Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір түп шие

Бір түп шие

Қыркүйек айының тамылжыған күндері. Әсіресе шипажайлы Сарыағаш өңірінің сыры кетсе де, сыны кетпеген сұлу келіншектің кейпіндей келбеті жанға жылылық ұялатады. Түскі асты ішкеннен кейін ем алу уақыты болғанша аулаға шығып серуендеу әдетіме айналған. Шипажай кіреберісінен сәл төмендеу орналасқан шағын бақтың іші демалуға ыңғайлы-ақ. Сол жерде бір түп шие ағашы бар. Мамыр айының соңы маусымның басында баданадай жемісі еріксіз өзіне тартатын. Қазір жапырақтары ғана сыбдырлайды. Кейбір бұтақтары қурай бастаған. Осыдан үш күн бұрын осы бір түп шиенің қасындағы орындықта отырған жігіт ағасын көзім шалған. Алдымен шие ағашына барады. Сәл қарап тұрады да жанындағы орындыққа отырып ойға кеткендей болады. Кеше жүзіне күлкі үйірліп, миығын тартып ұзақ тұрғанын көріп, жанына барып амандастым.
– Інім, айып етпе, осы бір түп шие ағашы маған да ыстық. Бір-екі күннен бері сезіп жүрмін бұл шиенің сіз үшін орны бөлек-ау?
– Рахмет, ағасы. Байқаған екенсіз ғой. Біз үшін осы шие ағашының орны бөлек.
– Біз, – дедіңіз бе?...
– Иә, ағасы, келініңіз екеумізге...
– Айып болмаса... Себебімен бөліспес бе, екенсіз?
– Келініңіз ренжіп жүрмесе... Дегенмен айтайын. Үлкен кісі қолқалаған соң айттым деп құтылармын.

Итештің әңгімесі
– Мен негізі қызылордалықпын. Айдынды Аралдың қарақұм беткейіндегі Тоқабай елді мекенінде туғанмын. «Жерлес екенбіз ғой», дегім келді де, сөзін бөлгім келмей үндемедім.
Сол жерде туып, кейін он жылдықты Арал қаласынан бітірдім. Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын институтқа құжат апарып, емтихандарды өз әлімше тапсырдым. Бірақ ­конкурстан өте алмадым. Бірінші кезекте армиядан келгендер, одан кейін екі жыл жұмыс істегендер ілінді де, бізге ұқсаған сары ауыз балапандарға орын жетпей ұнжырғам түсіп, конкурстан шыққан мені бір жігіт ағасы тауып алды.
– Бауырым, жолың болмады ма? Қапаланба, байқаймын қара жұмыста шыңдалған жігіт сияқтысың. Спортпен де шұылданғансың-ау, денең шымыр. Мен сені жұмысқа шақырғым келіп тұр.
– Қандай жұмыс, қай жаққа?
– Атырауға. Мұнайшылар ауылына. Болашағы бар. Үш-төрт жылдан кейін Қызылорда маңынанда мұнай өндіріледі. Дайын маман болып ораласың. Айлығы да жаман емес. Тек далада, вагон үйде жатасыңдар. Үйренгенше қиыншылығы болады әрине. Өзіңдей ержігіттің басына не келіп, не кетпейді? Екі жылдан кейін кез келген оқуға конкурссыз түсесің. Ал мұнайшының оқуына баратын болсаң, өзіміз степендия беріп оқытып аламыз.
– Сөзіңізді бөлгенімді кешірерсіз. Сіз кім болдыңыз? Мені қайдан білесіз?
