Абай ауылындағы айтулы мереке
Аудандағы іргелі қоныс – Абай ауылының құрылғанына 70 жыл және Абай Құнанбаевтың 174 жылдығына орай «Абаймен аттас есімің, ауылым алтын бесігім» атты мерекелік шара өтті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар алдымен ауыл орталығында орналасқан Ыбырайым қари атындағы мешітке бас сұқты. Содан кейін Абай атындағы №90 орта мектебінің алаңында ұйымдастырылған концертке жол тартты. Мұнда аудан деңгейінде ақындар мүшәйрасы мен қатар суретшілер арасында сайыс жүріп жатты. Аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов сөз алып, кешті ашып берді.
– Ұлы хакім Абай Құнанбаевтың 174, ауылдың 70 жылдығымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Осы уақытқа дейін аудан деңгейіндегі атқарылған маңызды іс-шараларда бұл ауыл жұмылған жұдырықтай бірлікті ту еткен еңбексүйгіштігімен дараланып келеді. Ауыл тұрғындары өз туған жерін әспеттеп, осындай жоғарғы деңгейдегі шара ұйымдастыруы мақтауға тұрарлық іс. Бар берекенің ұйытқысы мен алтын діңгегі ауыл екені белгілі. Сіздердің ауылды дамытып, көркейген, кемелденген қоныстар қатарына қосуға ұмтылған талаптарыңызға сәттілік тілеймін, – деп жиналған жұртшылыққа ізгі ниетін арнады. Осыдан кейін ауыл күніне орай осы аймақтың қарыштап дамуына ерекше үлес қосып жүрген Серік Аржиков, Ертас Жұмашов, Әбілғазы Мылтықбаев, Нұрәли Қуанбаев, Жанболсын Рахманбергенов, Амандос Шектібай сынды бірнеше азаматқа аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Мұнан соң көрермендер Абайдың қара сөзі негізге алынған сахналық қойылымды тамашалады.
Ауыл әкімі Байназар Ерқосаев ауыл тұрғындарына құттықтау сөзін арнап, мерекенің жоғарғы деңгейде өтуіне себепкер болған ел ағаларына алғыс білдірді. Сонымен қатар елеулі еңбегімен көзге түскен Кенжебек Шалабаев, Ерболат Ердалы, Шайзада Ердалиев, Назарбай Әуезге Алғыс хат табыстады.
Он бестен аса ақын қатысқан мүшәйра екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде Абай Құнанбаевқа арналған шығармалар оқылса, екінші кезеңде жас өрендер Абай ауылының тарихын дәріптейтін, киелі мекеннің керемет табиғатын жырға қосты. Нәтижесінде Аранды ауылының тумасы Д.Жәдиев бірінші орынды, Абай ауылынан қатысқан Ә.Махашев екінші орынды місе тұтты.
Күзгі сұлу табиғаттың сырын ерекше ұғынып, қылқалам тілінде сөйлеткен суретшілер сайысының қорытындысы бойынша бірінші орынды №103 мектеп оқушысы Меруерт Жұмабай иемденді.
Мектеп алаңында дастарқан жайылып, қонақжай ауыл халқы меймандарын ерекеше ілтипатпен күтті.
Ұлттық спорт түрлерімен қатар кіші футзалдан аудандық турнир де қамтылды. Аяқдоп шеберлері өзара мықтыны ұпай саны бойынша анықтады. Жүлделі үшінші орын Басықара ауылынан келген жігіттерге бұйырса, екінші орынды Қазалы қаласының құрамасы еншіледі. Бағы мен бабы қатар келген Бозкөлден келген аяқдопшылар бірінші орынды қанжығасына байлады. «Күш атасын танымас» демекші, арқан тартудан бірінші орынды Лақалының намысын ту етіп келген жігіттер алды.
Қазақша күреске кезек келіп, көрермендер бозкілемді жағалай тұра қалып, балуандарға қолдау көрсетті. Басқадан бәсі биік болып, қарсыласын жер қаптырған қармақшылық Н.Алтынбеков пен Е.Абдуллаев бірінші және үшінші орынды алса, жерлестерден екінші орынды иемденген Е.Қаныш болды.
Бір күн бойына жалғасқан мереке Берік Аржиков атындағы жарыс алаңындағы ат бәйгесімен жалғасын тапты. Аламанда аты озғандар тігілген бәйгені тиеп кетті. Тұлпарының тұяғы мәре сызығын бірінші кескен Серік Аржиков бас бәйгені ұтып алды.
Торқалы тойдың куәсі болған меймандар көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