Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиындықтан қаймықпаған азамат

Қиындықтан қаймықпаған азамат

Қазалы ауданының ауылшаруашылығы саласына лайықты үлесін қосып, көптің құрметіне бөленген осы бір азаматты көптен бері білемін. Ол Әйтеке би кентінде тұратын өзіммен түйдей құрдас Есенгелді Мәли.
Есенгелді өткен ғасырдың елуінші жылдарында Арал теңізінің толқыны бұйралана жағаны ұрған кезеңде Ұялы деген жерде дүниеге келген. Әкесі Мәли несібесін су айдынынан тапқан қарапайым балықшы еді. Анасы Сәуле үй шаруасымен айналысты. Балғын жас көк теңіз жағасындағы ыспа құмды жалаңаяқ кешіп, саф ауасын мейірлене жұтып өсті. Кейбір кездері долы теңіздің тасып, асау мінез танытқан қатерлі кездерін басынан өткерді. Мәли ақсақалдың шаңырағындағы жеті-сегіз баланың бірі болып, мектеп бітірді. Анда-санда соғатын құмды боранды да көрді. Телегей теңіздің тартылуына байланысты Ұялы елді мекенінің жер бетінен жоғалуының куәгері атанды.
Теңіздің бағы тайып, суы азая бастаған шақта Мәли балықшы өзінің ата-жұрты саналатын бұрынғы Өркенді, қазіргі Жанкент ауылына көшіп келді. Осында Есенгелдінің нағыз есею жылдары басталды. Үйленіп, алғашқы перзентін көрді.
Әкесі еңбектен қол үзіп, зейнеткерлікке шығады. Ескіше оқудан едәуір сауаты бар Мәкең ауыл молдасы атанады. Кеңес дәуірінде оқып, мұсылмандық салт-дәстүрден қол үзе бастаған елге көп нәрсе үйретеді, өнеге болады. Сол кездері Есенгелдіге тағдардың алғашқы сынағы, былайша айтқанда соққысы тиеді. Себебі асқар таудай әкесі, ақылшысы, тілекшісі, жөн-жоба сілтеушісі болып отырған Мәли ақсақал дүниеден озады.
Әкесінен кейін көп ұзамай әйелі Күлән көлік апатынан қаза табады. Онда Есенгелдінің жасы отыздың ортасына де келмеген. Бұл өте ауыр, кез келген адамды есеңгіретер жағдай-тын. Бірақ Есенгелді беріктік пен жігерлілік танытты. Дені сау, мұқалмас жігері, алыса кетсе бір адамға бой бермес күші, қиындықтан тайсалмас талабы жеткілікті ол болашаққа үмітпен қарады.
Бұрынғы жарынан қалған алты баламен бірге жабырқаған Есенгелдіге сенімді серік табылды. Ол осы күнгі зайыбы Бибі еді. Қазақ әйелдеріне тән парасатты жан қисайған ошағын түзетті, түтінін түзу ұшырды.
Тағдырдың сыйы деген осы шығар Бибі келісті әйел болып шықты. Алты балаға өгейлік танытпай, аналық шуағын төкті. Көңілі жарты болып қалған балалардың көз жасын тыйды. Ешбір пенденің жәбір-жаласын көрсетпеді. Есенгелдімен бас қосқан соң тағы үш перзентті өмірге әкелді. Барлығы тоғыз балалы Батыр ана атанды. Бұл күндері ері Есенгелдінің ағайын-туыстың келбетті, көпті көрген, көненің жұрнағы іспетті, жекжат-жұрағаттың сыйлы кейуанасы атанған. Оның бауырмалдығы көпке өнеге.
«Ынтымақ түбі – ырыс» деген. Нажмадин Мұсабаев Қазалы ауданын басқарған жылдары Есенгелдінің жұмысқа деген тындырымдылығын, шаруашылық ісіне бейімділігін ескеріп, Бірлік ауылындағы «Алшын» ЖШС-ның төрағасы етіп бекітті. Сол-ақ екен ұтымды ұйымдастырудың арқасында серіктестік шаруасы алға басты. Ауыл еңбеккерлері күріш егіп, мал басын көбейтті. Есенгелдінің өзі де күйленіп, еңсе тіктеді. Балаларының барлығын оқытып, үйлі-баранды қылды. Бүгіндері алды Алматы мен Нұр-Сұлтанда, соңғылар туған жерде түрлі саланың маманы болып жүр.
Осы күнгі Қазалының атымдай жомарты атанған Бекқали Бекбауылов та жоғарыдағы Ұялының тумасы. Ауданда Бекқалиды білмейтіндер кемде кем. Нағыз тасы өрге өрлегендердің бірегейі, екінші ауызға ілігетіні нағыз өзі мен тілге тиек етіп отырған Есенгелді Мәли. Қазір ғана сақал-мұрт өсіріп, кәделі ақсақалға айналып келеді. Бәрінен бұрын оның сөз сөйлеу мәнері, көп алдында өзін-өзі ұстауы, киім киісі, түр-тұлғасы келісті. Ойы сергек, сөзі орамды, қимылы ширақ, үлкенге де кішіге де сыйлы, ілтипаттылығымен ұнамды. Оқу-білім дегенде оның бітіргені Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумы, бірақ өзі қатарлы көп адамнан оқ бойы озып, басқалар көрмегенді көреді, білмегенді біледі. Адасқанға ақыл айтып, жөн-жоба сілтей алады. Оның осындай қасиетін айрықша бағалаймын.
Өмір көшіндегі кездескен қиындықтан қаймықпай Өркендеу, Бірлік ауылында күріш өсірген, бір жылдары аудандық мәслихат депутаты атанып, сайлаушылар сенімін ақтаған еңбек ардагері Есенгелді Мәли биыл жетпіс жастың желкенін керіп, биік белесті бағындырды. Ел-жұртының ардақтысы, отбасының алтын діңгегіне айналған атпалы азаматтың бала-шағасының қызығына бөлене беруіне тілектеспіз.
Жақсылық КӨРПЕБАЕВ,
теміржол саласының ардагері, Құрметті теміржолшы

04 сәуір 2020 ж. 749 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031