Қызылшаны «қызыл көрпе» емдемейді
Қазір қоғамды алаңдатып отырған індет – қызылша ауруы. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегіне көз салсақ, қызылшаның өңірлерде таралу жағдайы көңіл қуантпайды. Олар жариялаған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері елімізде қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелген. Оның 83 проценті 14 жасқа толмаған балалар екен. Ал 2,9 проценті жасөспірімдер болса, ересектер үлесі 14,1 процентті құрап отыр. Бүгінде қызылшаны жұқтыру жағдайы барлық облыста тіркеліп үлгерген.
Ал аудандағы ахуал әзірге тұрақты. Дегенмен ауруды жұқтырып, арнайы ем алып жатқандар баршылық. Мұны Қазалы аудандық емхана бөлімінің эпидемиологы Ақмарал Арзиева растады.
– Иә, бүгінде аталған аурумен ауданда 80 жағдай тіркеліп отыр. Оның 34-і оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері. Қазір науқастарға ем-шаралар жүргізіліп жатыр. Ал инфекция жұққан аумақтарда эпидемияға қарсы шаралар басталып кетті. Қызылшамен ауырған адамдарды дереу оқшаулап, инфекция ошағында күн сайын аурумен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеріп, термометрия жүргізудеміз. Сондай-ақ еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілсін» деген 2023 жылдың 1 қарашадағы №7 қаулысы негізінде алдын алу шараларын жүзеге асырудамыз, – дейді эпидемиолог дәрігер.
Иә, жалпы аурудың халық арасында демде белең алуы, дертке қарсы алдын алу шараларын жасап, сақтанбағаннан. Мамандардың сөзіне сенсек, жалпы қызылшамен сырқаттану көбінесе егілмеген балалардың арасында жиі тіркелетін көрінеді. Бүгінде халық арасында қызылша ауруына шалдыққандар 13 мыңнан асқан болса, оның 83%-ы балалар, негізінен 5 жасқа дейінгілер. Олардың 70%-ы екпе алмаған. Науқастардың арасында екпе алмаған ересектер де бар. Осы ретте дәрігерлер аурудың алдын алып, ауыздықтауда екпе алудың маңызы зор екендігін айтады.
– Қандай да аурудан қорғанудың амалы бар. Бірақ біз көп жағдайда соны қаперден шығарып алып жатамыз. Бірақ мұндай немқұрайлылық денсаулығымызға айтарлықтай зиян келтіруі ғажап емес. Сақтық шараларын уақытылы қолданған дұрыс дер едім. Қазақ даналығында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Сондықтан тұрғындар қызылшадан қорғанып, ауруға қарсы екпе алуға құлықсыз болмауы керек. Егер олай етпесе, қызылшадан болатын қабынулар мен асқынулардың соңы адамды ажал құштыруы да әбден мүмкін, – дейді Ақмарал Қарасайқызы.
Дәрігерлердің дабыл қағуы жөн бе дерсіз. Жасалып жатқан дүниелердің бәрі дерттің дәтін қайтаруға жасалып жатқан қам екені анық. Өкінішке қарай, тұрғындардың дені дәрігерлердің бұл дабылын жай дүрлігу деп түсінеді. Олай деуімізге, қалың қараның арасында түсіндірме жұмыстарына дұрыс көзқарас танытпай, өз білгендерінше әрекет қылып жатқандар себеп. Тіпті араларында қызылшаны «қызыл көрпемен емдеп аламыз» деп ауруды елең қылмайтындар да бар. Қош, солай болсын делік. Бірақ бұдан айыға алмаса ше?! Білуімше, бұл ауру анау айтқандай оңай емес. Жалпы «қай аурудың да жақсысы жоқ» демекші, қызылшаға қырын қарауға болмайды. Себебі жай ғана дене қызуының көтерілуімен басталатын ауру, кейін мұрын, көз, тамақты қабындырып, теріде бөртпе тудырады. Ал мұнымен ауырмаған және оған қарсы вакцина егілмеген адам кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, адамда ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, қажетті анализдерді тапсырып дәрігерге қаралған жөн. Егер ауруды елең қылмай, дәрігер айтқан ескертпелерді есте сақтамасақ, оны өршітіп алып, өміріміздің арты – өкінішке айналуы да мүмкін. Сондықтан әрбіріміз «ескермеген ауру жаман» деген сөзді қаперден шығармай, екпе алудан қашуды доғарып, ауруға қарсы қарекет жасайық дегім келеді.
Айта кетейік, инфекцияның таралуының артуы салдарынан Қазақстанда қосымша жаппай иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды. Ол қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Осы ретте аудан тұрғындарына аурудың алдын алуда бекітілген аумақтық емханаға барып, қызылшаға қарсы екпе алу керектігін айтқымыз келеді. Себебі, екпе – саулық кепілі.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