінгі күнге мектептердің оқу жылына дайындығы сараланып, санитарлық талаптардың сақталуы басты назарға алынды. Білім ошақтарындағы қауіпсіздікті арттыру үшін барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» жобасына тіркелді. Аудандағы барлық білім саласы қызметкерлерінің бала күтімінде отырған және денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімі барынан басқа 98 процент қызметкер коронавирусқа қарсы вакцина қабылдады. Қалған қызметкерлер бірінші қыркүйекке дейін екпе салдырады деп жоспарлануда, – деген пікірін жеткізді.
Мектеп формасы алдағы оқу жылында міндетті ме?
Иә, ел ішінде осы әңгіме төңірегінде де түрлі алып-қашпа әңгіме бар. Әйтсе де біз көптің көзқарасына емес, ресми мәліметтерге сүйеніп, нақты әңгіменің төркінін елдің бас ұстазының сөзінен келтіруді жөн көргенбіз.
– Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық.
Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын.
Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады, – дейді елдің бас ұстазы Асхат Аймағанбетов.
Мұнымен қоса ол бұндай шешімге ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап қорытынды жасаған.
Айта кетерлігі, бұл шешім тек ғана келесі оқу жылы үшін қабылданды.
– Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескердік. Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, вирус жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз.
Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады, – дейді бас ұстаз.
Қош келдің, «Әліппе»!
Бұрын Кеңес үкіметінің тұсында «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды, Айналайын Косыгин байталымды қайтарды» деп келетін әжуа бар болатын. Дәл сол секілді Ерлан Сағадиевтің тұсында тәуелсіз қазақ елінің білім саласы түрлі реформа мен эксперименттердің тайқазанына айналып кеткені жасырын емес. Оның көпшілік зардабын әлі тартып-ақ келеді.
Соның ең сорақысы, қазақ халқын қынжылтқаны әліппенің мектеп қабырғасынан алынып қалғаны еді. Әліппе дегенде жүрегі елжіремейтін қазақ кемде-кем. Сол Сағадиев алып тастаған әліппені биыл білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары Қазақстан мектептеріне қайта оралатынын сүйіншіледі.
Осыған орай жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулықтарды таныстырған болатын.
Ал ауданымыз әліппемен қалай табысады. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Ә.Жөлекешов:
– Жалпыға міндетті орта білім беру қоры шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының 324 баласы киім, аяқ-киім мен қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында оқушыларға мектеп қорындағы оқулықтар таратылды. Оған қосымша 44568 дана оқулыққа тапсырыс жасалып, ауданға жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, биылғы оқу жылында «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары қайта енгізілді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалған «Әліппе» балалардың білімге деген құштарлығын оятып, іргетасын қалайтын оқу құралы болатыны белгілі. Алдағы білім күнінде өтетін іс-шарада 1 сыныпқа қабылданған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» оқулығы табысталады, – дейді.
Әрине талай буынның сауатын ашқан «Әліппе» Алаш баласы үшін ыстық екені рас. Көпшілік орта да мұны үлкен қуанышпен қабылдайтыны жасырын емес.
Е.ТАБЫНБАЕВ