– Аа, өзімді таныстырмадым ба? Есімім – Тәңірсый. Атырау қаласындағы мұнайшылар учаскесінің бастығымын. Қызылордаға саланы дамытуға байланысты жиынға келгенбіз. Мұнайшылар арасында қазақ жастары жоқтың қасы. Сондықтан жүрген жерімде жұмыс іздеген жігіттерді қарастыра жүремін. Болашақ сендердің қолдарыңда. Бұл істі қазақ жастарының да тез игеріп, басшы орындарға көтеріле алтынына сенімдімін. Конкустан шыққаныңда-ақ көңіл-күйіңді байқағанмын. Дене бітімің нағыз жұмысшы болуға келеді екен, сондықтан да қолқа салып тұрмын.
«Тәңірсый. Есімі де ерекше екен. Мүмкін тәңірдің маған жіберген сыйы шығар. Ауылға барып аға-жеңгемнің қолына қарап, қой баққанша бұл да дұрыс шығар. Мені тәрбиелеген әжем өткен жылы қайтыс болған. Ал жаңағы «аға-жеңгем» деп отырғаным менің әкем мен шешем. Оларға жат болып кеткенмін. Әжем өмірден өткелі олар бауырларына тартпақ болды. Мен оған көне алмадым. Атам салған қара шаңырақта өзім жатып жүрдім. Оқуды аяқтай сала Қызылордаға кетіп қалғаным да сондықтан. Дайындық курсқа келдім. Жатақханадан орын алып дайындалдым, бірақ жолым болмады. Ұсынысты қабылдап, Тәңірсыйға ергенім де дұрыс шығар.
Менің ойланып кеткенімді сезген Тәңірсый:
– Жататын орның болмаса, маған ер, қазір машина келеді. Сенен басқа төрт жігіт бар. Олар қонақүйде. Сен менің қасыма орналасасың. Ертең түсте Алматы-Атырау пойызына отырамыз, – деп менің аты-жөнімді де, келісімімді де сұрамастан қолтықтап алды. Сол бетімізбен жатақханаға соғып заттарымды алып, теміржол вокзалына бардық. Тапсырыс берілген орынға билет алынды. Тәңірсый аға менің атымның Итемген екенін де сонда білді. Басқалар сияқты есімімнің қолайсыздығына мән берген жоқ.
Сөйтіп ойда жоқта «Атыраумұнай» акционерлік қоғамының жұмысшысы болып шыға келдім. Орналасқаннан кейін ғана ауылға хат жаздым. Үйді ағама тапсырдым. Көп ұзамай ағамнан хат келді, біраз жері маған ұрысумен толыпты. Тоқетері әжем үйді менің атыма өсиетпен қалдырып кетіпті. Соны рәсімдеу үшін менен сенімхат керектігін, соны жіберуді, үйді аздырмай қарайтындарын жазыпты. Нотариусқа куәландырылып, сенімхат та жіберілді. Жұмысқа да үйренісіп, ысылып қалдық.
Бір жылды артқа салған күз айында армияға шақырылып, Ауғанстаннан бір-ақ шықтым. Кандагардың қанды шайқасын, ауғандардың жас баласына, қыздарына дейін қаруланып, бостандық үшін жан қиғанын көрдік. Оқ пен оттың арасында жүріп есейдік. Әйтеуір «Алланың сыйы шығар» борап тұрған оқтың арасынан аман-есен шығып жүрдім. Екі жыл азапты күндерімен өте шықты. Қайтуға жиналып жатқанымызда дала поштасынан келген байланысшы жігіт бір дорба хат алып келді. Бұрынғы пошташы майдан даласында қаза болыпты да, қолдан-қолға өтіп біздің бөлімшемізді әрең тауыпты. Менің өзіме оншақты хат бар екен. Көбісі ауыл мен Тәңірсый ағадан екен. Тәңірсый хатында: «Ойланбастан жұмысқа кел. Өз орныңа жұмысқа қабылдаймын, алмай кеткен еңбек демалысыңды алып беремін. Елге, ағаңа сосын барасың. Тиісті қаражат та береміз», – депті.
