Көпбалалы отбасыларға гранттар мен микрокредит беріледі
Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасыларға жер телімін беруді ұсынды Көпбалалы отбасылардың жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін ауылдағы көпбалалы отбасыларға гранттар мен микрокредит беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты.
Оның айтуынша, мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан, туабітті бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасап отырған 100 мың азаматтың жәрдемақысы 31 183 мың теңгеден 41 578 мың теңгеге өседі. «Толық емес көпбалалы отбасылардың үйде жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін ауылдағы көпбалалы отбасыларға гранттар мен микрокредит беріледі. Жалпы гранттар қаралған. Ауылдағы көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту, отбасы бизнесін ашу, табыстарын арттыру үшін қайтарылмайтын 500 мың теңгеден 20 миллион теңгеге дейін жаңа бизнес ашу үшін мемлекеттік гранттар беріледі» деді Бердібек Сапарбаев. Министрдің айтуынша, 2019 жылға жоспарланған микрокредиттеу аясында 14 мың микрокредиттің 5 мыңы ауылдық жерлердегі көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалады. Нәтижесінде көпбалалы 15 мың отбасы жеке ісімен айналысуға және табысын арттыруға мүмкіндік алады. Көпбалалы аналар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналарды жұмыспен қамту және өзін-өзі дамытуға қолжетімділікті кеңейту үшін сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімді оқытулар ұйымдастырылады. «Бұның барлығы - Үкімет тарапынан жасалатын көмектер. Бұл ретте сізден сұрайтынымыз - өңірлердің әкімдеріне қосымша тапсырма берсеңіз. Бізде көптеген кәсіпорындар, кәсіпкерлер нашар тұратын, көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Олар өздерінде жұмыс істейтін көпбалалы отбасыларға пәтер жағынан көмектессе. Екіншісі - жер беру мәселесі. Кездескен кезде естігенбіз. Көпбалалы аналар «бізге берсеңіздер, пәтерге төлеп отырған ақшамызды соған жұмсап, үй салатын едік» дейді. Сонымен қатар, бастапқы жарнаның жартысын жергілікті бюджеттен алу туралы да ұсыныс бар», - деді Б.Сапарбаев.