Әскерден – университетке
Былтырдан бері Қорғаныс министрлігі әскери борышын өтеген азаматтарға білім беру жеңілдіктерін ұсыну арқылы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттырып келеді. Жоба өзін ақтай бастады. Бүгінде жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігін 604 отандасымыз пайдаланған.
Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 19, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне – 17, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне – 15, С.Торайғыров университетіне 10 азамат тегін оқуға түсті. Ақылы негіздегі ҰБТ-ны есепке алмағанда А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне – 73, С.Торайғыров университетіне – 45, Ш.Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтына – 51, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 35 адам оқуға қабылданды. Осыларды ескере келе, Қорғаныс министрлігі студенттердің бұл санатын жатақханамен және шәкіртақымен қамтамасыз ете отырып, гранттар беру үдерісін заңнамалық реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, әскери қызметшілерді тегін оқытуға іріктеу Қорғаныс министрлігінің порталында орналасқан «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта бұл ресурста 38 316 мерзімді қызмет сарбазы тіркелген. 2022 жылдың күзінде әскерге шақырылған 13 805 әскери қызметшінің бағалау көрсеткіштерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар үшін квоталарды бөлу биылғы жылдың қазан-қараша айларына жоспарланған. Сонымен бірге 2023 жылдың көктемінде әскерге шақырылған сарбаздарды да тіркеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 11 948 адам тіркелген.
Министрлік жобаны одан әрі танымал етуге ден қойып отыр. Сондықтан жастардың жеке жоспарлары мен армияның олардың жеке тұлға болып қалыптасуындағы рөлі туралы бейнероликтер дайындалған.
Жобаның игілігін көрген жастардың қатарында Astana IT University-нің 1-курс студенттері Айдар Науша, Әмір Қайыров және Әділет Құдашев та бар. Олар жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын иеленген. Айдар Науша Қарулы күштердің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінде қызмет етті. Қазіргі уақытта «медиа-технологиялар» бағыты бойынша білім алып жатыр. «Оқуға түскендердің тізімі жарияланған кезде түн ортасында отбасымды тегіс оятып, қуанышыммен бөлістім. Әскердегі уақыт босқа өткен жоқ. Дене дайындығы және рухани жағынан дамыдым деп айта аламын. Мен Қарулы күштер қатарына жауынгер болып қабылданып, үйге ефрейтор дәрежесінде оралдым. Енді университетте лейтенант атағын алуды жоспарлап отырмын», дейді ол.
Университет базасындағы әскери кафедра елдің жұмылдыру резервін толықтыру үшін запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлайды. Оқу кезінде үшеуі де әскери кафедрада оқып, запастағы офицер болуға ниетті.
Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінен басқа бұл жобаға Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметі де қатысады. Келешекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі де жүйеге қосылмақ.