Қазақстанның қауын-қарбызы Еуропада сұранысқа ие
Мемлекеттік кірістер комитеті бақша дақылдары - қарбыз бен қауын туралы қызықты деректерді бөлісті, деп хабарлайды inform.kz.
Биылғы 7 айда Қазақстанға салмағы 43,5 мың тонна қарбыз бен қауын 8 911,1 мың долларға импортталған. Оның ішінде Өзбекстаннан - 34,0 мың тонна 6 444,2 мың АҚШ долларға, Ираннан - 3,1 мың тонна 2 389,8 мың долларға, Тәжікстаннан 421,5 тонна 65,3 мың долларға сатып алынды.
«Салмағы 2,9 мың тонна, құны 959,6 мың доллар болатын бақша өнімдері экспортталды. Оның ішінде Моңғолияға - 940,8 тонна 59,6 мың долларға, Латвияға - 574,2 тонна 218,3 мың долларға, Украинаға - 716 тонна 467,6 мың долларға, Германияға - 252,3 тонна 125,5 мың долларға, Польшаға - 271,3 тонна 56,1 мың долларға, Эстонияға 115,2 тонна 16,4 мың долларға сатылды.
2022 жылдың 7 айымен салыстырғанда экспорт 1,8 мың тоннаға өскені байқалады», - деп жазды ведомстводан.
Жалпы, 2021-2022 жылдары Қазақстанға шет елдерден құны 23 257,53 мың доллар, салмағы 97,5 мың тонна қарбыз бен қауын әкелінді.
Соңғы екі жылда негізгі жеткізуші елдер қатарында: Өзбекстан - 66,1 мың тонна 10,7 мың долларға, Иран – 4,2 мың тонна 2,6 мың долларға, Тәжікстан – 1,3 мың тонна 204,4 мың АҚШ доллара бақша өнімдерін әкелген.
«Сондай-ақ, қарбыз бен қауын Бразилия, Коста-Рика, Түрікменстан, Қытай, Ауғанстан, Пәкістан, Таиланд, Испания, Нидерланды сияқты елдерден әкелінеді.
Айта кетерлігі, біздің қазақстандық қарбыздар мен қауындар ТМД елдерінің нарығында бұрыннан танымал болғанымен, Еуропаға да белсенді экспортталады. Мәселен, 2021-2022 жылдары Қазақстаннан барлығы 7,2 мың тонна 2,2 млн АҚШ долларына қарбыз мен қауын экспортталды», - делінген ақпаратта.
Экспорттың негізгі бөлігін қауындар құрайды. Екі жыл ішінде Латвияға - 2,6 мың тонна құны 883,2 мың доллар, Украинаға - 2,2 мың тонна құны 739,3 мың доллар, Германияға - 741,2 тонна құны 384,85 мың доллар, Польшаға - 114,6 тонна құны 38,6 мың долларға экспортталды, одан бөлек Әзербайжан, Молдова, Өзбекстан, Моңғолия, Эстония сияқты елдерге де қазақстандық қауын жеткізілді.