Ұйықтауға көмектесетін азық-түлік
Ұйықтар алдында тамақ ішу – кейде қажет болғанымен, сонымен қатар ағзаға зиян болып келеді. Артық салмақ қосып алумен қатар, ауыр тағам жақсы ұйықтауға кедергі болады. Ұзаққа дейін ұйықтай алмай, мазаңыз кетсе, ертеңгісін күні бойы қуатсыз жүретініңіз белгілі. Ендеше, қандай азық түліктер ұйықтауға көмектеседі?
Шие шырыны. Шие шырынының дәмі бәріне бірдей ұнай бермейтіндіктен, ол алма немесе апельсин шырыны сияқты сұраныста емес. Алайда басқа жемістер мен жидектерден дайындалған шырындарға қарағанда оның құрамында пайдалы заттар көбірек. Көптеген зерттеулердің нәтижесі бойынша шие шырынын уақытылы ішу ұйқының ұзақтығын реттеп, сапасын жақсартады екен. Ғалымдар оны шиенің құрамындағы ұйқы гормоны мелатонинмен түсіндіреді. Ол гормон күн тәртібінің бұзылған жағдайында және сағаттық өзгерістері бар ұзақ саяхаттау кезіндегі ұйқы проблемасын реттеуге жауап береді. Еуропалық тамақтану туралы журналда жарияланған зерттеуге күнде ұйықтар алдында 1 стақан шие шырынын ішкен және оны ішпеген адамдар тобы қатысқан. Бір аптадан соң шие шырынын ішпеген топқа қарағанда оны ішкен топтағы адамдардың ұйқы сапасы 15%-ға жақсарған.
Киви. Киви – иммунды жүйеге түрлі аурулармен күресуге көмектесетін және ұйқыны жақсартатын көптеген пайдалы дәрумендері мен микроэлементтері бар жеміс. Тайбэй Медициналық Университетінде кивидің ұйқы сапасына әсерін тексеру мақсатында зерттеу жүргізілген. Ұйқысы бұзылған еріктілер тобына 4 апта бойына ұйықтар алдында 1 сағат бұрын 2 кивиден беріп отырған. Ғалымдар күн сайын зерттеуге қатысушыларға ұйқы сапасы туралы арнайы сауалнама жүргізіп отырған. Бір ай шамасында киви жеген соң топтағы адамдардың ұйқысы айтарлықтай жақсарған. Әзірге ғалымдар кивидің ұйқыға әсері нақты немен байланысты екенін анықтаған жоқ.
Түймедақ гүлінен жасалған шай. Түймедақ шайы бұрыннан бері халық арасында адам ағзасына пайдасы көп сусын ретінде қолданылып келеді. Түймедақ шайының құрамында апигенин антиоксиданты бар. Ол бас мидағы бензодиазепин рецепторымен тікелей байланыста болады. Бұл рецепторға ұйқысыздық кезінде көмектесетін дәрілер әсер етеді. Мұндай дәрілер тәуелділік тудырады, яғни, мұндай дәрі ішкен соң, келесіде олсыз ұйықтай алмайтын боласыз. Оның қасында түймедақ шайы тәуелділік тудырмай, ұйқының бұзылуын қауіпсіз реттейді.
Massaget.kz