Мал ауруларының алдын алайық
Түрлі ақпарат көздерінен өздеріңізге белгілі болып отырғандай соңғы жылдары республика аумағында бұрын жолықпаған түрлі мал аурулары кездесуде. Атап айтқанда, олардың басым көпшілігі ірі қара малдарының нодулярлы дерматиті, жылқы малдарының эпизоотиялық лимфонгоиті, сальмонеллезді іш тастауы, ринопневмониясы кеселдері.
Бүгінгі күні аудан көлемінде жылқы малдары арасында іш тастау фактілері белең алды. Осыған орай, жылқы малдары арасындағы бұл сырқаттың нақты себептерін анықтау, емдеу және ары қарай таралуын ұлғайтпау мақсатында ауданныңң ветеринария саласының мамандары тарапынан жұмыстар жүргізілуде.
Қыл құйрықты жылқының іш тастауына алып баратын жағдайлар, оның ішінде клиникалық белгілеріне қарай жылқының сальмонеллезді іш тастауы, жылқы ринопневмониясы, улану, ауа райының қолайсыздығы және тағы басқа болуы мүмкін.
Жылқының сальмонеллезді іш тастауының негізгі клиникалық белгілері: Ауру жұқтырған малда 2-3 апта, кейде 10 айға дейін жасырын кезеңі болады. Іш тастау күтпеген жерден, негізінен биенің 4-9 айлық буаздық кезеңінде орын алады. Іш тастаған биенің 2-3 аптаға дейін дене қызуы көтеріліп, жатырының қабыну белгілері байқалады. Биеде жұбаулық (селқостық) пайда болып, азықтануы нашарлап, тез арықтайды.
Жылқының ринопневмониясының негізгі клиникалық белгілері де осыған ұқсас келеді. Айырмашылығы ринопневмония қоздырғыштарының тыныс алу жолдарында шоғырлануына байланысты жылқыда іш тастау белгілерімен қатар жөтел, мұрынан су ағу байқалады.
Бағалы түлік өз төлінің есебінен көбейіп, пайда әкелетін болғандықтан төлдің сақталмауына байланысты мал иелеріне, сол арқылы елдің өсіп-өркендеуіне елеулі экономикалық шығындар келтіріледі.
Сондықтан, сіздерді ауданның ветеринария саласының мамандарымен тығыз байланыста бірлесе отырып, алдын алу шараларын жасауға шақырамыз. Ол үшін төмендегі көрсетілген талаптардың қатаң бақылануын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз:
–Аудан аумағына түрлі мақсаттармен сырт жерлерден мал немесе мал өнімдерін әкелуді жоспарласаңыз міндетті түрде ветеринар мамандармен ақылдасу (әкелінген малмен бірге келетін жұқпалы мал ауруларының алдын алу үшін);
– Иелігіңіздегі малдарыңыз әдеттен тыс мінез көрсеткенде немесе белгісіз себептерден өлім-жетімге ұшыраса, іш тастау белгілері байқалса дереу ветеринар мамандарға хабар беру (кешіктірілген жағдайда зертханалық тексеруге алынатын материалдар бұзылып кетуі мүмкін);
– Меншігіңіздегі малдарыңыздың міндетті түрде бірдейлендіріліп, компьютерлік дерекқор базасына енгізілуін және сойылған немесе сатылған малдарыңыздың дрекқор базасынан шығарылып отыруын қадағалау;
– Ветеринар мамандардың малдарыңызды түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егуіне және диагностикалық тексерулерге қан алуына барынша жағдай жасап, көмек көрсету.
Құрметті аудан тұрғындары, мал шаруашылығымен айналысатын жеке немесе заңды тұлғалар, жоғарыдағы талаптар қатаң сақталған жағдайда ғана тұрғылықты өңіріміздегі түрлі жұқпалы мал ауруларынан қорғауға болатындығын қатаң ескере жүргендеріңіз жөн.
А.ІДІРІС,
аудандық ветеринария бөлімі басшысының орынбасары.