Армия қатарынан оралған мені батырларша қарсы алды. Жұмысқа қабылдап, тиісті қаражат беріп, «елді қорғап келдің, біздің жұмысшымызсың», – деп Сарығаштағы «Арман» шипажайына демалуға жолдама ұсынды.
Демалуға келген күннің ертеңіне осы шие ағашына көзім түсті. Баданадай жемісі өзіне тартты да тұрды. Құмды ауылдың баласына бәрі таңсық. Жұлып алуға батылым бармады. Жемісті алып жатқанымды көрсе сөз еститіндей қаймықтым. Шыдамай келесі күні ерте тұрып, жалғыз түп шиеге бардым. Талдың төменгі жағынан қып-қызыл шиені теріп жатқан аппақ білекті көріп үнсіз состыйып қалыппын.
Бір нәзік дауыс:
– Неге тұрсыз? Жұрттың назарын аудармай былай өтіп кетіңіз, – деді.
Дауыс шыққан жаққа қарадым. Әдеміше ақсары жүз, мөп-мөлдір қара көздер маған қадалып тұр.
Өзімді қолайсыз сезінген мен сасқаным шығар:
– Шие жұлуға бола ма? – дедім. Мұным сұрақ емес, ескерту болып шықты-ау деймін.
– Онда сіздің не жұмысыңыз бар? Жұлып жатқаным жоқ. Ысырап қылмай теріп алып жатырмыз – деді. Дауыс жұмсақ естілді.
– Кешіріңіз, маған да теруге бола ма? дегенім ғой, дедім.
– Онда бергі тасалау жағына келіңіз, – деді жымиып.
Осылайша ерте тұрып, екі күн шие теріп жүрдік. Биіктеу бұтағын бойымның ұзындығын пайдаланып төмен тартамын, ол жинап алады. Үшінші күні батылданыңқырап:
– Қарындас, қай жерден келдіңіз, есіміңіз кім?
– Алматылықпын, медициналық институтта студентпін. Есімім – Айнұры. Шиені жақсы көремін. Өзіңіз? Сұраулы жүзбен маған қарады.
– Атыраудан келдім. Өзім Қызылордалықпын, Арал өңірінде тұрамын. Есімім – Итеш.
– Ит...еш? Есімім Айнұрыға ерсілеу естілді ме, атымды соза түсіп, маған қарады да назарын төмен салды.
– Атым айдың нұрындай болмағанымен жеті қазынаның бірімен аттас. Ал толық атымды атасам сізге мен ұнамай қалуым мүмкін.
– Оны кейін айтарсыз. Таңғы астың уақыты таяп қалыпты. Тамақтан бұрын ішетін минералды суға кешігерміз.
Мен уысымдағы шиені Айнұрының қолындағы целлофан қалтаға сала салдым. Екеуміз шипажай корпусына беттедік. Бір қалтадан шие алып жеп келе жатқанымызды байқап, бір-бірімізге күле қарадық.
Ем алу ваннасына ұсынып жатқан курорттық кітапшасынан Айнұрының әкесінің Уақыт екенін көріп қалдым. «Уақытова Айнұры Уақытқызы» деп жазылыпты. Тосын есім. Бірақ менің есімімнен тәуірірек. Еріксіз жымидым.
Кешкі асты ішкеннен кейін сол бір түп шиенің жанындағы орындыққа барып отырдым. Бір түрлі Айнұры келіп қалатындай елеңдеймін. Бір кезде ту сыртымнан жүрген аяқ дыбысы естілді. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді.
Қасымнан өте берген Айнұрының:
– Бұл сізсіз бе? – деген жағымды дауысы есітілді.
– Болғанымды қаласаңыз менмін, Айнұры, – дедім.
– ...
Үнсіз жаныма келіп отырды. Менің жүрегім одан сайын дүрсілдеп қоя берді. Бірдеңе деуім керек болды-ау деймін:
– Толық атымды айтайын ба, шошып кетпейсіз бе?
