Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздегі халықтың саны 23 миллионнан асты

Еліміздегі халықтың саны 23 миллионнан асты

Посткеңестік кеңістікте мигранттар үшін магнит рөлі Қазақстанға көшті.
Қазақстанда 23 миллиондай халық тұрады десек сенесіз бе?
Әрине, сенбейсіз. Себебі, ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің ресми дерегінше, 2018 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 18 миллион 157,1 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар үлесі – 10 миллион 426,5 мың немесе 57,4%, ал ауылдықтар саны – 7 миллион 730,6 мың адам немесе 42,6%. 2017 жылдан бері қазақстандықтар саны 231,2 мың адамға немесе небары 1,3%-ға ғана өсті.
Алайда сонымен бірге тіксінтерлік тағы бір мәлімет анықталып отыр. Ел үкіметінің хабарлауынша, қазіргі кезде Қазақстанға «екі қолға бір күрек» іздеп келетін шетелдіктердің саны 5 миллионға жеткен! Оның ішінде тек шамамен 2 миллионнан астамы ғана ішкі істер органдарында тіркеледі.
Келімсектердің 90%-дан астамы ТМД елдерінің азаматтары екені мәлім болды. Әсіресе, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтарының қатары басым.
Мигранттар да адам. Олар да баспана астында тұруы, тамақ, су ішуі, тұрмыстық және басқа қызметтерді тұтынуы керек. Салдарынан, коммуналдық қызметтерге жоспарланбаған артық салмақ түседі.
Сарапшылар санкциялық қыспақ пен оқшаулану, экономикалық кері кету жағдайында көрші Ресейдің өз халқын жұмыспен қамту мақсатында еңбек мигранттарына қуатты тосқауыл қойып жатқанын айтады. Соның кесірінен, солтүстік көршімізде тіпті заңдастырылған еңбек мигранттарының саны былтыр екі есеге (тоғыз миллионға дейін) азайып кеткен және бұл үрдіс ары қарай жалғасуда. Мамандар мұны Ресейде экономикалық ахуалдың нашарлауымен, шетелдіктердің жұмыс жасауға рұқсат алу құжаттарын рәсімдеуінің қиындатылуымен, тиісті алым-төлемдерінің көтерілуімен түсіндіреді.
Нәтижесінде, посткеңестік кеңістіктегі мигранттар үшін магнит рөлі Қазақстанға көшті.
Өйткені бізде, керісінше, шетелден жұмыс күшін тарту жеңілдеді. Егер бұған дейін мигрантты әкелуге тек ірі жұмыс берушілер мен компаниялар ғана құқылы болса, қазір тіпті кез келген қазақстандық өз үйіне бала күтушіні, аспазды, бағбанды, оққағарды және басқаларын жатжұрттардан тікелей алғыза алады. 2014 жылы Қазақстанда жеке тұлғалар қолында жұмыс жасайтын шетелдіктердің қызметін реттеу үшін ішкі істер органдарының жеңілдетілген тәртіппен «еңбек патенттерін» беруі заң жүзінде бекітілді.
Содан бері қарапайым тілмен айтсақ, қазақстандықтарға жұмыс жасайтын заманауи «малайлардың» саны алты есеге өсіп шыға келді. Мұны ресми мәлімет растайды. Ішкі істер министрлігінің есепті дерегі бойынша ведомствоның көші-қон қызметінің бөлімшелері 2014 жылы небары 72 мың осындай рұқсат қағазын беріпті. Содан кейінгі 2015 жылы ұсынылған еңбек патенттерінің көлемі екі еселеніп, 141 мыңға жеткен. Ары қарайғы өсуді тау басынан құлаған жентек қардың алапат көшкін туғызуына теңеуге болады. 2016 жылы қазақстандықтар 322 мың қызметшісін шетелден алғызуға көші-қон қызметтеріне өтінім білдірген. Былтырғы 2017 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш орасан зор 446 мыңға жетіп отыр. Алда бұл сан миллион межесін бағындырады деп күтілуде. Осылайша, қазақ отбасылары жаһандық ірі жұмыс берушіге айналуда.
Әрине, еңбек патенті тегін берілмейді, ол бойынша жұмыс жасайтын мигрант өз табысынан салық төлейді. Мемлекет қазынасына олардан жалпы көлемі 10,4 миллиард теңге түсім түскен. Бұл сонша көп деп айтуға келмейді: егер әр жылға шақсақ, 2014 жылы – 553 млн, 2015 жылы – 1,3 млрд, 2016 жылы – 3,4 млрд, ал 2017 жылы – 5,1 млрд теңгені құрайды.
Үкіметтің ақпарынша, «қабылданып жатқан шаралар, атап айтқанда полицияның мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізген «Мигрант», «Нелегал», «Құқықтық тәртіп», «Участок» секілді рейдтік және жедел-профилактикалық шаралары қорытындысында 2017 жылы еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған 109,8 мың шетелдік ұсталды. Соның ішінен 13,7 мың шетелдік елімізден аластатылды. Енді оларға бес жыл бойы Қазақстан аумағына аяқ басуға тыйым салынады. Жұмысқа орналасуға рұқсат алмай-ақ, еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін 12,4 мың шетелдік әкімшілік жазаға тартылды.
Осы орайда ел үкіметі Қазақстанда жұмыс жасауға ынта білдірген шетел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттары, паспорттары міндетті түрде мемлекеттік тілге немесе ресми орыс тіліне аударылуға тиістігін еске салады. Бұл оны салық төлеуші ретінде тіркеу үшін қажет көрінеді.
Ал Ресейдегідей елдің тарихын, мәдениетін және мемлекеттік тілді білуден емтихан тапсыру секілді мигрантқа қосымша талаптар бізде енгізілмейді.
Бұдан біраз бұрын сарапшылар мен парламент депутаттары келімсектердің елімізге атын естісе, адам жаны тітіркенетін жұқпалы дерттерді әкеліп, таратуы мүмкіндігін алға тартып, оларды шекарада медициналық тексеруден өткізгеннен кейін ғана Қазақстанға кіруге ұлықсат етуді ұсынған болатын.
Бұған жауап ретінде үкімет шетелдіктердің медициналық тексеруден өтетінін, бірақ бұл олар елге кіргеннен кейін тұрғылықты жерінде жүзеге асырылатынын еске салады. Өйткені еңбек кодексінің 26-шы бабына сәйкес, шетелдіктер еңбек келісімшартын бекіткенде өз денсаулығына қатысты медициналық қорытындыны міндетті түрде ұсынуға тиіс.
Осы мақсатта медициналық анықтаманың арнаулы №086 формасы бекітіліп отыр.
Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі медициналық тексеруді өткізу талаптарын өз бұйрығымен жеке бекітті. Ол құжат бойынша еңбек мигранттарына мұндай қызмет көрсетуі үшін мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың мемлекеттік лицензиясы болуы шарт. Және де бұл қызмет тек ақылы негізде жүзеге асырылады. Яғни, мемлекеттік емханаларға оны қазақстандықтарға арналған кепілдендірілген тегін медкөмек көлеміне қосуына тыйым салынады.
«Жеке тұлғалар, соның ішінде шетелдіктер мекенжайлары денсаулық сақтау министрлігінің интернет ресурсында орналастырылған медициналық ұйымдардың кез келгеніне жүгіне алады. Қызмет көрсету шарттары ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік емханалардың жұмыс тәртібі сағат 20.00-ге дейін ұзартылды», - деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Еңбек мигранттарының жұмыс жасауына қажетті рұқсат қағаздарды алуын қолайлы ете түсу үшін ел үкіметі қосымша шаралар қабылдауда. Астанада «Миграциялық қызметтер орталығы» атты пилоттық жобаны жүзеге асыру басталды. Ол бойынша рұқсат алу үшін келімсектер әр мекемені адақтап, табанынан таусылмайды: оларға Астана қаласының көші-қон және криминалистік қызметтерінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, ХҚКО-лардың, салық органдарының қызметкерлері бір ғимаратта отырып, бір жерден қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, медициналық ұйымдардың, сақтандырушы компаниялардың, екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері де осы ғимарат ішінде отырады.
Осының арқасында егер бұрын елімізде жұмыс жасап, табыс табу үшін шетелдіктер керекті қағаздар соңынан 5-7 күндей жүгіріп келсе, енді ол шаруасын бір күнде бітіретін болады.
Ел үкіметі дәл осындай орталықтарды еліміздің басқа да өңірлерінде ашу мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдейді.
26 ақпан 2018 ж. 1 816 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930