«Шетелге танымал»: Назарбаев таңдауы не үшін Тоқаевқа түскенін ашық айтты
«Неге сіздің таңдауыңыз Қ.Тоқаевқа түсті? Өзге кандидатуралар қарастырылды ма?» – деген сауалға жауап қатқан Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі үміткерлер қарастырылғанын мәлімдеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына сұхбат берді. Емен-жарқын әңгіме барысында Елбасы саяси жаңғыру үдерісі және елдің даму болашағы туралы өзекті сауалдарға ашық жауап берді, деп жазады «Айқын» газеті.
«Неге сіздің таңдауыңыз Қ.Тоқаевқа түсті? Өзге кандидатуралар қарастырылды ма?» – деген сауалға жауап қатқан Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі үміткерлер қарастырылғанын мәлімдеді.
«Төңірегімде көптеген жақсы азаматтар болды, жастары өсіп-жетілді, оны өздеріңіздер көріп-біліп жүрсіздер. Шынымды айтайын, бірнеше адамның кандидатурасын қарадым. Соның ішінде барынша сай келетіні – Қасым-Жомарт Тоқаев деген тоқтамға келдім. Неге? Біріншіден, ол менің жанымда ширек ғасырдан бері келе жатқан адам. Оны білемін. Ол да менің жұмысымның сыр-сипатын жақсы біледі. Екіншіден, Тоқаев – қазақтың бірден-бір сауатты азаматы. Үшіншіден, ол дипломатиялық қызметте жүріп, шетелге танымал болды. Мемлекет басшылары да таниды. Менің ұсынысыммен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында Женевада жұмыс істеді. Оншақты жыл Сенатты да басқарды. Яғни, заң шығару саласын меңгерген. Естеріңізде болса, кезінде оны Үкімет басшысы етіп тағайындағанмын, 2 жылдан артық жұмыс істеді. Ел басқару оңай нәрсе емес. Ел басқара аламын деп әркім-ақ ойлайды. Бірақ бұл істің барлық сынағынан өзің өтуің керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы солардың біразынан өтті деп санаймын. Nur Otan партиясының, менің ұсынуыммен сайлауға түсті, халық оны Президент ретінде сайлады. Енді бар істе осы Президентімізді бәріміз қолдауымыз керек. Елге сол қажет», – деді Елбасы.