– Сізге азан шақырып қойған ат болса, ерсілеу болғанмен шошитындай емес шығар?
– Толық есімім – Итемген. Анам «мен ол кісіні жеңеше», – деймін менің алдымда үш құрсақ көтерген. Бір жасқа толмай шетіней берген. Төртінші маған екіқабат кезінде ауылдағы сыйлы ана Айымбүбі немересін қырқынан шығаратын болып, менің әжемді де шақырады. Бала қырқынан шығарда иткөйлегін кәмпит, печеньеге толтырып, көнбіс иттің мойнына байлап қоя береді. Сол кезде балаларға қосылып менің әжем де жүгіреді ғой. Итке бұрын жетіп иткөйлекті кәмпит, печеньесімен өзі алып, үйдегі бар кәмпитті балаларға таратады. Иткөйлекті келініне иіскетіп, тәттілерді келіні мен баласына беріп:
– Осыны ешкімге бермей екеуің жеп тауысасыңдар. Құдай қаласа дүниеге ер бала келеді. Атын Итемген деп қоямын.
– Ене-ау, ол қандай ат? Ертең немереңді қатарының бәрі мазақтайды ғой, – деген келініне «Алла аузыма салды солай болады. Қолыма ұстап қалсам ­болды!» дейді.
Бәрі еркелетіп Итеш атапты. Әжемнің баласы болғандықтан анам «жеңешем» «Итеш» деп те, «Итемген» деп те айта алмай «емген» деген сөзді қысқартып, «Емеш» деп кетті. Жаңа сенің курорттық кітапшаңнан «Уақытқызы» дегенді оқыдым. Тосын есім. Кім, неге қойған?
Әйтеуір Айнұрымен сөйлесіп отырғым келгендіктен болар, осы жайды қозғағаным. Әйтпесе қыз-жігіт болып айтатын әңгіме емес. Өзімсініп, сізден сенге көшкенімді өзім де байқамай қалдым.
– Қызық екен. Әжем ырым етіп алып қалды деңіз. Менің әкемнің азан шақырып қойған аты Абдууақиб екен. Діндар атамыз діни кіптардан алып қойыпты. Әкем мектепке баратын жылы туу туралы куәлік алу керек болып, атамыз ауылсоветте хатшы болып істейтін келініне тапсырады. Ол Абдууақиб дегенді ұмытып қалып, куәлік жазып отырған ауылсоветтің председателіне уақытқа ұқсас сөз еді десе, онда Уақыт болсын деп туу туралы куәлікке жазып жіберіпті. Мектепті бітіргенше Әбду болып келген әкем куәлік алғанда ғана атының Уақыт екенін біліпті.
Сәл үнсіз отырған ол:
– Сізді Емеш деп атасам ренжімейсіз бе? – деді. Жүрегім шым ете қалды.
– Айнұры, сен Емеш десең неге ренжимін? Қайта қуанамын. Мені солай атайтын екі жанның біреуі болсаң қалай қуанбаймын?!
– Сонда біз сенге көштік пе?!
– Әрине, шиені бөліп жегеннен ­бастап...
Қызды қапсыра құшақтап, бауырыма тарттым. Тартыншақтағанымен қолымды қақпады. Сәл отырғаннан кейін құшақтасқан күйі жайлап жүріп кеттік. Сол түні ұзақ қыдырдық. Құшағымыз айқасқанмен арыға бармадық. Бірақ, бізден бақытты жан жоқ еді. Айнұрының жасының он сегізде, мединституттың екінші курсының студенті, асқазаны ауырғандықтан жолдамамен шипажайға келгенін білдім. Ертеңіне Алматыға қайтатынын айтқанда жүрегім солқ ете қалды.
Таң-ата шипажайдың қақпасының жанында таксиге отырғызарда қымсынбай сүйдім. Мекен жайын, үйінің телефонын берді. Шымкентке дейін шығарып салайын деген қолқамды қолдамады. Вокзалға емес туыстарының үйіне баратынын айтты. Сонымен не өңім екенін, не түсім екенін білмей мен қалдым.
