Жасанды интеллект: Қорықпайсың ба, адам?
Алғаш көркем фильмдер шығып жатқан уақыт. Таңғажайып фантастикалық киноны аузымыз ашылып, ертегідей етіп көретін едік. Ұшатын көліктер, сөйлейтін роботтар, тіпті адамды ауыстырған клондар. Мұның бәрі өмірде болмайтындай, құр қиялдай елестейтін. Алайда қазір жаһандану дәуірі есігімізді түртіп, ел цифрлы Қазақстанға айналды. Онлайн жүйеге енді ентелей еріп келе жатқанымызда шетел бізді тағы таңқалдыруда. Қалай деймісіз? Жасанды интеллект ойлап тапты. Қорқынышты емес пе?
Уақыт өткен сайын жасанды интеллекттің дамуы артты. Ядролық энергияны бейбіт және деструктивті мақсаттар үшін пайдалану, мұнай өндірудегі энергетикалық мәселелерді шешу, жаңа материалдарды синтездеу үшін шикізат алу – адамзат өмірін өзгерткен өнертабыстар. Жасанды интеллект дегеніміз не? Ол – адамның ойын, іс-әрекетін компьютерде бейнелейтін компьютерлік жүйе. Бұл сөзді алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде, Жон Маккарти есімді азамат қолданған екен. Содан бері бұл саланы зерттеушілер мен оған қызығушылық танытушылар күн санап артып келеді. Жонның пайымдауынша, жасанды интеллект екі бағытта жүзеге асады. Біріншісі, адамның интеллектуалды әрекетін қарастырса, екіншісі адамның саналы іс-әрекетін қарастырады. Қазірдің өзінде жасанды интеллект өзекті қолданбалы мәселелерді шешу үшін қолданылады: сараптамалық жүйелер жоғары білікті мамандар жетіспейтін орында тиімді шешімдерді жасауға көмектеседі, автономды құрылғылар адамның денсаулығына зиян келтірместен немесе өмірге қауіп төндірмейтін ортаны зерттейді, IBM-нің Watson немесе Google компаниясының DeepMind Health сынды технологиялары дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуде, тіпті, адам көзі аңдай бермейтін ішкі ағзалардағы ісіктерді анықтауда үлкен рөл атқарады. Қызығы Жапонияда жыл сайын дәрігерлердің саны 2,7 пайызға артатын болғандықтан, дәрігерлерге деген қажеттілік күн тәртібінен түспейді екен. Күншығыс елі бұл мәселені шешу үшін медицина саласына жасанды интеллект енгізбекші. Ол үшін бюджеттен 100 миллион доллар қаржы бөлген. Қазір әлемдік ірі державалар арасында технология өндіруден бәсеке болып жатыр. Қытай зерттеу мен өндірісте АҚШ-қа тәуелсіз болу үшін жасанды интеллект жасауға айрықша көңіл бөлуде. Қытайлық Huawei компаниясы жасанды интеллекті өңдеуге арналған өз чиптерін әзірлеп жатыр. Бұл елдегі жасанды интеллект индустриясын Intel және Nvidia сияқты америкалық өндірушілерге деген қажеттілігін азайтты. Ал Еуропалық Одақ АҚШ пен Қытайдан қалыспай жасанды интеллект жасауға 22 миллиард доллар қаржы бөлген.
Таңғажайып жүйе
Жақында Google өзінің Gemini атты ЖИ жүйесін таныстырды. Gemini-дің «ақылы» ChatGPT-4-тен де, мықты сарапшылардан да озық екені дәлелденген. Ақылды машина туралы newatlas.com сайтында жарияланған шолуды оқып шықтық. Былтыр қарашада әлемді таңғалдырған OpenAI компаниясының GPT-4 жасанды интеллекті бүгінге дейін ең мықты ақылды машина саналып келді. Енді ол көшбасшының орнын суреттерді, видео мен дыбысты, сондай-ақ мәтін мен кодты адамнан да жақсы түсінетін Gemini-ге беруге мәжбүр болды.
Жалпы Gemini ағылшын тілінен аударғанда егіздер деген ұғымды білдіреді. Google өзінің жасанды интеллект жүйесі кіммен егіз екенін ашып айтпаса да уақыт өте келе ақылды машина басқа да сезімдерді дамытады деп сендіруде. MMLU (Multi-Tasking Language Understanding) сынағы бойынша 90,0 пайыз ұпай жинаған Gemini білімді меңгеру тапсырмалары мен әртүрлі мәселелерді шешу бойынша мықты адам сарапшылардан, сондай-ақ GPT-4 асып түсетін алғашқы үлгі болды. Жаңа жүйенің озық нәтиже көрсеткен салаларына математика, физика, тарих, құқық, медицина және этика сияқты 57 ғылыми бағыт жатады. Gemini мультимодальды негізде үйретілген, яки оны оқытқан кезде мәтіннен басқа үлкен көлемдегі медианы да қамтитын деректер базасы қолданылған. Ол мәтіндерді қалай жақсы сараптаса, бейнежазба мен аудиожазбаны түсіну жағынан да осал емес.
