Басылым беделін биік еткендер

Алғашқы қадам ауаны

Бойында ақындық дарыны мен түрлі кештердің сән-салтанатын келтіретін жүргізушілік қабілеті бар оған аудан басшылығы көп ұзамай аудандық мәдениет бөлімінің бастығы лауазымын сеніп тапсырды. Өнерпаз жандардың басы қосылған саланың тынымсыз тірлігіне көніп, іскерлік қабілетін көрсетті. Көптеген таланттардың көзін ашып, жұртқа танылуына қамқор қолын созды.
Бұдан соң аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінде бас маман, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінде аға ғылыми қызметкер, директор қызметін атқарған ол негізгі мамандығына қайтып оралды. 2009 жылдың қаңтарынан бастап аудан халқының көзайымына айнала бастаған «Қазалы» газетінің бас редакторлығына тағайындалды.
Сол кездері жұмысын енді бастаған оған оң болсын айту мақсатында рұқсат сұрап, бөлмесіне бас сұққанбыз. Үлкен үстел басындағы қобыраған қағаздың ортасында отырған Жетіскен:
–Жаңадан бой көтерген шаңырақтың бау-жібін жөндеп, босағасын бекітіп жатырмыз. Қашанда соны шаруаның әдепкіде біраз қиындық келтіретіні шындық. Қазір шаршап-шалдығатындай жағдайды бастан өткізіп жатырмыз.
Алайда «Көш жүре түзеледі» дегендей бәрі де оңалып, жөнге түсеріне ешқандай күмән келтірмейміз, – деді жылы шыраймен қарсы алып. Сосын ұжым тірлігін тізбелеп, тілге тиек ете айтып өтті.
Белгілі ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, марқұм Жетіскен Мәкеналы «Қазалы» газетінің іргетасын қаласып, буыны қатайуына көп еңбек сіңірді. 2009-2011 жылдары оның басшылығы арқылы басылым таралымы 1500-ден 3000 данаға дейін өсіп, материалдық базасы нығая түсті. Баспа, газет жұмысына бейімі бар жастарды тәрбиелеуге бетбұрыс жасалды.
Өрелі өзгерістер өрімі

Іскер азамат 2011 жылдың қыркүйек айында аудандық «Қазалы» газеті мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры – бас редакторлығына бекіді. Бұл тұста ұжым бірқатар құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Атап өтсек 2011-2014 жылдары аудандық қаржы бөлімінің демеушілігіндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналды.
2014 жылдан бастап уақыт талабына сәйкес облыстық «Сыр медиа» ЖШС-не бірігіп, басылымның форматы жаңартылды. Газет түрлі-түсті бояумен, кең көлемде басылып, көпшілік оқырманға жағымды жаңалық сыйлады.
2016 жылы республика бойынша «Қазпошта» қызметі еселеп қымбаттады. Кездескен қиындықтан шығуды, газеттің жазылу бағасын көтермеуді көздеген «Сыр медиа» серіктестігінің басшылығы жергілікті редакциялар жанынан тарату бөлімін ашуды ұйғарды. Бағалы бастама қолдау тауып, арнаулы мамандар бекітіліп, жұмыс бөлмесі жабдықталды.
Тәжірибелі идеолог-журналист жоғарыдағыдай жаңалыққа мезгілінде қызу қолдау көрсетіп, ортақ істі өрге сүйреу жолында аянып қалмады. Шығармашылық ұжымдағы журналистер және газет тасымалдаушылармен ортақ тіл табысып, ауызбіршілікке, бірлесе жұмыс істеуге жұмылдырды. Ол әрдайым ізбасар іні-қарындастарына: «Өтірік пен өсек-аяң ешкімді өрге бастырмайды. Осы бір жаман әдеттен барынша аулақ жүруге тырысыңдар. Мүмкіндік болса бір-біріңді сыйлап, қадірлей білуді ұмытпаңдар», – деп жөн-жоба сілтеуден жалықпады. Ардақты ағаның өнегелі қасиеттерін ұжымдастар әлі күнге естен шығармай айтып отырады.
Жаңашылдыққа бастаған жол

Орда бұзар отыздың желкенінен ұстаған Дәурен ұжымға үлгілі басшылық жасады. Жарқын жүзді, кеңпейіл жігіт әріптестерінің үлкенін аға-апа, кішісін іні-қарындас тұтты. Жақсылыққа ортақтасып, кімге де қолдан келген көмегін көрсетуді есінен шығармады.
2017 жылдың алғашқы айының бірінде Дәурен маған:
– Сәке, сіздің осы кезге дейін шығарған кітаптарыңыз бар ма? – деген сауалын қойды.
Мен бір-жар дүниелерімді баспадан бастырып алғанымды айттым. Тұшымды жауабымды естісімен езуіне күлкі үйіріле сөйлеп:
– Жарайды. Мүмкіндік болса тағы бір кітап дайындауға күш салыңыз. Сіздің биылғы 60 жылдығыңызда аудандық орталық кітапханада шығармашылық кешіңізді өткізіп, жаңа кітаптың тұсауын кесейік, – деді.
Ынта-ықылас болса бітпейтін шаруа жоқ. Дәурен інімнің қолқалауымен әзірленген «Атажұртым – айбыным» атты шығармашылық жинағым сол жылы Алматы қаласындағы «Мұсылман» баспа үйінен жарық көріп, жоспарланған шара өз деңгейінде өткізілді. Осылайша Дәурен Омаровтың інілік ізеттілігі арқасында ұзақ жылдан бергі тер төккен қаламгерлік еңбегімнің шынайы бағасын алдым.
P.S.
Ұжым – кім-кімнің де екінші үйі. Ондағы басшыдан бастап, қатардағы қызметкерлердің адамдық болмыс-бітімі, атқарған үлгілі жұмыстары ешуақытта да көңілден өшпейді. Олар туралы ақтарылар ыстық пейіл де, жыр да таусылмақ емес.
Жаңа редактор, талантты ақын-журналист Есет Табынбаев басқарған ұжымға төл мереке құтты, денсаулықтарың мықты болып, қуаныш пен шаттыққа толы күндер көбейе берсін дейміз. Барлығың да басылым беделін биікке көтеру жолындағы тынымсыз тіршіліктеріңнің рахатына бөленіңдер!
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі