Алтын домбыралы ақын
Бүгінде айтыс аламанында алдаспандай ақындар жеткілікті. Солардың арасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жүргендері санаулы. Аталмыш ат төбеліндей шоғырдың ішінде Сыр сүлейлерінің жалынды ізбасары, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың шоқтығы биік. Әліне қарай шабатын арғымақтар арасында Қазтуғандай өр, Бұқардай ділмәр, Махамбеттей өткір, Бөлтіріктей шешені де Мұқаң десек жарасымды.
Атырау мен Алтайдың арасындағы сөз сайыпқырандары тобында талай мәрте төске өрлеп, адуынды жырымен мұқым жұрттың көзқуанышына айналған азамат жуырда Қазалы ауданында болды. Халықпен кездесіп, Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында салиқалы сұқбат ұйымдастырды.
Кеш тізгінін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығының басшысы Болат Жолтаев ұстап, көпшіліктің сан түрлі сұрағына жауап берді.
Есік сынған күн
Амандық-саулық сұрасқаннан кейінгі әңгіме «Айтыстың келешегі бар ма?» деген сұрақтың тұрғысында өрбіді.
Әрине қазақ барда – айтыс бар. Кеңпейіл жұрттың кестелі өнерінің ішінде сөз бәсекесінің жұлдызы жоғары.
– Кез келген нарық талабына салсақ та халыққа сұранысы бар өнімнің бағасы қымбат, екіншіден, оның ғұмыры ұзақ. Біз айтыстың өзін жеке дара бөліп алып, ұрпақтың санасынан тыс дамытсақ, онда ол жойылып кетуі мүмкін. Ла Скала сияқты әлемдегі ең беделді театрларда қойылымдар 4-5 сағат өтсе, онда ол үлкен сенсация ретінде есептеледі. Айтысты тамашалауға жұртшылықтың қанша уақытын бөлетінін өздеріңіз білесіздер.
Бір ғана мысал айтайын, Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы драма театрда Жалаңтөс Баһадүрдің 430 жылдығы өтті. Оған қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз төрағалық жасады. Айтыс Мырзекеңнің уақытының тығыздығына байланысты өте жиілікпен өтті. Ол кісі ертеңіне сағат 11-де ұшақпен ұшуы керек. Сондықтан түнгі үшке дейін созылды. Ақтық бәсеке таңғы жетіде басталып, тоғызға дейін бітуі керек делінді. Сонда таңқалғаным, өмірімде бірінші рет қандай мезгіл болса да айтыс көруге келген адамның көптігінен есік сыртқа емес, ішке қарай сынды. Әдепкіде «таң алдында жұрт айтысқа келе ме, келмей ме?» деген ойда болдық. Бірақ таңғы 5 жарымнан бастап адам жиналып, алтыда зал лық толып отырды, – деді.
Аралда бір Абдолла өсіп келеді
Домбыра – халықтың мыңжылдық мұрасы. Қадыр ақын «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» десе, Мұхтар «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – Қазалы!» дейді. Оның өзіндік те себебі бар.
– Бұл жерді Мұқағали өлеңіне қосқан, қаншама аузы дуалы, көзі куәлі ағайын келіп түстенген, жанына қуат алған. Қазалы қазақ тарихындағы кесек-кесек таланттардың томағасын сыпырған киелі жер. Менің қаншама достарым, бауырларым осы жерден. Соның ішінде жүрегіме жақын, ерекше тұлға, белгілі ақын Абдолла Сапардың орны биік еді. Өкінішке орай, бүгінде өмірде жоқ. Бұрынғы кездесулер мен айтыстарда мың адамның ішінен көзіммен іздеп тұратынмын. Арал, Қазалыға қарай сапарға шықсам жүрегім елегізіп, тулап қоя береді.
Кеше Аралда бір қызық болды. Біз түскен резиденцияда бір жігіт жүрді. Пейілімізге орай, сол күні әлгі жігіттің келіншегі босанып, жақсы жаңалыққа кенеліпті. Маған «ат қойып беріңізші» деп қолқа салды. Ойланбастан «Абдолла болсын!» дедім. Қай заманда да ақын халықтың алақанында жүретін қауым ғой. Тек таланттарымызды тірісінде қадірлей білейік, – деген ойын жеткізді.
