Алтын қолды Алтынбек

Жарыса жүгіріп жүрген екеуі кенет әп-әдемі қасында екі шөнжігін ерткен жолбарыс, арқар мен аққулардың, көкте қалықтаған қыран құстың қасында тамсана қарап, тұрып қалды. Мен болсам бұл аң-құстың атын айтып, тәптіштеп түсіндіріп жатырмын. Бір кезде кенже балам Думан: “Әке, бұларды кім жасаған?” деп сұрақты төтесінен қойды. Кішкентай болса да бәрін білгісі келген оған мен риза кейіппен “Шебер ағаң жасады” деп жауап беріп, ол адам туралы білуге өзімнің де құштарлығым оянды. Дереу оқушылар үйінің күзетшісін тауып алып, көкейдегі тілегімді жеткіздім. Ол өз білгенін айтып берді.
– Бұл жерді 2015 жылы аудандық оқушылар үйінің қызметкерлері безендірді. Сол жылы үйірмелерге мекеме ауласын бөлісіп алып, қолдарынан келгенше көріктендіруге атсалысу тапсырылды. Осылайша әрқайсысы тиесілі аумақта аң-құстың мүсінін орнатты. Бұның мықты шебер қолынан шыққаны көрініп тұр. Қаншама уақыт өтсе де сыры кетпеген. Шынымды айтсам кім жасағанын білмедім. Естуімше ол теміржол мекемелерінің бірінде жұмыс жасайды, – деді.
Осылайша іздестіре келе керемет мүсіндердің авторы Алтынбек Серібаевты іздеп таптым. Теміржолшылар отбасында өмірге келген Алтын Құдайбергенұлы бұл өнерді осыдан он жыл бұрын қолға алған екен. Оның айтуынша, мүсін жасау ерінбеушілікті, шыдамдылықты қажет етеді. Алдымен ойға алған дүниенің қаңқасын арматурмен дәнекерлеп, тоқып алады. Мұнан соң кәдімгі цементті құмға араластыру арқылы жасалған бейнені балшықпен айналдыра сылап шығады. Сөйтіп ойға алған мүсінің дайын болады. Бұдан соң өзіңе қажетті бояумен әрлеп, түрлі кейіпке енгізе бересің.
– Алғашқы кездері жай ғана ермек үшін түрлі мүсін жасап жүрдім. Осыдан 3-4 жыл бұрын менің ауламды көргенде құдды бір хайуанаттар бағына кіргендей әсерде болатының анық еді. Өзім аю, ағашқа қонып отырған бүркіт, бұғы, ит және тағы басқа аң-құстың мүсінін істеп қойдым. Бүгінде олардың бірі де қалмады. Себебі, сол дүниелерді іздеп келушілер аттай қалап алып кетті. Мүсін жасауды мен кәсіп етіп отырған жоқпын. Сондықтан пәлен теңгеге сатамын деп те айтпаймын. Қолыма ұстатқанын алып қала беремін. Мәселен оқушылар үйінің ауласында екі шөнжігімен тұрған жолбарысты бар-жоғы 6 мың теңгеге бердім, – дейді ол.

Алайда, он саусағынан өнер тамған шебердің мүсіндерін Қызылорда, Шымкент, тағы басқа қалалардан арнайы келіп алғандар да кездесті. Оның себебін сұрағанымызда былай деп жауап берді.
– Қайбір жылдары жұмыс барысымен Шиелі ауданында іссапарда болдым. Сонда балабақшалардың біріне түрлі аң-құстың мүсіндерін жасап бердім. Шиелі тұрғындарының жарнамасы күшті болған-ау деймін, мұнан кейін іздеп келушілер көп болып кетті, – дейді күлімсіреп.
Алтынбек шебер жасаған бұйымдарды Әйтеке би кентіндегі балабақшалардың аулалары мен көпшілік демалатын орындардан да кездестіресіз. Тіпті, ол жасаған фонтан жанындағы құстардың мүсіндерін аудан орталығындағы мейрамханалардан да байқауға болады. Бұлардың ішіндегі ең құндысы, Жанқожа батыр ауылындағы саябаққа кіре-берістегі айбатты қос арыстанның мүсіні. Оны шебер 2014 жылы халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығына арнайы жасап, тарту еткен.
Мінсіз мүсін жасайтын алтын қолды Алтынбектің алға қойған мақсаты да бар.
– Келешекте мемлекет тарапынан қолдау болса, түбегейлі осы кәсіппен айналыссам деген арманым да бар. Шеберхана ашып, көз тартар туындылар жасасам деймін. Сонымен бірге, өнерге қолы икемді, ынтасы зор шәкірт тәрбиелегім келеді, – дейді
Алтынбектің жары Қаламқас Серібаева да өнерден құралақан емес. Бала кезінен анасынан үйренген қолөнерін бүгінде іске асырып отыр. Аудан орталығындағы сауда орынының бірінен бутикті жалға алып, тігін шеберханасын ашқан. Онда неше түрлі қиындыларды шеберлікпен қиюластырып, құрақ құраумен айналысады. Қазалы ғана емес Ақтөбе қаласынан, Төретам, Кеңқияқ, тағы басқадан да тапсырыс берушілер бар. Қаламқас тек көрпе тігумен ғана шектелмейді. Ерлер мен әйелдердің бас киімі, үй ішіне, көрмеге қойылатын түрлі бұйымды да аса шеберлікпен тігеді.
«Бақыттың кілті – еңбекте» дегендей, бүгінгі қоғамда шынайы еңбектің ырыс-несібесі мол. Күні бойы тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші мен түрлі мүсінді жасайтын шебердің келістіре жасаған бұйымдары көпшіліктің көңілінен шығатыны қуантады.
Жеңісбек Айымқұлов