Қызылордада ауыл мектебінің оқушысы грант иеленді
Қызылорда облысында алғаш рет телевизиялық форматта өткен «Интеллектуалды ұлт» байқауында ауыл мектебінің оқушысы арнайы грантты жеңіп алды.
Интеллектуалдық сайыста облыстың дарынды, білімді жастарынан топ жарып, финалдық кезеңде үздіктердің үздігі болған Қазалы ауданындағы №102 мектептің 11-сынып оқушысы Аида Сүлейменқызы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің ректор грантына ие болды. Аида Сүлейменқызы – Алтын белгіге үміткер зерделі оқушы.
Ал, Арал ауданындағы №220 мектептің 11-сынып оқушысы Әділхан Ахметов пен Қызылорда қаласындағы №101 мектептің 11-сынып оқушысы Ерболат Жанболат университетте білім алуға 50 пайыз жеңілдік сертификатын иеленді.
Айта кету керек, білім жарысында барлығы қала, облыс оқушыларынан 50 команда қатысып, финалдық кезеңге 4 команда 12 оқушы іріктелді. Сайыста оқушылар «Ойдың жылдамдығы», «Полиглот», «Тәуелсіз Қазақстанның даму кезеңдері» атты 3 кезеңде білімдерін дәлелдеді.
Сайысқа облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры Жандос Базартай, Қызылорда телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымова, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Мукеев қазылық етіп, балалардың білімін бағалады.