«Жазба ақын – хирург, айтыскер – фельдшер»
Жалпы ақыннан сөз артылған ба? Тапқырлық пен ой ұшқырлығы да жұрт алдына суырылып шығып сөйлейтін шайырларға тән. Оған осы жолы да куә болдық. Жалпы көпшілік поэзия ақыны мен айтыскерді ажырата алмайтыны шындық. Болат Әбенұлы: «Ақындардың түр-түрі болады. Жазба ақын, айтыс ақыны, сарайы ақыны дейміз. Жалпы айтыскер мен поэзия өкілінің айырмашылығы неде?» деп сұрады.
Оған алтын домбыралы ақын:
– Ауруханаларда фельдшер мен хирург дәрігерлер болады. Екеуінің қызметі екі түрлі, бірақ екеуі де керек. Қай жерде қиындық болса, алдымен жедел-жәрдемнің көлігі жетеді. Олар ауыр ота жасауға кірмейді. Әйтсе де алғашқы көмек көрсетіп, орнынан тұрғызады. Мұнан соң асықпай емдейтін жандардың қолына әкеліп береді.
Айтыс пен поэзияны осыған ұқсатамын. Айтыс – жылдам, шалт өнер. Табан астында шешім қабылдайды. Сөйте тұра ол да үлкен сөздерді айта біледі. Поэзия асықпай ота жасайтын дәрігерге ұқсайды. Зерттеп-зерделейді, адамның жанына, жүрегіне, көңіліне екшеп жазады. Шын ақын болатын болса, артық сөзді қоспайды.
Бірақ осы екі саланы да қос шылбырдай ұстап отырған қанша талантты азамат бар. Есенқұл Жақыпбеков, Қонысбай Әбілов, Бауыржан Халиолла секілді ағаларымыздың айтысы поэзиясынан, поэзиясы айтысынан күшті.
Төлегеннің «Біз екеуміз Әмуменен Сырдаймыз, Бір Аралдың толқыны боп жырлаймыз» деген өлеңі бар ғой. Екеуі де Сырдария мен Әмудариядай болғанымен халықтың мүддесі үшін қызмет етеді.
Өткір сұрақ, ойлы жауап
Осындай ой мен қырды кезген келелі кездесу көрермендердің сауалына қарай ойысты. Көпшілік ішінен «Сізге бұл қасиет кімнен дарыды?» деп сұралды.
«Негізі бұл көп қойылатын сұрақ. Бірде Балғынбек Имашовтан:
– Жігіттің үш жұрты бар дейді. Сізге өнер қай жұрттан қонды, – депті.
Сонда Бәкең:
– Айтыстағы негізгі жүлделерімді үйленгеннен кейін алдым. Соған қарағанда қайын жұртымнан дарыды-ау деймін, – деп күліпті.
Алма ағашынан алысқа түспейді. Негізсіз, кездейсоқ ештең болмайды. Кездейсоқ болса, ұзаққа бармайды. Тамырмен топтасып, ата-бабаларымыз бен әке-шешемізден қасиет дариды. Сол сынды әкеміз бен анамыздың бойындағы таланттар құйылып келіп, менің бойымнан табылып жатқаны шығар деп ойлаймын.
Баяғыда Оразалы мен Бекарыс айтысып, Оразалы Сүйінбайдың тұқымымыз дегенде Бекарыс: «Ақындық тұқым қуалағанымен, жеңіс тұқым қуаламайды», – деп айтқан. Сол сияқты ақындық қабілет бойда болғанымен оны нәтижеге жеткізу сенің еңбекқорлығыңа байланысты.
Тек қана ақындық емес, кез келген кәсіпке бейімділігіңді дамытып, оны ұштай білсең, сонда ғана қоғамға қажетті болып, адамды шыңға шығарады. Біз қазір бәрін біліп, ештеңе білмейтін болып кеттік. Жастарға айтарым, бойыңызда қандай талап бар, соның ауыстырылмайтын маманы болыңыз. Сіз кетсеңіз орныңыз ойсырап қалайтындай болсын. Нағыз бәсеке енді басталып келе жатыр. Баяғыдай бір жерде жарты «ставкамен» тіркеліп қойып, екінші жерде өлмелі жан бағатын кез қалып барады», – дейді шайыр.