Ғалымдар бұл сараптаманы машина түскі үзіліс кезінде қысқа уақыттың ішінде жасап бергенін және бұның үлкен деректер жиынтығын зерттеуді қажет ететін заң, құқықтану сияқты салаларға жақын арада әсер ететінін айтады. Gemini Python, Java, C++ және Go бағдарламаларын жақсы біледі. Шынында да, Gemini қазірдің өзінде веб-сайттар жасап, олардың кодтарын қолданушының сұранысына, жұмыс ерекшеліктеріне байланысты пайдалану барысында ұдайы жақсарта алады.
Оны қолдана отырып Gemini-дің керемет қуатын байқауға болады. Бұл ЖИ жүйесі сіздің қасыңызда отырған, бірақ жүздеген есе жылдам жұмыс істей алатын веб-бағдарлама жасаушыға көбірек ұқсайды. Таң қалатын дүние емес пе?
Кез келген ЖИ құралы сияқты, ол өте интерактивті. Егер ол сізге қалаған нәрсені бермесе, сіз оған жай ғана айта аласыз, ол сіздің қалауларыңызға бейімделеді не оны орындаудың ең жақсы жолын бірлесіп іздейді.
Сайттар таратқан шолу бойынша, Google жаңа интеллектуалды жүйесін үш өлшемде шығаруды жоспарлап отыр дейді. Gemini Nano, мобильді құрылғыларға тікелей орналасуға арналған, Gemini Pro, көптеген тапсырмалар үшін негізгі жұмыс күші болатын GPT 3.5-тің баламасы. Және ең үлкен модель Gemini Ultra үлгісі, Google пікірінше, GPT-4-тің өнімділік деңгейінің көпшілігінен оңай асып түседі. Gemini Ultra қауіпсіздік пен теңестіру мәселелеріне мұқият тексерілгеннен кейін көпшілікке ұсынылады. Сол кезде ғана біз оның GPT-тен қай жерде жоғары екенін және қандай жерде сәйкес келмейтінін түсіне аламыз. Айта кеткен жөн, Gemini Nano қазірдің өзінде Pixel 8 Pro смартфонында қолжетімді және басқаларға таратыла бастайды.
Gemini Pro болса дәл қазір Google Bard қызметі арқылы Google есептік жазбасы бар кез келген адамға тегін қолжетімді. Google жақында оған жаңа мүмкіндіктер қосылатынын айтуда. Оны Gmail, Google Drive және Google Docs, сондай-ақ рейс пен қонақүйлерді брондау, Google Maps және YouTube қолданбаларына енгізуге болады. Бұл қызметтерде ол қолданушымен өзара әрекеттесуге және бейнежазбалар туралы сұрақтарға жауап береді.
Біздің ел де инвестиция салмақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект саласындағы мәселені көтерді.
– Үкімет жасанды интеллектті дамыту ісіне баса назар аударуы тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек, – деді ол.
Президент атағандай, еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады.
– Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет. Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұраймын, – деді ол.
Бір қызығы, жақында америкалық Sports illustrated журналы жасанды интеллектің көмегіне сүйеніп жалған авторлар ойлап тапқан деп айыпталды. Апта басында америкалық Futurism журналы Sports illustrated спорт журналы туралы көлемді мақала жариялады. Онда Sports illustrated журналының жасанды интеллект жасаған суреттерді (адамның суреті) сатып алғаны, өмірде жоқ, ойдан шығарылған авторлардың парақшасын құрғаны, жасанды интеллект жасаған контентті ойдан шығарылған авторлардың атынан жариялағаны туралы айтылды. Оқырмандар мен журналистер аяқ астынан пайда болған авторлардың материалына күмәнмен қарай бастаған кезде редакция фейк авторлардың парақшасын дереу өшіріп, сол авторларға телінген мақалалардың көзін жойған.
Sports illustrated – апта сайын жарық көретін спорт журналы. Басылым Time Warner медиахолдингінің құрамына кіреді. Futurism журналы Sports illustrated журналындағы жалған авторлардың жазбалары құдды бір бөгде планеталықтар жазғандай жасанды көрінетінін байқапты. Мәселен, журналдағы Дрю Ортис есімді автордың парақшасында оның өзіне қатысты ешқандай нақты мәліметтер берілмеген. Тек оның орман-сулы аймақта табиғатқа жақын болып өскені туралы жалпылама айтылған екен. Кейінірек Дрюдің суреті адам суреттерін сататын веб-cайттан (жасанды интеллект жасаған) алынғаны белгілі болды.