Ауылға келгенде де жаным байыз таппады. Ауылда телефон, хат жіберетін пошта да жоқ. Ал ауылдастарым үшін менің Ауған соғысына қатысқаным үлкен мәртебе болды. Клубта, мектепте кездесулер ұйымдастырып, кеудемдегі медалдарды қалай алғанымды сұрап, шапан жауып қадірлеп жатты. Еңбек демалысымның бір айын ауылда өткіздім. Айнұры жатсам да, тұрсам да ойымнан бір сәтте шықпады.
Жолға шығар алдында жеңгем:
– Емеш-ау, мына үлкен шаңырақ қашанғы бос тұрады, адамың бар ма? Болмаса ауылдан қарастырайық.
«Емеш»... Жүрегім аузыма тығылды. Айнұрының дауысы құлағыма келгендей болды. Атырауға жеткенше асықтым. Аралға келіп, қалааралық байланыспен Алматыдағы үй телефонына тапсырыс бердім. Үш сағат күтіп ала алмадым. Уқыты болып, амалсыздан пойызға отырдым.
Тәңірсый ағай шілде айында Қызылорданың институтындағы жаңадан ашылған мұнайшы дайындайтын факультетке жолдама берілетінін айтып келді. Бірақ мен қуанбадым. Алматыдағы Политехникалық институттың мұнайшы-инженер дайындайтын факультетіне барғым келетінін жеткіздім. Ағай қатты ренжіді, көңілін қалдырғым келмей шынымды, Айнұрын айттым. Содан кейін ғана мүмкіндік болса көмектесітінін айтты. Көмектесуге уәде етті.
Алматыға жетісімен мединститутқа бардым. Ақтөбе қаласындағы оқу орнына ауысып кеткенін білдім.
Институттың сырттай бөліміне жолдамамен емтихансыз түстім. Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа хат жазып, мединститутқа ауысатыны туралы рұқсат алғанын, бірақ ол жаққа бармағанын біліп шарасыз жағдайға тап болдым. Кімнен сұраймын? Қайдан іздеймін?..
Жиырма күндік оқуда ойымды бөле алмады. Күн сайын Айнұры берген нөмірге автомат телефоннан қоңырау шалумен болдым. Жауап бермеді. Сегізінші күн дегенде бір үлкен кісі көтерді.
– Ағай, Айнұрыны болама екен?
– Шырағым, шамасы үйдің бұрынғы иелерін сұрап тұрсың-ау? Олардың көшіп кеткеніне жарты жылдай болды. Мекен жайды білсең үйге соқшы. Хаттар келіп тұр еді. Танитындарың болса хабарласарсың.
Тауып бардым. Жылы жүзді қария өзім жазған хаттарды қолыма ұстатты. Хатыма неге жауап келмегенін сонда ұқтым.
Итеш әңгімесін үзіп, шипажай алаңқайынан бізге қарай келе жатқан орта бойлы, өрілген тоқпақтай қара шашын бос жіберген, ажары таймаған ақ сары жүзінен мейірімділік шуағы төгілген келіншекке қарап:
– Ағасы, Айнұры келініңіз. Қалған әңгімені осы кісіден есітіңіз, – деді.
– Айнұры, аман-есен жеттің бе? Менің қайда отыратынымды біліп келе жатсың, сен ренжіме. Мына ағай шие ағашы жайлы айтшы дегесін көңілін қимадым. Сол таксиге мінгізіп салғаннан кейінгі басыңнан өткен жайларды өзің айтарсың. Мен сіздерді оңаша қалдырайын.
– Емеш, сен асығыстық жасама. Ағай ренжімес. Мен жолдан шаршаңқырап келдім. Егер ағайдың мүмкіндігі болса кейінірек еркін отырып әңгімелессек. Ағай, сіз қалай қарайсыз, ренжімейсіз бе?