Қазақтан сөз артылған ба? Біздің бабаларымыз түгел сөздің түбі бір деп айтудай-ақ айтқан. Соның бірі «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын шығады» деген тәмсіл. Осы жайында кеш жүргізушісі қадірлі қонағынан сұрады.
– Құранда 114 сүренің біреуі саналатын, ақындарға арналған «Шуғара» деген сүре жазылған. Алла тағала ақынның бойында жауапкершілік болғасын осы сүрені арнаған шығар деп ойлаймын. Яғни, олардың қоғамдағы үлкен міндеті бар. Кез келген жағдайдан шығу үшін тарихты біліп, өткенді зерделей отырып жазады. Қадырдың «Тарих деген өткеннің іргетасы, Іргетассыз болашақ қаланбайды» деп айтқаны бар.
Баяғыда Маңғыстауда Құлшық деген би болыпты. Ресей жағынан бір адамдар келіп сөйлесіпті. Солар:
– Біздің ресейдің жерін 300 метр қазған екен, үлкен құмыра табылыпты. Біздің тарихымыз тереңде екен, – деп мақтанып жатқан көрінеді. Сонда әлгі би:
– Біздің Маңғыстауды 500 метр терең қазған екен. Ештеңе табылмапты. Соған қарағанда оданда әрі де екен-ау деймін, – депті.
Осы сынды салыстырып қарағанда біздің тарихымыз өте тереңде. Алысқа бармай-ақ Қазалының айналасындағы шаһарлар, ескі қалалар соның айғағы. Аралдың астында теңіз болғанын білеміз, бірақ Атлантида секілді оған ешкім барып қала салмайды ғой. Құрғақ болған кезінде мәдениетіміз, өркениетіміз болған. Осындай тарихты түгендеу, оны біліп, қастерлеу ақындардың борышы. Сондықтан ақындардың құлағы 40 жыл емес, екі құлағы кем дегенде сексен жылдан хабар тартып тұру керек деп ойлаймын, – деді .
Адамда «жүз пайыз талант болса, қалған тоқсан тоғыз проценті еңбек» деген. Осындай келелі кездесуде «Сіз ақындығыңызды қалай шыңдайсыз?» деген сауал қойылды. Оған айтыс ақтаңгері:
– Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді» деген сөз бар. Осындағы оқты жону дегеннің өзіндік әдебі қалыптасқан. Оны қалай болса солай ұштап жіберіп, бос тартып жібермейді. Егер сол ұштап отырғаныңда 1 миллиметр қателессең, оғың нысанаға емес, басқа жаққа ауып кетуі мүмкін. Ал желдің ұшу бағытын, соның энерциясын өлшеп отырып жону керек. Дәл осындай ақындықтың да талабын ұштап, сөзің нысанасына дөп тиюі үшін күнделікті жетілдіріп отыру маңызды.
Әр өнердің өзін дамыту технологиясы бар. Айтыста кітап оқумен ғана шектеліп, соған байланысты ақпаратты бөлісумен ғана емес, сан-салалы бағытта іздену керек. Соны қойын кітапшаға теріп, күнделікті қолданысқа енгізе білу шарт.
Тағы да Қадырға келіп тірелеміз. Ол кісінің Көпен Әмірбекке қатысты: «Акуланың бір түрі болады. Өмір бойы жүзіп жүреді. Бір күн тоқтап қалса, теңіздің тереңіне батып кетеді. Қайтадан бетіне шығуға оған мүмкіндік жоқ. Өйткені ол мәңгілік тоқтамай, өлгенше жүзіп жүруге жаралған. Мен Көпеннің шығармашылығын осыған ұқсатамын. Қартайса да, жас болса да үнемі ізденіспен жүреді», – деген естелік жазған. Ақын боларсың, болмассың, мәселе онда емес. Адамның бойында осы ізденіс үнемі тоқтамау керек.
PS: Жалпы айтыс аламанының от ауызды, орақ тілді ақынымен кездесу түрлі тақырыптардағы елдік, ұлттық мәселелер төңірегіндегі пікір алмасу ретінде өтті. Шара соңында Қазалы ауданының құрметті азаматы Сержан Берденов бата берді.
Есет ТАБЫНБАЕВ