The Guardian газетінің жазуынша, Sports Illustrated жасанды интеллектің көмегіне сүйенген жалғыз басылым емес. Былтыр BuzzFeed бас директоры Джона Перетти сайттағы контентті жасауға жасанды интеллект қызметін қосып, оны негізгі бизнесінің бөлігіне айналдыратынын хабарлаған болатын. BuzzFeed содан бері жасанды интеллект көмегімен жасалған викторина, нұсқаулықтарды жариялап келеді. Өз кезегінде The Guardian газеті Sports Illustrated пен BuzzFeed басылымдарының мұндай қадамы антиутопиялық контентті көбейіп, БАҚ саласындағы қиындықтарды көбейтеді деп болжап отыр.
Сондай-ақ, The Guardian мақаласында Sports Illustrated, Buzz feed басылымдары штаттағы адам санын қысқартып, жасанды интеллект көмегіне жүгінуіне олардың қаржылық қиындықтары себеп болғаны айтылады. Жыл басында Sports Illustrated ұжымында біраз адам қысқарып, содан кейін Arena Group директоры Росс Левинсон компанияға жасанды интеллект қызметі қосылғанын мәлімдеген екен. Ал New York Times, NBC сияқты өзге басылымдар керісінше, адам емес, жасанды интеллект қолымен жасалған материалдардан соң туындайтын жалған ақпаратқа тосқауыл қоятын жоспар құратынын хабарлады. The Guardian газетінің бас редакторы Кэт Винер мен бас атқарушы директоры Анна Бейтсон «біздің журналистикада сенімсіздікке жол берілмейді» деп мәлімдеме жасаған. Сондай-ақ, бұл газет тек «шынайы журналистиканы құруға және таратуға» қызмет ететін жасанды интеллектің генеративті құралдарын пайдаланатынын жариялады.
Futurism сайты жариялаған мәліметке сүйенсек, жасанды интеллектке сүйеніп, контент жасап отырғандар қатарында CNET, Bankrate сайттары да бар. «Мәтіні қатеге, плагиатқа толы» деп айыпталған соң, CNET нейрожелі арқылы жазылған мақалаларының жартысынан астамын қайта өңдеуге мәжбүр болыпты. Ал USA Today және Gannett медиахолдингіне қарасты басқа да газеттер нейрожелі арқылы жасалған әжуалы спорт шолуын жариялағаны үшін айыпталды.
Құбылмалы Нейросеть
Қазір бәрі қолжетімді. Жазбаға сурет іздеп сабылмайсың. Ойыңдағыдай, мақалаңа сай дүние қажет болса арнайы бағдарламаның көмегіне жүгініп, жасанды суретті тапсырыспен жасауға болады. Біз бұл тәжірибені жасап көрдік. Тек қолжетімді бағдарлама біз ойлағандай суреттерді жасап бере алмады. Ал қиялы ұшқыр нейросеттер ақылы сурет жасайды не VPN арқылы, яки өзге елдің интернетімен ғана жасалады. Нәтижесі таң қалдырады.
Жақында пирамидаларды тұрғызған адамдардың суреті тарады. Ол суретке Египеттегі әйгілі пирамидалардың салынып жатқан кезі деп сеніп жатқан қолданушылар да бар. Алайда бұл – жасанды интеллектке сүйене отырып жасалған жалған сурет. Гизадағы пирамидалар біздің заманымызға дейінгі 2500 жылдары салынған. Ал фотография өнері бертінде, 19 ғасырда пайда болды. Яғни, пирамидалар фотоөнер пайда болғанға дейін, 4 мың жыл бұрын салынған. Интернетте тарайтын мұндай суреттер оқырмандарды медиасауатын арттырып, әрдайым фактчекинг жасап отыруға үндейді. Мұндай суреттердің жалған екенін білу үшін оқырман қауым алдымен суретті интернетке салып, дереккөзін табуы тиіс. Одан әрі оның жасанды интеллект арқылы жасалған-жасалмағанын анықтауы керек. Яғни, соңғы кезде тарап жатқан сан түрлі жалған ақпарат интернет бетінде көзге ұшырап, күдікті көрінген кез келген контентті саралап, тексеріп барып, тұтынуға итермелеп отыр.
Түйін
Сену қиын, бірақ жүзеге асуда. Әзірге бізге бұл керек пе деген сауалдың туындайтыны рас. Жасанды жүйені сіз емес, бізді ол басқарса қалай болмақ? Сондай машиналар бізге келіп: «Қорықпайсың ба адам?» десе ше?
Айнұр ӘЛИ