Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Tik-tok" тәлім бере ме?

"Tik-tok" тәлім бере ме?

Фото: krasivoe-foto.ru
Бүгінде Қытайлық "Tik-tok " әлеуметтік желісін қолданбайтын адам кемде-кем. Рас, қазір бұл платформаны жас та, жасамыс та пайдаланады. 2016 жылы пайда болғанымен оның танымалдылығы карантин уақытында, дәлірек айтсақ 2020 жылы артты. Сол уақыттан бастап бұл желіні тұтынушылар саны бүгінгіден азайған емес. Керісінше күн санап артуда. Статистикаға сәйкес, бүгінде бұл әлеуметтік желіні тұтынатын аудиторияның 75 пайыздан астамы 13 пен 24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар болса, 20-22 пайызы 25-35 жас санаты аралығығындағы адамдар, ал 3-5 пайызы 35 жастан асқан адамдар екен.
Несін жасырайық, карантин уақыты бұл платформаның жандануына біраз септігін тигізгендей. Себебі, дәл осы кезеңде адамдар жаппай бейнелер түсіріп, желіге жүктей бастады. Ал жүктелген бейнелер көп қаралым жинап, сәйкесінше көп оқырман жинады. Бір сөзбен айтқанда желіге бейне жүктеген адамның аудиториясы қалыптасты. Соның арқасында олар табыс та тауып жатты. Тіпті бұл адамдар арасында тенденцияға айналды. Табыс тапқан жақсы-ақ. Бірақ соңғы уақытта бұл тенденция теріс түсінік қалыптастырып жатқандай көрінеді. Өйткені жастардың дені осылай жеңіл дүниелерді жүктеу арқылы оңай ақшаға кенелуге болады дегенге бой үйретіп жатыр. Олар тек тиктокер, блогер болсаң ғана, баюға болады деп ойлайды. Мұны мамандық деп санайтындар баршылық. Бірақ мұның уақытша ғана құбылыс екендігін өсіп келе жатқан өскелең түсіне бермейтіні өкінішті.
Қытай әлеуметтік желісінің танымалдығы артқан сайын тұлғаның деградациясы қызу жүріп жатыр. Бір кездері қарым-қатынас жасау үшін құрылған әлеуметтік желілер өскелең ұрпақтың санасын улауда. Өйткені tik-tok-та тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға бағытталған контент жоқтың қасы. Дұрыс дүниелердің орнын, сапасыз мазмұндағы арзан бейнелер алмастырған. Тіпті ондай бейнелерге сүзгі де жоқ. Ал сүзгі болмаған жерде тұлғаның тәрбиесі жайлы сөз қозғау тіпті орынсыз. Қазір қалай айтсақ та, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін телефонға тәуелді. Қала берді әлеуметтік желілерге. Ата-ананың таңнан кешке дейін баланы тезге салып, тәрбиелеуі мүмкін емес. Өйткені тірліктің қамы бәрінен қалыс қалдыруда. Мұны сенатор Нұртөре Жүсіп те өз сөзінде айтқан-ды. Сенатордың сөзінше, қазіргі ұрпақ ата-ананың тыйымдарынан емес, tik-tok желісінен тәрбие алып жатыр.
– Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. "Менің мемлекетім", "Менің Қазақстаным" деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың "тәк-тәк" деген тыйымдарымен емес, негізінен tik-tok арқылы тәрбиеленіп жатыр, – дейді депутат.
Осылай армандаудың салдары жастарды блогер сияқты өмір сүрсем, "бай боламын" деген ойға жетелеуде. Яғни, камерамен жұмыс істей алсам, желіге жеңіл бейне жүктесем, мен де солар секілді табысты әрі танымал боламын деп түйсінеді. Қызығы, олар үшін бұл қарапайым логика сияқты. Ал шындығында мұндай бақ барлығына бірдей қона бермейді. Бейне жүктесем, байып кетемін деп ойлау орынсыз. Себебі, солар сықылды аудиторияға қол жеткізіп, бүгін танымал болғаныңмен, ертең ұмыт болуың әбден мүмкін. Өйткені tik-tok-тың да дәурені баста мәңгілік тұрмайды. Ол да өтпелі. Олай дейтінім, бұл желі "зумерлер" мен өсіп келе жатқан "альфа" арасында ғана танымал. Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, ары кетсе 10 жылдық ғана ғұмыры бар. Біреуге көп болып көрінер. Әйтсе де тәрбиеміздің түзу жолынан адастыруға аз уақыт та әсер ете алады. Ал сол уақытта балаларға tik-tok арқылы емес, ортаның орамды ойымен, ата-ананың ақылымен тәлім бере алсақ, болашақтың тетігін ұстайтын тұлғалар өсіп, тәрбиенің тұғырын биіктеткен болар ма едік, кім білсін?!
Бір аңыз бар. Бір елдің сұлтаны байдың қызын жар еткісі келеді. Бірақ ол қыз қанша ақылды болғанымен қарапайым тірлікке қол үйретпеген. Сұлтан жар етіп алғысы келетін қызды сынамақ ниетпен оған шарт қояды. "Егер менің жарым болғың келсе, кілем тоқуды үйренуің керек. Егер кілем тоқуды үйрене алмасаң, онда екеуміздің жолымыз екі жаққа кетеді" – дейді Сұлтан. Қыз ойланбастан келісімін береді және аз уақыт ішінде кілем тоқуды үйреніп алады. Сұлтанның патшалығына келген қыз өзінің жұмысын оған көрсетіп, одан: "Маған кілем тоқуды үйрен деуіңіздің себебі неде?" деп сұрайды. Сонда Сұлтан: Ақылды әрі білімді жар табылар, бірақ тірлікке икемі болмаса оның маған керегі не? Менің үнемі осы тақ та отыруым жазылмаған болуы мүмкін ғой. Қарапайым өмір кешсек, тірлігімізді түзеу үшін бірдеңені меңгергеніміз артықтық етпес, – деп жауап берген екен. Дәл осы аңыздың астарына үңілсек, tik-tok-қа сеніп, сабылып жүру жараспайды. Сондықтан бұған мамандық ретінде қарауды доғарып, білімімізді дұрыс жаққа бағыттауымыз керек-ақ.
Көпке топырақ шашудан аулақпын, әйтсе де блогерлердің дені жастарды "Мен секілді ақша тапқың келе ме?" деген сарындағы бейне жолдаулармен адастыруда. Білесіз бе, мұның болашақ үшін қандай қауіп екенін. Өйткені жастардың көбі блогер болсам, ақша өздігінен келеді дегенге сенеді. Мамандық таңдау, өмірлік миссия деген түсініктер жастар үшін болмашы дүниеге айналып барады. Бірақ мұның бәрі, кем дегенде 10 жылдан кейін олардың болашағына айтарлықтай әсер етеді. Себебі мамандығыңның болмауы, жұмыс істемеудің салдары – үлкен өкінішке әкеледі.
Түйін: Ойыма бір мысал оралып тұр. Ас үйдегі пышақты ешкім қару деп санамайды. Бірақ кейде оны суық қару деп те қарастырамыз. Тіпті кей жағдайда қылмыстың құралы болуы да мүмкін. Tik-tok та сол сияқты. Бір қарағанда қоғамға пайдалы платформа, бірақ оның жұртшылыққа келтірер залалы сіз бен біз ойлағаннан алапат.
Арайлым ЖҮСІПОВА
16 қаңтар 2024 ж. 248 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930