Үкімет Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр
Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында айтты, деп хабарлайды syrboyi.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны», – деді Мемлекет басшысы. Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбетін және ұлттың жаңа болмысын қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтты.