Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың дәмі

Ауылдың дәмі

– Бола қойыңдар, кім бұрын тұрса, сүттің қаймағын сол жейді, – деген анамның дауысы – біздің үйдің табиғи оятқышы еді. Тәтті ұйқыңды қимасаң да, дәмді қаймақтан қағылуды кім ұнатсын, көзді «тырнап» аша салысымен дастарқанға телміретінбіз.
Әже-аналар ерте тұрысымен ошақ басының қызу тіршілігіне кірісетін. Таңертеңгі тоғызда жұмысқа баратын анам сол уақытқа дейін біздің ас-суымызды әзірлеп, үш сиырдың сүтін сауып, пісіріп, түскі тамақтың қамын жасап кететін.
Түскі үзілісінде ауылдың арғы басынан бергі тұсындағы үйге жетіп, ошаққа тамақ пісіріп, шоққа нан көміп, таңертең сауған сүтін бірде ұйытып, екіншісінде ірітіп, сүзбе мен ірімшікке дайындайды.
Түскі тамақ жеуге жеңіл тағам болса, кешкі мәзір міндетті түрде сорпасы бар, құнарлы ас болатын. Осы екіаралық ортасында бестегі шай деген тағы бір түрі болатын. Оған отбасы мүшелерімен бірге көршілер де қамтылатын. Бұл шайдың маңызы – үстел үстіне анамның жасырғандары шығып, айран қосып иленетін ыстық бауырсақ еді.

«Баратын жалғыз төрің,
Барам деп хабарламай», – деп жас ақын Аян Сейітов айтқандай, босағасы босамайтын біздің қонақсыз тамақтанған күніміз некен-саяқ. Қашан көрсең бір-біріне ұқсамайтын ата-анамның туыстары, достары, сыйлас адамдары, бірге оқыған топтастары, ауылдастарынан өзге ауылға келген меймандардың көбінің ат басын тірейтіні де біздің шаңырақ болатын. Олардың қатарынан талай өнер ұжымы, ақын, жырау, ревизор, тіс дәрігері дейсіз бе, түрлі маман иесі табылатын. Әрбір құдайы қонақтың өзіне тиесілі сыбағасы бар. Мал сойылып, қой етімен бірге үлкен қазанға салынатын мол қазы-қарта, сүр еттен артылса ауыз тиеміз, ауыспаса үнсіз ұйықтай беретінбіз.
Сыртқы есіктен шығып бара жатып, меймандар: «Тамақ дәмді болыпты. Осы Гүлжанның сүр етіне ештеңе жетпейді», – десе, анамда одан артық қуаныш болмайтын. Бар тапқан-таянғанын қонаққа ұсынатын, қайран, қазақы кеңшілік деймін қазір ойланып отырып.
Бұл сүр етті мақтайтын да реті бар. Нағашы жұртым ұзақ уақыт мал баққан. Далада жүріп, төрт түліктің ет-сүтін ұқыпты тұтынуды үйренген анам жаңа сойылған етті тұздап, қақтаудың өзгеше әдісін білетін. Кеш бата далаға жайылатын ет таңертең күн шықпай жиналып алынады. Кейде күн көзін бұлт торлап, аздап жел соқса, дереу шешем етін жайып алатын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсында жарық мүлдем жоқ кездің өзінде етті үйдегі ошақ ішіне қағазға орап, сақтайтын. Сонда сасып, не жеуге жарамсыз болып қалып жататынын көрмейтінбіз. Оны асудың өз технологиясы бар. Қатты етті қазанға салмас бұрын аз уақыт салқын, тұзды суға малып алса, сүр ет демде өз қалпына келіп, мамық күйге енеді.

«Бірлікке» жұмыс істеуге келген жас мамандардың да уақытша тұрағы – біздің үй еді. Олардың барлығы қазірге дейін ағайындай жақын араластықта. Оған қонақжай дастарқанның да өз ықпалы тиетінін топшылау қиын емес.
Әр адамның өз үлгісі, жақсылығы болады. Әке-шешеміз бізге соны дарытуды мақсат тұтты ма, әлде сол тұстағы адамдардың бәрі сондай ма, ол жағы мені көп ойландырады. Сол кездерде ойынға шыққан балалардың қолдарынан қазіргідей дүкеннің дайын фабрикатын жолық­тырмайсың, азығы кәдімгі нан болатын.


Одақ ыдырап, құрамындағы елдер жаңа өзгеріске бейімделе алмай, қиын күн кешіргенін бала жүрегіміз сезініп өсті. Бір кездері анам жұмыс істейтін ауылдағы дүкен сөресі қаңырап бос қалып, кейін мүлдем жұмысын тоқтатты. Жалақы, еңбекақы, зейнетақы мерзімінен кешіктіріліп, күнкөріс қамы қиындады. Адамдар сонда ертеңіне сенім жалғап, мойымай, өз қамын жасады. Ерлер жағы егін егіп, салыны күрішке айналдырып, бидайды, жүгеріні түйіп, диірменге тартып, азық етті, құс атты, балық аулады. Әйелдер жағы тары орып, оны қуырып, келіге түйіп, сөк етті, диірменге тартты. Осындай қолында барын саудалап, азын-аулақ ақшамен үйге керекті затын алды.
Дүкеннің ұнтақ қантын қазанға салып, үстіне аз ғана сүт құйып, шербетке ұқсас етіп дайындалатын сары шекер де бұл кездері көп үйде болған жоқ. Есесіне құрт, қауыннан тілініп әзірленетін қауынқақ, қайнатылып жасалатын қауынқұрт, күбіден жаңа алынған сары май мен қазанжаппай, балықтан жасалатын тамақтар дастарқаннан үзілген жоқ.
Қазір жаздың бас жағында пісетін балғын, иісі мұрынды жаратын жүгеріні де жиі кездестірмейміз. Аптап ыстықта шөліңді қандыратын ашытпа көженің орнын ештеңе алмастыра алмайды. Шөлбасар сусын әрі тоқтыққа баланатын бұл бірнеше дәнді дақыл қосылған көже отын шабушылар мен шөп орушыларға таптырмас тағам.

Күнделікті тұтынатын самаурынға қойылған сүтті қою күрең шәй, қарма, кеспе көже, сүт көже, асылған балық, құс еттерінің нәрі ме, ауырған адамдарды көп кездестірмейтінбіз. Жақында теледидардан сүт өнімдерінің зияны туралы бағдарламаны кездейсоқ көзім шалды. Сонда сүттің аллергия тудыратын қасиеті барын айтқан мамандарға, 90-ға таяған кейуананың: «Азықтың зияны туралы зерттесе, алдымен, сырттан келгендерін тыйып алсын, ал сүтте шаруалары болмасын. Ішкісі келмесе, өзі ішпесін», – деген жауабын тыңдап, мәз болдым.
Қазір әлемде артық салмақтан арылып, дұрыс тамақтану жайы ғаламдық мәселеге айналып отыр. Осы орайда үй жануарлары мен табиғи ортадан алынатын таза өнімдер пайдалылығын ғылыми зерттеулер дәлелдеп отыр.
Біреу маған «Қандай тағам түрін жегіңіз келеді?» десе, сөзсіз: «Ауылдың дәмі» дер едім.
Қайран, балалықтың бал нәрі, естеліктің ерекше көрінісі – ауылдың дәмі-ай!

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
25 маусым 2019 ж. 2 294 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 34

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930