"Мұрнын сындырды": Екі ХҚКО-да келуші орталық қызметкерлерін ұрып тастаған
Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызметкерлерге шабуыл жасауға байланысты екі жағдай тіркелді. Қызметкерлерге жұдырық жұмсаған азаматтарға қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай ХҚКО қызметкерлеріне шабуыл жасау жағдайлары жиілеп кеткенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, бірінші жағдайда, Алматы аудандық ХҚКО-ға келген жергілікті тұрғын кәмелетке толған қызы үшін мекенжай анықтамасын алмақ болған. Қызметкерлер ер адамға анықтаманы алу үшін өзінің және қызының жеке куәліктері, сонымен қатар туу туралы куәлігі қажет екенін айтқанда, ол өз дегенінен қайтпай, анықтаманы талап етуді жалғастырыпты. Алайда қызметкер оған анықтама беруден бас тартқанда, ер адам өзін ұстай алмай қалған.
«Ер адамға тиісті құжаттардың барлығы қажет екені бірнеше мәрте түсіндірілді. Алайда ол тиісті құжатсыз-ақ анықтама беруді талап етті. Артынша ХҚКО қызметкері оның сес көрсеткеніне қарамастан, аталған қызмет көрсетуден бас тартты. Ер адам жауап ретінде қызметкерді ұрып жіберіп, мұрнын сындырды», - деп жазды Мұрат Жұманбай Facebook желісінде.
Осыған ұқсас жағдай дәл сол күні Әуезов аудандық ХҚКО-да орын алған. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін анықтама алмақ болған әйел орталыққа келген. Аталған анықтаманы электронды үкіметтің порталынан онлайн түрде алуға болатынын қарамастан, әйел кеңесшінің көмегіне жүгінген.
Өз кезегінде ХҚКО қызметкері оған сұраған көмегін көрсеткен. Алайда қандай да бір себептер үшін ақпаратты өңдеу бөгелгендіктен, күтуді қаламаған әйел шу шығарып, жанжалдасқан. Артынша ол ХҚКО қызметкеріне жұдырық сілтеп, денесін жарақаттаған.
Мұрат Жұманбайдың сөзінше, мұндай жағдайлар еліміздің түрлі қалаларындағы ХҚКО-ларда жиі орын алып тұрады.
Тағы бір ұқсас жағдай 22 тамызда Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығында болған. Тиісті құжаттар болмағандықтан, қалаған қызметіне қол жеткізе алмаған ер адам ХҚКО операторын ұрып жіберіпті.
Тағы бір жағдай 5 маусымда Нұр-Сұлтандағы ХҚКО-лардың бірінде орын алыпты. Ол кезде мемлекеттік корпорация қызметкері өзіне жүгінген адамның жеке куәлігі оған тиесілі екеніне күмән келтірген. Артынша ер адам оған жұдырық ала жүгіріп, бірнеше рет ұрып, полиция келгенше қашып кеткен.
Мұрат Жұманбайдың мәліметінше, қазіргі уақытта жоғарыда аталған фактілерге қатысты материалдар құқық қорғау органдарында жатыр.