«Қайсардың» бас бапкері қызметін жалғастыратын болды
Қызылорданың «Қайсар» командасының бас бапкері Стойчо Младенов 2019 жылы қызметін жалғастыратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Болгар маманы бұл жаңалықты өзінің жеке сайтында жанкүйерге жария етті. «Мен алдағы жылы да сіздермен бірге болғаныма қуаныштымын. Маған сенім білдірген облыс басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Қызылордадағы жұмысыма қанағат білдіремін. Қаншама ерекше жағдайлар болды. Алдағы жылы бұдан да жоғары табыстарға қол жеткіземіз деген үміттемін», - деп жазды Стойчо Младенов.
Жаңа келісімшарт бір жылға жасалады. Ол команда сәтті ойын көрсеткен жағдайда тағы да бір жылға ұзартылуы мүмкін. Болгар маманы «Қайсар» командасы бас бапкері қызметін 2017 жылдан бері атқарып келеді. 2017 жылы «Қайсар» біріншілікті алтыншы орында аяқтаса, биыл алғашқы бестікке енді.
Айта кетелік, бүгін Қызылорда қаласында «Қайсар» командасы үшін бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Алдымен команданың 1998 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алған үздік құрамы мен әр жылдарда аталмыш клуб намысын қорғаған футболшылар жолдастық кездесу өткізеді. Одан кейін «Қайсар» футбол клубының 50 жылдығына орай және биылғы доп додасының жабылуына байланысты салтанатты шара болады.
Естеріңізге сала кетелік, маусым басында «Қайсар» командасының алдына үздік бестікте болу міндеті қойылды. Сондай-ақ облыс басшылығының қолдауымен «Қайсар» ойыншылары Ресейдің Қазан қаласындағы футболдан әлем біріншілігіндегі кезекті кездесуді тамашалап қайтты.
Өткен аптада ел біріншілігі мәресіне жетіп, «Қайсар» сырт алаңда «Ақтөбе» командасын 2:0 есебімен тізе бүктіріп қайтты
syrboyi.kz