Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі

Құрметті отандастар!
Баршаңызға мәлім, қазір бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде.
Жаһан жұртын коронавирустың таралуы алаңдатып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған індет күннен-күнге ушығып барады.
Өкінішке қарай, осы дерт біздің елімізде де тіркелді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес 9 азаматымыздан коронавирустың белгілері анықталды. Вирус жұқтырған азаматтар және олармен байланыста болған адамдар анықталып, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Қазақстан көптеген елдермен салыстырғанда ертерек қамданып, арнайы сарапшылар штабын және Үкімет деңгейінде ведомствоаралық комиссия құрды. Індеттің таралуын болдырмау үшін арнайы жоспар жасалды.
Менің Жарлығыммен 2020 жылғы 16 наурызда таңғы сағат 8:00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді.
Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады.
Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады.
Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады.
Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады.
Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды.
Көптеген азаматымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін.
Дегенмен, бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз.
Ірі сауда орындарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз. Бірақ азық-түлік және аса қажетті тауарлар сатылатын дүкендер, базарлар, соның ішінде сауда және ойын-сауық орталықтарында орналасқан нысандар өз жұмысын жалғастыра береді.
Базарлардың жұмыс істеу режимін жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде мемлекеттік комиссия белгілейді.
Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады.
Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті.
Сондай-ақ, азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбеген жөн деп санаймын.
Қазақстан Республикасының аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылады.
Алайда, бұл шара жүк тасымалына қатысты емес.
Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді.
Ауруханаларда орын жеткілікті.
Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын.
Сақтанғанды Құдай сақтайды.
Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді.
Қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз.
Бұл – уақытша дүрбелең.
Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек!
Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет.
Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін.
Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек.
Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет.
Медициналық тексерістен бас тартып, карантин режимін бұзған азаматтар жауапқа тартылады.
Ең алдымен, еліміздің азаматтары өзінің және жақындарының денсаулығына баса мән беруі тиіс. Жеке гигиенаны сақтап, көпшілік жиналатын жерлерге бармаған жөн.
Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.
Мұндай күрделі кезеңде денсаулық саласының қызметкерлеріне зор сенім артылады.
Олар кәсіби біліктілік пен жанашырлық танытып, азаматтардың денсаулығын сақтау үшін аянбай қызмет етеді деп сенемін.

Ардақты ағайын!
Бүгінде коронавирустың жаһандық экономикаға тигізген кері әсеріне куә болып отырмыз.
Бұл бүкіл әлемдік экономика жүйесіне жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін аңғартты.
Қазақстан да әлемнің бір бөлігі. Сондықтан, біздің еліміз де осы ауқымды дағдарыстың салдарын сезінуде.
Дегенмен, осындай ахуалға қарамастан, біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Әлеуметтік мәселелердің ушығуына және жұмыссыздыққа жол бермейміз.
Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің халықаралық қорындағы қаражат шамамен 90 миллиард долларға жетті.
Бұл ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтауға, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға кепілдік береді.
Біз бюджетті қайта қарап, халықты жұмыспен қамтуға және бизнесті дамытуға баса мән береміз.
Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кемінде 300 миллиард теңге бөлінеді.
Бизнеске бөлінетін несие көлемінің азаюына жол беруге болмайды. Ішкі нарықты жандандырып, өндірісті ынталандыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына арналған қаржы көбейеді.
Елімізде азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді.
Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді.
Менің тапсырмама сәйкес Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер осы мәселені қатаң бақылауда ұстайды.
Сондай-ақ, мен «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым.
Бұл құжат биліктің және мемлекеттік органдардың ұтымды жұмыс істеуіне жол ашады. Сондай-ақ, дағдарыс жағдайында түрлі салаларға, соның ішінде салық жүйесіне қатысты шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Жарлық дәрі-дәрмек пен басқа да жабдықтарды жеңілдетілген тәртіппен сатып алуға жағдай жасайды. Бұл ретте, отандық өндірушілерге басымдық беріледі.
Осылайша, біз уақытты және қаражатты үнемдейміз. Мұның қалыптасып отырған төтенше жағдайдағы маңызы зор.
Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз.
Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек.
Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет.
Татулық пен тұтастықтың арқасында кез-келген қиындықтан шығуға болады.
Сондықтан, бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет.
Береке мен бірлік бәрін де жеңеді!

Қадірлі қазақстандықтар!

Біз – тарихымызда небір қиындықты бастан өткерген халықпыз.
Сол сынақтардан, ең алдымен, береке-бірліктің арқасында сүрінбей өттік.
Бүкіл халықты жұдырықтай жұмылуға, сабыр сақтауға шақырамын.
Бұл күрделі жағдайды бәріміз бірге еңсереміз деп сенемін!
Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Біз біргеміз!
«Еgemen Qazaqstan»
17 наурыз 2020 ж. 549 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 18

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930