Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайылымдық жер дауы шешіле ме?

Жайылымдық жер дауы шешіле ме?

Жуырда газет редакциясына ауданға қарасты бірнеше ауыл тұрғыны хабарласып, қазіргі жайылымдық жер жайын айтып, өздеріне тиесілі орында өзгенің малы мыңғырып, таптап жүргенін, бұған округ жұртшылығы наразылық туғызып жатқанын айтты. Мәселенің мән-жайын білу мақсатымен бірқатар ауылға ат басын бұрдық.
Қазір ауданға қарасты ауылдарда жайылымдық жер мәселесі күн тәртібінен түспейді. Олай дейтініміз, әрбір округ тұрғынына тиесілі мал жайылымға сондағы үйір-үйір мал ұстайтындардың төрт түлігі жайылып, жерлерін таптап жатқанын бүгінге дейін естіп жүрдік. Ал бұған жергілікті әкімдік қандай шара көруде? Халық ренішін тудырған түйткілдің шешу жолы қандай? Әрбір таңбаланған малдың иесі арнайы меншіктеп берген жерге неге жаймайды?

Мұратбаевтан шыққан шу
Ең әуелі ауданға жыл санап ентелей енген Ғ.Мұратбаев ауылына аялдадық. Округ айналасын шолып, сол жерде жеке кәсіпкерлер, қала мен кенттің түлігі жайылып жүргенін көзімізбен көрдік. Бұл жағдай сол ауылдағы мал ұстаған ағайын үшін қиындық тудыруда. Ол аз десеңіз, жақын көрші ауылдардың сиыры мен жылқысы, қой-ешкісі келіп қосылуда. Бұған елді мекен тұрғындарының наразылығы одан әрі ұлғаюда. Осы мәселенің анығын білу үшін ауыл әкімі Абай Рыстығұлдан сұрап білдік.
– Жылдан жылға ауданда мал бағатындардың қатары артты. Соның салдарынан оларды жаятын жердің аясы тарылып, барлығы осы ауылдың шекарасына келіп тығылады. Бұл негізгі жергілікті тұрғындарға берілген жер. Мұны малын бос жіберіп, азығын басқа аумақтан тауып беріп отырған жұртшылық естен шығармауы қажет. Ауыл тұрғындары мал жайылатын жердің аз болуынан РЗА ЖШС-на тиесілі орындарды сұрап ел-халық игілігіне беріп отырмыз. Ал оны шаруа қожалығы бар азаматтар рұқсатсыз пайдаланып, көпшілік ызасын өршітіп тұр. Олар әуелден мал ұстаған соң, қожалық ашып, өздеріне тиесілі аймақты анықтап, сол жаққа кетуі керек емес пе? Заңға сүйенсек те, анығында осыған барып тірелеміз.
Негізі бұл түйткіл өткен жылдан бері көтерілуде. Ауыл халқы бұған өкпесін айтып, ауыл әкімдігінен әлсін-әлсін шешім тауып беруді сұрайды. Бұған қатысты бүгінде көптеген жұмыс атқарып жатырмыз. 10-15 үйірі бар азаматқа қайта-қайта ескерту жасап, есігін қақсақ «жиындарыңа қатысып, мұның шешілуіне атсалысамыз» дейді. Алайда артынша хабарсыз кетіп, «біз бармасақ та, бұл шешімін табады» деп күттіріп қояды. Дегенмен жиында баршаның көзінше кімнің малы жүргенін анықтап, алып кетуін өтіну керектігінен, соңы қиындық туғызады. Бізден оларға қойылатын талап, шет аймақтан қожалық ашып, малын сонда жаю. Мұндағы жерді ауыл тұрғындары пайдаланады. Оның өзі бізге жетпейді. Ендігі «мал басын Ғ.Мұратбаев ауылына жайып көбейтіп аламын» дегендер біле жүрсін біз ауыл халқымен бірігіп, округте үлкен қора тұрғызып, иесіз, рұқсатсыз жүрген малдарды сонда қамайтын боламыз, – деді ауыл әкімі.
Басшының жанайқайы осы. Жайылымдық жерден туындаған мәселе әбден титықтатқан. Заңға сүйенсек, Қазалы ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихатының 2016 жылғы 10 қарашадағы №62 шешіміне сәйкес, Ғ.Мұратбаев ауылдық округі елді мекеннің шекарасын өзгерту туралы қаулысы қабылданып, жалпы жер көлемі 4401 гектар және жайылымдық жерлері 3065 гектарға ұлғайтылған.
Қазір төрт түліктің көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі осы ауыл маңында жайылады. Сондықтан осы жердегі жергілікті жұртшылыққа тиесілі аумақ азып-тозып, түйінін тарқату одан әрі күрделеніп барады. Рұқсатсыз малын өзгенің жеріне кіргізгендер бұл мәселеге жауап бермей, үнсіз отыр. Соның салдарынан ауыл маңы тақыр жерге айналуда.
Осы мәселе төңірегінде шаруа қожалығы көп ауылдың бірі – Құмжиек ауылдық округіне табан тіредік. Ауыл әкімі Болатбек Баймахановтың айтуынша, жергілікті жерде бұл мәселеге қатысты ешқандай айқай-шу жоқ екен.
– Соңғы кездері ауданға қарасты ауылдарда осы түйткіл қозғалып жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Біздегі жер аумағы өте үлкен. Ауылдың бір тұсы Жезқазған мен Қармақшы, екінші жағы Сарбұлақ округімен шекаралас. Сондықтан жайылымдық жер жергілікті халыққа жетеді. Қазірдің өзінде округте 75 шаруа қожалығы бар. Барлығының төрт түлігі ауыл маңында жайылып жүр, – дейді Болатбек Құрманбайұлы.
