Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал дауындағы мәміле

Мал дауындағы мәміле

Кіші жүз Сыр елінде Шекті аталығы екіге бөлінеді. Біріншісі ‒ Сыр Шектісі Сырдария,Арал теңізі жағалауын мекендейді. Мұндағылардың ертеден негізгі кәсіптері балық аулау мен егіншілік болған. Екіншісі ‒ Қыр Шектісі, бұлар Шалқар, Ақтөбе аймағындағы қарақұмды қоныс еткен. Олар бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып, тіршілік жасаған. Азық-түлік жағын Сыр бойынан алып отырған.
Қыр Шектісінің арасындағы атышулы Нияз деген бай қарауындағы қарулы жігіттерді жылда екі-үш рет жұмсап алады. Сыр жағалауындағы ағайынның малын барымталап, ұрлатуға әбден құнығады. Артынан қуып барғандарға оңайлықпен пай бермейді. Келемеждеп, аузына не түссе, соны айтады. Сырбойылықтар әбден әбіржіп, ығыры шығады.
Бір жолы Сыр жұртын жинап алған Жақайым Жетес би: «Қасыма бес жігіт еріңдер, ұрланған малдың дауына мен бара­йын!» ‒ дейді. Жиналған қауым қарсылық қылмайды. Жетес би Қыр Шектісінің ауылына аттанады. Әркімнен сұрастыра жүріп, ұрының басшысы Нияз байдікін тауып, ат тұмсығын тірейді. Келген меймандарға отағасы жылы шырай бермейді. Жетестер ыңғайына қарап, үйдің жабық тұсындағы орынға жайғасады.
Нияз бай сазарып: «Ау, мезгілсіз жеткен жолаушылар, жөндеріңді айта отырыңдар», ‒ деп үн қатады. Сонда Жетес: «О, байеке, қонысыңыз жайлы болсын. Сыр бойынан келеміз, руымыз Шекті болады»,‒ дейді. Бай кеудесін көтере: «Олай болса, бауырымыз екенсіңдер. Айта отыр, елдеріңде қысқы соғымнан ауыс­тырып, сегіз қанат үйдің әрбір керегесі басына семіз ту биенің шұқыршақ жамбасын іліп қойған мендей бай бар ма?» ‒ дейді масаттанып. Оған Жетес: «Байеке, жөнсіз әңгіменің керегі қанша? Өзіңіз бір сәт бажайлаңызшы, кісі малына өзгенің жаны ашушы ма еді?» ‒ деп қарсы уәж білдіреді.
Өткір сөзді естігенде өн бойын ашу-ыза кернеген бай, басын жастықтан көтеріп алып: «Тілің удай ащы екен, сөзің сүйегімнен өтіп кетті. Әй, сенің есімің кім болады?» ‒ деп сұрапты. Жетес аты-жөнін айтады.
«Сезікті секіреді» деген. Күтпеген оқиғадан есеңгіреп қалған бай: «Е, е енді түсіндім. «Дауылпаз деген құс болады, дауысы жер жарады. Қасына барсаң ұлтарақтай көл болады» деуші еді бұрынғылар. Сен Жетес би болсаң, мұншама жүдеу, арық болғаның қалай?» ‒ деп мұқатады.
Кекесінді елемеген Жетес би: «Байеке, дәл осыны тауып айттыңыз. Ел-жұрттың қамқоршысы мен панасы Есет пен Бекет батырды Николай патша маған қарсылық көрсеттің деп көк пәуеске арбаға таңып әкеткен. Соны уайымдағандықтан арлы Шекті біз сияқты арық күйге түсті. Керсінше сіз сияқты арсыз Шектілер күн санап семіре түсуде», ‒ дейді көкейіндегісін ашық жеткізіп. Тура айтылған сөз Нияз байға оқ боп тиіп, үнсіз отырып қалады. Іле жігіттерін шақыртып: «Мыналардың даулап келген малдарын басына-бас түгелдеп, алдарына салыңдар!» ‒ деп әмір етіпті.Сөйтіп Сыр елінің намысын ту еткен Жетес би көпке созылған мал дауын лезде мәмілеге келтіріп, ағайын-туыстың ақжарма пейілі мен алғысына бөленіпті.

Дайындаған
Сахи ҚАПАР
11 маусым 2024 ж. 2 285 0

Кемел келешек тіледі

06 қазан 2024 ж. 60

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031