Алаяқтың құрығы һәм қулығы
Қазақстандық «Мошенники» сериалын көрдіңіз бе? Соңғы форматта түсірілген бөлімдер көпшіліктің назарын аудартты. «Алаяқтың құрығына түспеңіз» деп айқайлайтын мазмұндағы сериал біраз «схеманы» тәптіштеп көрсетеді. Жай ғана кино дерсіз, бірақ өмірден алынғанын, дәл қазір сол алаяқтық өмірде болып жатқанын білесіз бе?
Осыдан бірнеше жыл бұрын туыс ағамыздың басынан бір оқиға өтіп еді. Балалары жұмыста, зайыбы екеуі кешкі астың қамымен жүр. Кенет үй телефонына қоңырау келіп түседі. Әдетте бәрі смартфонға ауысқалы үй телефонына хабарласу ұмытылды ғой. Содан не керек, жалма-жан тұтқаны көтереді. Сымтетіктің арғы жағынан «Әке, мені ұстап алып азаптап жатыр» деген кенже ұлының үрейлі дауысы санқ ете қалады. Не болғанын түсінбей дал болса да кісі түсіндіріп айтуын сұрайды. Сонда ұлы «Мені полицейлер ұстап алды. Қазір ақша бермесек мені қамап тастайды» деп жылай бастайды. Не істерін білмеген әке-шеше қаладағы қызына хабарласып, несие алдырып, әлгілердің байланыс нөміріне бірлік қылып салып жібереді. Одан кейін телефонға қоңырау түспейді. Тек бірер уақыттан соң үй есігі ашылып, әлгінде тұтқында отырған кенже ұлы еніп келе жатыр екен. «Апырым-айлап» алдынан шығып, не болғанын сұрай бергені сол еді, әлгі жігіт түк түсіне алар емес. «Мен жұмыстан келе жатырмын ғой» деп ақталды. Зар илеп, ақша сұраған ұлы емес, алаяқтар екен. Полиция бөліміне барып арыз жазғанымен ешқандай қайран болмады. Мұндай оқиғаның түр-түрі елдің түкпір-түкпіріне дейін орын алып жатыр. Құрығы ұзын алаяқтар қулығын одан сайын асырып, ізін суытпай жоқ болады.
Алаяқтықтың түрі көп. Пирамиданы жақсы білетін боларсыз? «Адам тарту» дегенді естігеннен-ақ бұл жүйеден бас тарта беріңіз. Одан кейінгісі алаяқтың өзі шынайы бет-бейнесін жасырып, «жертвасын» іздей бастайды. Аңқау адам табылғанда оның құрығына алып, сеніміне кіреді. Жұмыс ұсынады, өзін бай адам етіп көрсетеді. Ақшаға мұқтаж әлгі адам әбден сене бастайды. Оған өмірдің керемет екенін айтып, қымбат дүниелер сатып әпере бастайды. Сенімге кірді. Ендігі жол алаяқта. Несие рәсімдеп, бірер күнде қайтаратынын айтады. Әрине, ондай «жақсы» жанның өтінішін жерге тастамауға тырысқан жәбірленуші миллиондап белшесінен батады. Ақшаны алып алған соң алаяқтың ізі де жоқ.
Келесі схема мынадай. Алаяқтар қарт адамдарға банк өкілі секілді қоңырау шалып, кредит алуға өтініш берген-бермегенін нақтылайды. Егер бұл олар болмаса, онда алаяқтар олардың атынан кредит алуға тырысады, шұғыл шаралар қабылдау және олардың нұсқауларын орындау қажет. Ол үшін олар әлеуетті құрбандарға деректерін орнатуды және қорғауды қажет ететін қосымшаға сілтеме жібереді. Бағдарламаны жүктегеннен кейін телефонға SMS-хабарлама немесе электрондық пошта арқылы хабарлама келеді, содан кейін банктің жалған қызметкері кодты атауды сұрайды. Өкінішке қарай, кредит беріп үлгерген, бірақ алаяқтар ақшаға қол жеткізе алмады деп хабарлайды. Бұдан кейін нұсқаулық бар: ақшаңызды қорғау үшін сізге бұл ақшаны алаяқ айтқан басқа шотқа аудару керек. Алаяқтар әрқашан сенімді. Мұқият тыңдайды, құрметпен сөйлеседі, егжей-тегжейлі түсіндіреді, сөзсіз сенім тудырады, көмектесуге дайын және осылайша егде жастағы адамдар туралы айтпағанның өзінде тіпті қаржылық сауатты адамды да адастыруы мүмкін. Алаяқтар барлық қол жетімді әдістерді белсенді қолданады. Өз тәжірибелерінде олар психологиялық, эмоционалдық тәсілдерді, әлеуметтік инженерияны және IT технологияларды қолданады. Соның көмегімен олар азаматтардың конфиденциалды ақпараты мен дербес деректеріне қол жеткізе алады.
Алаяқтықтың тағы бір түрі жыл сайын жаздың басында орта арнайы оқу орындары түлектерінің қызу кезеңінде басталады. Олар Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден (ҰБТ) өтеді. Түлектердің бірі өз қабілеттеріне сенімді, ал кейбіреулері мемлекеттік грант бойынша түсу үшін балл жинай алатынына алаңдайды. Қалай болғанда да, бұл әр түлек үшін үлкен стресс және олар әртүрлі сайттарда сынақтан өтіп, өз күштерін белсенді түрде сынап көреді. Бұл, әрине алаяқтарды айналып өтпейді. Олар әлеуметтік желілер арқылы берілген сілтемені басу арқылы алуға немесе сатып алуға болатын дұрыс жауаптарға сілтемелер таратады. Күдікті жастар әр түрлі вирустық қосымшаларды өз еркімен жүктеп, фишингтік сайттарға ауысады, осылайша өз аккаунттарына кіруге мүмкіндік береді. Әрі қарай, алаяқтар түлектердің әлеуметтік желілердегі аккаунттарын бұзады және олардың атынан достарына сондай зиянды сілтемелер жібереді.
Бірде әлеуметтік желіні шолып отырып бір бейнежазбаны көзім шалды. Онда «Жасанды интеллект бізді «өлтіріп» барады. Бұл мен емес, жай ғана менің түрім, дауысым. Мен бұл әлемде жоқ болсам да осы интеллект менің орнымды басады» деген сарында видео тарады. Көпті ойландырғанымен, қызық еткендердің қатары да қалың. «Даму керек» дегенді желеу еткенімізбен жасанды интеллекттің қаупі байқалып жатыр. Мәселен, күні кеше әлеуметтік желілерде Қ.Тоқаевтың сөйлеген жарнамасы тарауда. Түрі, дауысы, бәрі-бәрі айнымаған өзі. Тұтынушыларды «Алаяқтарға алдансаңыз ақшаңызды қайтарып береміз» деген сарындағы сөзімен өзіне тартуда. Бір қарағанда президент сөйлеп тұр дерсіз. Анықтап қарағаны бұл жасанды интеллект екенін анық байқайды. Бізде әлі дамыған жоқ, сол үшін видео сапасы өте төмен. Ауыз жыбырлатқанда бұлдырлап, көзі жыпылық еткеннен бұл алаяқтардың қолдан жасаған ісі екенін аңғаруға болады. Кейін Қазақстандағы танымал әртістердің видеосы шыға бастады. Жарнама ретінде көзге түскен видеода дәл осылай жұртқа үгіт жасап, өзіне тартуда. Сөйлеген сөзі мен ауыз жыбырлатқанында өзгешелік бар, көз оңға-солға айналады. Әрине, анықтап қарамайтыны бұл жарнамаға сеніп қалады. Қайбір жылдары телефоннан хабарласып туысының дауысын салып, қайғылы жағдайға ұшырағанын айтып ақша сұрайтын алаяқтар көбейіп еді. Әлі де бар мұндайлар. Әсіресе жасы үлкен кісілер сенгіш келеді. Талайы алданып қалды. Әлі де алдануда.
Алаяқтар өздерін «заңға қызмет еткен адамдармыз» деп таныстырады да сіздің танысыңыз, досыңыз немесе туысыңыз қиындыққа тап болғанын хабарлайды. Мысалы, ол адамды қағып кетті, ауруханада жатыр немесе «пәленше» бап бойынша алаяқтық жасады деп айыпталуда. Қылмыс бәрібір қорқынышты болып көрінеді және оның салдары қайтымсыз. Мәселені шұғыл шешу қажет немесе істі ресми түрде ашады дейді. Мәселені тез шешуге тырысатын адамдар кез келген соманы төлеуге дайын болады. Негізінен, мұндай алдаудың құрбандары жақын адамына көмектесу үшін бәрін жасауға дайын қарт адамдар. Қосымша стрестік фактор әдетте қоңырау шалушының қолжетімсіздігі. Алаяқтар мұны да біле алады.
Екінші деңгейдегі банктердің дерегі бойынша, 2022 жылы қарыздар бойынша алаяқтық операциялардың саны 4,2 есе артып, 8,1 миллиард теңге сомасына 5,2 мың жалған кредитті құрады. Депозиттер бойынша алаяқтық аударым операциялары 23,5 пайызға ұлғайып, 5,3 миллард теңге сомасына 6,4 мың шот/салымдар бойынша орын алды. Ең көп таралған тәсілдер: біліміне, жұмыс саласына және мәртебесіне қарамастан кез келген адам қол жеткізе алатын фишинг және вишинг. Бірақ көбінесе қаржылық алаяқтардың айла-тәсілдеріне аға буын, зейнеткерлер алданып жатады. Жастардың да құрыққа ілініп қалатыны жасырын емес. Мың жерден жадынама таратып, мың жерден «алданбаңыз» деп шарқ ұрсақ та әйтеуір алданып қала береміз. Мүмкін сенгіштігіміз, бәлкім алаяқтың гипнозы бар. Бірақ барынша сауатты болуға талпынып көрейік. Өзімізді сабырға шақырайық. Шыдамды болайық. Ақылмен шешейік. Сол кезде құрық құрсауынан құтылып шығармыз.
Айнұр ӘЛИ