Әкімнің сөзінен ауылдағы жайылымдық жердің айтарлықтай мәселе еместігін аңғардық. Алайда ауыл тұрғыны Айбол Жарылқасыннан мал жайылатын орынның тарлығын білдік.
– Жасыратыны жоқ, ауылда шаруа қожалығы өте көп. Дегенмен олардың барлығы малдарын арнайы меншіктеп берген жерде ұстайды. Ал құмжиектіктердің түлігі Қызылту аумағына бағылады. Осылайша қос ауылдың шетіндегі сиыр мен қойы қосылып, екі ортаға жайылады. Сондайда жердің тар екені сезіледі. Тағы бір мәселе жазғы мезгілде мал ішетін судың тапшылығы, – деді Айбол Орақұлы.
Айта кетейік, ҚР-ның 2017 жылғы 20 ақпанындағы «Жайылымдарды беру және пайдалану тәртібі туралы» 15 бабаның 1 тармағына сәйкес, кенттердің және ауылдық елді мекендердің аумағы шегінде орналасқан, мемлекет меншігіндегі жайлымдар жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларын аналық (сауын) мал басын ұстау мұқтаждығын қанағаттандыру үшін беріліп, күшіне енген. Бұл заң бұған дейінде реттеліп келген жайылымның мәселесін бабалар қалдырып кеткен ізбен ресми түрде реттелуін көздейтін ең алғашқы құжат болып табылады.
Ауданмен іргелес ауылдар жыл санап көркейіп, мәселелер шешімін тауып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Мұндағы басты тарқатылмай тұрған түйткіл – жайылымдық жер жайы. Ол қатарда көрші Сарыкөл округі де бар. Ауыл әкімі Байназар Ерқосаев: «Ауылға өзге түгелі, өз малымыз сыймай жатыр» дейді.
– Біздегі бұл тақырыптың қозғалып жүргеніне көп болды. Жайылымдық жер аз. Өзгелер ауылдан өрістік орын сұраса, беретін аумақ жоқ. Жергілікті жұртшылық биылдан бастап «төрт түлігімізді сыртқа апарып, басына қос тігіп, сонда бағайық» деп отыр. Мұның қаншалықты дұрыс екенін алдағы күні бір шешім шыққанда білеміз, – дейді округ әкімі.
Ал ауыл тұрғыны Бақытжан Аяп: «Халыққа тиесілі жердің көбісін кәсіпкерлер сатып алған» деді.
– Округ өрісінде жүрген жануарлардың саны жыл санап артуда. Қайсысы кімнің қойы, жылқысы, сиыры екенін білмей қалдық. Соның басым бөлігі аудандағы жеке кәсіпкерлердің малы. Олар өздеріне меншікті жерлеріне кетуі қажет, – деген уәжін білдірді.
Саз түйінін таратқан жер мәселесі болғаннан кейін аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтовтің де пікіріне құлақ түрдік.
– Біріншіден, жайылымдық жер мемлекеттік меншіктегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жерді пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта тәртіппен белгіленген және шарттар конкурс негізде жүзеге асырылатынын айта кету керек.
Әуелі жайылымдық жер алуға ұсыныс тастаған адамның сұранысына сай орындар бос немесе бос емес екенін анықтаймыз. Одан соң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің конкурс арқылы берудің тиімділігі жер учаскелерін беру барысында сондағы ауыл қоғамдастықтың хаттамасын алады. Ондағы мақсат – алдағы күндері ауылдың мал жайылымына зияны жоқ екенін нақтылау. Яғни қолдау білдіруін қараймыз.
Одан бөлек шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жерді пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын учаскелерінің тізбесін аудандық, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы қалыптастырады. Бұл қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісіледі, – дейді Еркін Нұржаубайұлы.
Демек өз алдына шаруа қожалығын ашуға ынталанған кәсіпкер ең алдымен өзіне қажетті жерге ұсыныс тастап, артынша жер қатынастары бөлімі оны беруге не бермеуге болатыны жөнінде анықтайды. Егер келісім болса, конкурс жариялап, сұраушының талабына сай жүзеге асырады. Ал біздегі кей кәсіпкерлер заңды жолмен жайылымдық жер алып, өз малын сол жерде ұстаудан қашып, қарапайым халыққа қажетті орынға төрт түлігін жайғанды құп көреді. Әділеттілік қайда?
Ауыл әкімдерінің бірі, алдағы уақытта жеке мал ұстаушылармен сөз таластырмай, қажетті жұмыс жүргізетін боламыз десе, екіншісі, мұның қиындық келтірмейтінін айтуда. Түптеп келгенде рұқсатсыз малын ауыл аймағына жіберген ағайын, өздеріне тиесілі қожалық ашып, мемлекет бекіткен орынға ойысқаны дұрыс. Бір жағынан жауаптылар тез арада қолға алып, оңтайлы тұсын табу қажет. Әйтпесе «мал ашуы, жан ашуы» дегендей, соңы жақсылыққа апармасы сөзсіз.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
13 наурыз 2021 ж. 3 134 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 55

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930