Спорт кешені ел игілігіне
Қазіргі таңда өз демеушілігімен алып ғимараттар тұрғызып, ел игілігіне беріп, көпшіліктің қуанышына себепкер болып жүрген жеке кәсіпкерлер Қазалы ауданында да жетерлік. Соның бірі - жерлесіміз Шыңғыс Қуантқан.
Кейінгі буынның келешегіне алаңдап, спортпен шұғылдануы үшін қолайлы жағдай жасауды көздеген кәсіпкер өз демеушілігімен спорт кешенін тұрғызуды қолға алды.
Екі мезгіл жұмыс жасап, 100 баланы қабылдай алатын бұл кешеннің құрылысы биыл ғана басталып, бүгін ел игілігіне берілді.
Жаңа нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кәсіпкерге алғысын білдіріп, ғимараттың ашылуымен қала халқын құттықтады. Сол секілді облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов те өз тілегін жеткізді.
Мұнан соң бір топ ақсақалдар кешеннің лентасын қиса, қонақтар мен қала халқы нысанның ішкі жұмысымен танысты. Аталған ғимаратта күрес, бокс және жаттығу залы бар. Одан бөлек, дәрігерлер мен жаттықтырушылар кабинеттері бар.
Айта кетейік, шарада Шыңғыс Қуантқанға аудан әкімінің және облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының “Алғыс хаты” табыс етілді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат