Арықтаудың әлегі
Айсәуле ұялы телефонына бұрында көп қарайтын. Қазір тіптен қолынан тастамайды. Қашан көрсең де қос жанарын сығырайтып, үңіліп отырғаны.
– Телефон тамақ бола ма? Таста, кешкі асыңды дайында, – деп дауыстады ас үйден анасы.
– Қазір, апа, бүгін қандай тамақ жеу керек екенін біліп алайын.
– О, тоба телефонға қарап тамақтанғанды қайдан шығардың? – деп анасы қызына таңырқай қарады.
– Апа, бұл марафон. Сізге кейін түсіндіріп беремін. Қазір дүкеннен кешкі асқа қажетті көкөністер алуым керек, – деген Айсәуле асығыс сыртқа беттеді.
Айсәуленің телефонға қарап тамақтанып жүргеніне үш күн болды. Алдыңғы күні «бүгін қырыққабат жеу керек» деп, кеше асылған тауық етін дайындап шала бүлінді. Ал бүгін қайтер екен? Анасы қызының бұл қылығына аң-таң. Айсәуле болса «арықтаймын» деп әлек.
Бәрі былай басталды. Апта бұрын Айсәуле жұмыстан қайтар жолда сыныптасы Жанарды жолықтырып қалды. Жанар тұрмыс құрған. Қазір екі баланың анасы. Бұрынғыдай емес, сәл толысқан. Біраз уақыттан бері көріспеген сыныптастар аялдама күркесі астындағы орындыққа жайғасып, өткен-кеткенді сөз етті.
– Айсәуле, айтпақшы менің жұмыстас құрбым марафон ұйымдастырғалы жатыр.
– Ол қандай марафон? Жүгіру ме?
– Жоға. Алғаш айтқанда мен де сен секілді ойлағанмын. Бұл арықтау марафоны. Ватсап арқылы тіркелесің, алдымен ұйымдастырушының жеке шотына ақша жібересің. Әрі қарай оп-оңай. Смс-хабарлама арқылы тамақтану тәртібін жібереді. Соны күнделікті бұлжытпай орындап отырасың. Болды, бір айдың ішінде өзің армандаған салмаққа қол жеткізесің. Сосын қалаған көйлегіңді ки де жүре бер.
Бұл әңгіме Айсәулені қызықтырмай қоймады. Соңғы уақытта артық салмақ мәселесі алаңдатып жүргені рас.
– Мені құрбыңмен таныстыршы. Менің арықтағым келеді, – деді.
– Әрине, мен сенің нөміріңді беремін. Ол саған өзі хабарласады, – деп Жанар қош айтысып жүріп кетті.
Қазір Айсәуле марафон қатысушыларының бірі. Алғашқы күні жүрегі сазып, көзінің алды қарауытты. Шыдамдылық танытып, кешкі ас мезгіліне әзер жетті. Ұйымдастырушы тапсырған дене жаттығуларын жасауға шамасы жетпей, ұйқыға кетті. Алайда бірінші күннен ережені бұзғаным ұят болар деп «жаттығу жасадым» деп есеп берді. Екінші күні тапсырмаға сәйкес тамақтанды. Жұмыста түскі асқа дейін әзер шыдап отырған бұл төменгі қабаттан қуырылған бәліштің иісі шыққанда өзін ұстай алмады. «Біреуін жегеннен ештеңе бола қоймас», – деп өз-өзін алдады. Бұл күні де кешкі астан кейін жалқаулығы жеңді. «Таңертең ерте тұрып, жаттығу жасаймын», – деп төсегіне жантайды. Бүгін үшінші күн. Таң тамаша басталды. Бірақ түскі астың кезінде жұмыстас апайдың қызының ұзатылу тойына барды. Дастарқан үсті неше түрлі дәмді тағамға толып тұр. Марафон туралы ұмыта тұруға тағы тура келді. Ережесін бірнеше рет бұзса да, ұйымдастырушыға жалған ақпарат беруден жалықпады.
Р.S:
Айсәуле жігері жеңбесе, өзін-өзі осылай бір ай бойы алдамақ. Ал, марафоншылардың ісі маған ауадан ақша жасап жүргендей көрінеді. Алдыңа қандай мақсат қойсаң да ең бірінші керегі мұқалмас ерік-жігер мен төзімділік екенін естен шығармаған жөн секілді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА