Қуан, қазақ: Баландин Испания біріншілігінде үшінші алтынға қол жеткізді
Қазақстандық жүзуші, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин үшінші алтынға қол жеткізіп, Испанияда өтіп жатқан ашық чеспионаттың абсолютті чемпион атанды.
Испанияның Малага қаласында өткен біріншіліктің соңғы күнінде отандасымыз үшінші алтын медалін жеңіп алды. Бұл жолы Баландиннің бағындырғаны – 100 метр брасс. Осылайша аталған жарыс түрінен сарапқа салынған барлық үш медаль Баландиннің қоржынына түсті.
Сондай-ақ, қазақстандық рекордсмен Әділбек Мусин соңғы күні қола медальға қол жеткізді. Ол баттерфляй жүзу жарысында 100 метр қашықтықты бағындырды. 50 метр қашықтықта сайысқа түскен Әділ Қасқабай да қола медаль иегері атанды.
Қазақстандықтар Малагада өткен біріншілікте бас-аяғы 8 медаль еншіледі. Оның үшеуі алтын, үшеуі күміс және екеуі қола.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баландин 200 метр қашықтықта брасс жүзу әдісімен алғашқы алтын жүлдеге қол жеткізді. Араға бір күн салып, 10 сәуір күні Баландин 50 метр қашықтықта брасс жүзу әдісі бойынша екінші алтын медальді еншіледі.
Stan.kz