Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Демалыс лагеріндегі дода

Демалыс лагеріндегі дода

Қазіргі таңда елдегі өскелең буынның дамуына үкіметтен бөлек бірқатар ұйымдар жұмыла кіріскен. Жастар жылы аясында олардың барлық бастамасына қолдау көрсетіліп келеді. Тәрбиелі тұлға болып қалыптасуына септесіп, жетістікке жетуі үшін ынта-жігерін арттыруға ағымдағы жылы көбірек көңіл бөлінетіні белгілі. Оның ішінде көпбалалы отбасынан шыққан, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған жасөспірімдер ісі тіптен ерекше қарқын алмақ. Осыған орайда сенбі күні аудандық "Қазалы" газетінің 10 жылдығына орай "Шағала" балаларды сауықтыру демалыс орынында спорт түрлерінен сайыс өтті.


"Сауал Қазалы", "Қазалы Жомарт" қоғамдық бірлестігі, аудандық "Жас Отан" жастар қанаты және аудандық "Қазалы" газетінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған сайысқа лагерде жазғы демалысын өткізіп жатқан шәкірттер қатысты. Сайыс өз деңгейінде өтуі үшін балалар жас ерекшеліктеріне қарай кіші және үлкен топтарға бөлінді. Сондай-ақ оқушылардың икеміне қарай марафон, сурет салу, гір көтеру, жасыл алаңдағы кіші футбол сайыстарына қатысушылар да алдын ала анықталып қойды.
Үлкен топ ішінде жүгіруден өткен жүйріктер сайысының қорытындысы бойынша Алпамыс Ашықбай бірінші болып мәре сызығын кесті. Оның ізін ала Нұржан Амангелді келіп, екінші орын иегері атанды. Нұржаннан кейін көпті жігерлілігімен таңдандырған Мадияр Жаңабай үшінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар кішкентай балалар арасындағы сайыста Халал Жаңғали есімді балақай жүйрік атанды. Жылдамдығы мен төзімділігі үйлесім тауып, чемпион атану үшін сәл сәттілік жетіспей қалған Нұржан Әріпбай күміс жүлдені иемденді. Ал Азамат Дәстен үздік үштікті қорытындылады.
Биыл демалыс лагеріне келгендердің басым бөлігі нағыз қылқалам шеберлері деуге болады. Бұған суретшілер сайысында балалардың туындалын көргенде көз жеткіздік. Қатысушылар бейнелеген Байтерек, отбасы, армандағы үйлері мен туған жердің талдырмаш тұстары көрерменді бейжай қалдырмады. Сайыс төрешісі кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтауда біраз қиналғанын байқадық. Дей тұрғанмен бағы басқалардан оза шапқан талант иелері айрықша көзге түсті. Соның бірі Ақбота Сапар бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орын мінберінен Ақниет Қожаберген көрінсе, үшінші орынды Ғазиза Жақсылық жеңіп алды. Сонымен бірге туындылары бағаланған Айкүміс Разақ, Үміт Қалжан, Нұрайым Әбдібақыт есімді балақайлар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс алды.
Демалушылар арасынан толағайлар да табылды. Олар гір көтеру сайысында сынға түсіп, алып күш иесі екендерін дәлелдеді. Гір тасын басқаларға қарағанда көбірек бастан асырған Дамир Шарападин жарыс жеңімпазы атанды. Ислам Жасұлан екінші, Нұрболат Орынбасар үшінші орынды меншіктеді.
Таң атқаннан қас қарайғанға дейін жалғасқан аяқдопшылар сайысы өзгелерден ерекше өтті. Қақпаға әр түрлі әдіспен тоғытылған голдар көрермендердің делебесін қоздырды. Жан баласын жанына жақындатпайтын жүйріктер мен қақпаға қалқан бола білген қақпашылар да көпшілік назарынан тыс қалмады. Жиырмадан аса бала қатысқан сайыс қорытындысы бойынша "Болашақ" тобы алтыннан алқа тағынды. "Жасұлан" тобының спортшылары өрнекті ойын көрсеткені үшін екінші орын иемденді. Ал "Достық" тобы үшінші орынға тұрақтады. Үздік ойынымен көзге түскен голкипер Әлішер Орысбай сайыстың "Үздік қорғаушысы" атағын алды. Сондай-ақ Аян Совет аяқдоп додасының "Үздік ойыншысы" атанса, Алтынбек Нағашыбай "Үздік сұрмергені" деп танылды.
Жарыс күнін қорытындылаған "Шағала" балаларды сауықтыру демалыс орнының аға тәлімгері Айнұр Сыдық ұйымдастырушыларға лагерь демалушыларының көңілін көтеріп, жаңа серпін бергендері үшін балалар атынынан ризашылығын жеткізді. Бұдан соң "Қазалы Жомарт" қоғамдық ұйымының төрайымы, "Жас Отан" жастар қанатының жеткшісі Гүлдәрі Иманалиева мен аудандық "Қазалы" газетінің бас редакторы Есет Табынбаев жеңімпаздарды құтықтап, бағалы сыйлықтар үлестірді. Әнші балалар әннен шашу шашып, шағалалықтар флешмоб биледі. Сайысқа қатысушылар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен кешкі асқа асықты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
19 тамыз 2019 ж. 1 498 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930