Сұраулы жүзбен қарағаны, биязы дауысы келіспеуге қояр емес.
– Жақсы, айналайын.
Мен келістім.

Айнұрының әңгімесі
Ертеңіне Айнұрымен бір түп шие жанындағы орындықта кездестім.
– Аға, сәлеметсіз бе, кеше ренжіген жоқсыз ба? Шындығында жолдан шаршап жеткенмін. Оның үстіне күтпеген кездесуден абдырап та қалдым. Ішке барған соң Емештен мән-жайды түсініп, қысылып қалдым. Өткенге ой жіберіп, көңіл тоқтаттым.
Аға, сонымен Емешпен қоштасып таксиге отырғаннан кейін көңілім бір құлазысын. Жанарым жасаурап, кеудем удай ашыды. Жанымда отырған апалардан жанарымды алып қашып, такси терезесінен сыртқа көз жібердім.
Менің көңіл-күйімді байқаған, апайдың бірі:
– Сіңлім, курорттық махаббаттың әлі талайын кездестіресің, – деп әңгімеге тартпақ болды да, менің зауқым соқпай отырғанын аңғарып, мазаламады.
Сол үнсіз қалпымызда Шымкентке жеттік. Такси екі апайды теміржол вокзалына апарып, мені ағамның үйіне жеткізіп салды.
Ағам үш күн бұрын әкемнің қызметі Алматыдан Ақтөбеге аяқ астынан ауысқанын, анамның буынып-түйініп менің келуімді күтіп отырғанын, сондықтан кешкілік ұшатын ұшаққа билет алып қойғанын айтты.
Алматыға келгесін анамды Ақтөбе пойызына мінгізіп салдым да, құжатымды Ақтөбенің медициналық институтына ауыстыру үшін институтқа келдім. Сол жерде курстас құрбыларыммен хабарласпақ болып қол сумкамды қарап шағын блокнатымды таппадым. Онда құрбыларымның мекен жайы, телефондары болатын. Емештің де жұмыс телефоны сонда еді.
Құжаттарды ауыстыру үшін Ақтөбедегі институттың келісімі қажет екен. Сол келісімді алдырамын, құжатты реттеймін деп жүргенде асқазанымды қайта ауыртып алып, Ақтөбенің ауруханасынан бір-ақ шықтым.
Ауруханаға әкеммен келген әскерде бірге болған досы Владимир Георгиевич Алексеев:
– Айка, папаң мен мамаңнан рұықсат алып отырмын. Сен де менің қызымсың. Сені Кисловодскіге алып кеткім келіп отыр. Біздің үйдегі Анна мамаңды жақсы білесің. «Айканы әкелмесең келме» деп жатыр. Сенің ауырып қалғаныңды есітіп қатты уайымдауда. Кисловодскінің мединституымен сөйлесіп келісімін алып келдім. Құжаттарың мұнда әлі тапсырылмапты. Менің санаторияда дәрігер екенімді білесің. Қазір мединститутта қосымша сабақ беріп жүрмін. Өзім оқытамын, өзім емдеймін. Солай қызым.
– Валодия ағай, анам келісті ме?
– Анаң үшін бірінші сенің денсаулығың, екінші оқуыңнан қалмағаның керек. Сондықтан келіспеске амалы жоқ. Қазір жинал. Мұндағы әріптестеріммен келіскенмін. Бір-екі күн папаң мен мамаңның жанында боласың. Бүрсі күні самолетпен ұшамыз. Билет дайын, – деді Валодия ағай бәрін өзі кесіп-пішіп. Сонымен Сарыағаштан шықаннан кейін он бес күн өткенде Киловодскіден шықтым.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ
(Басы. Жалғасы бар)

09 қыркүйек 2020 ж. 1 059 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930